Қала мен Сала

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ ҚОЛДАЙТЫН ҚОР

Nazarbaev-ortalygy-1-(18)

Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорына жуырда  15 жыл толады. Қордың осы жылдар ішінде әлеуметтік, әдеби-мәдени және оқу-ағарту, ғылыми бағыттарда тындырған жұмыстары аз емес. Биылдың өзінде бұл ұйым ауыз толтырып айтар­лықтай істерді атқарып тастапты. Таяуда аталмыш қор басшылығы ел Президентімен кездесіп, биылғы қызметінің қоры­тындыларымен таныстырды. Соған қарап, сөзіміздің шындығына көз жеткізуге болады.

Осы жылы қор әртүрлі бағытта 25 мыңға жуық адамды қамтыған елуге тарта шара өткізді. Атқарылған істерге тоқталар болсақ, биыл жыл сайын өткізіліп тұратын «Әлеуметтік идеялар мен жобалар» жәрмеңкесінде ел аумағындағы 22 үкіметтік емес ұйым қордың қаржылық қолдауына ие болған. Соның ішінде қор мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және сауықтыруға, инклюзивті қоғамды дамытуға, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық, татулық және келісімді нығайтуға, отбасының әлеуметтік ортадағы мәртебесі мен рөлін арттыруға атсалысқан.
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында Қарағандыда және онымен серіктес Шахтинск, Теміртау, Абай, Жезқазған қалаларында және Павлодарда тұратын көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және жетімдерге немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға оқу құралдарын алып беруге септесті.
Қарағанды облысындағы Ғ.Мұстафин атындағы ауыл тұрғындары биыл қызыл судан едәуір зардап шеккені белгілі. Бұл ауылдың балалары да қордың көмегімен 1 қыркүйекке дайын болды. Аталмыш акция аясында қор жалпы алғанда мыңнан астам балаға жәрдем көрсетті. Бұдан тыс Балаларды қорғау күніне орай жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 300 балаға сыйлықтар берілді. Мүмкіндігі шектеулі 1300 бала «Аман Келешек» атты мәдени-спорттық фестивальге қатысты.
Биыл Қытай Халық Республикасы Нұрсұлтан Назарбаевты «Жібек жолы» сыйлығымен марапаттады. Осы сыйлыққа тиесілі қомақты қаражатты Елбасы «Милосердие» қайырымдылық қорына аударды. Аталмыш қордың директоры Аружан Сайынның айтуынша, бұл қаржы 29 баланың өмірін сақтап қалуға септігін тигізіп, ауыр науқасқа шалдыққан жеткіншектерге қажетті оталар жасауға мүмкіндік берді.
Таяуда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді. Онда ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық өмірге дайындау жайы қозғалып, бұған жәрдемдесетін әлеуметтік ұстаздар мен психологтарды даярлау жайы­на назар аударылды. Алматы және Астана қалаларында «Отбасын қолдау» орталығын ашу мен «Кәсіби патронатты отбасылар» сынды қанатқақты жобаны жүзеге асыру туралы айтылды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде өкпенің қатерлі ісігіне төрт мыңға жуық адам шалдығады. Негізінен, бұл дертке ер адамдар көп ұшырайды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры өткен көктемде жан-жақтан бұл саладағы дәрігер мамандарды шақырып, аталған мәселенің шешімін табуға тырысып, халықаралық конференция ұйымдастырды. Мұндай шаралардың қатарына Халықаралық Жер күніне арналған Ұлттық экологиялық ІІ жастар форумын да қосуға болады.
Елбасы қоры сондай-ақ, шығар­машылықпен және ғылыммен айналысатын жастарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Биыл бұл бағытта қор 9 грант бөлді және мәдениет пен ғылымның жас қайраткерлеріне 20 сыйлық тағайындады. Белсенді және дарынды 80 студентке дәстүрлі стипендияларын берді. Жас ғалымдардың басын қосып, «Астана ЭКСПО-2017» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді. Онда жастар өздерінің ғылыми жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды.
– Қор жыл бойы сыйақылар, стипендиялар мен гранттар тапсыру жөніндегі конкурстық бағдарламаларды ғана жүзеге асырып қоймай, «Алтын тобылғы» секілді жаңа әдеби байқауды да жариялады. Мұның қорытындысы желтоқсан айында белгілі болады, – дейді қордың атқарушы директоры Сағындық Нұраханов.
«Алтын Тобылғы» байқауы туралы кеңірек әңгімелесек, оған 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысып жатыр. «Ең үздік проза», «Ең үздік поэзия», «Ең үздік драматургия», «Ең үздік балалар әдебиеті» аталымдарының жеңімпаздарының әрқайсысына 1 миллион теңге табысталады. Сондай-ақ, «Мәңгілік ел» тақырыбындағы үздік туынды авторына 1,5 миллион теңге беріледі.
Биыл елімізде тұңғыш рет «Bala Turkvizyon» байқауы өтті. Онда қарағандылық өрен Тұрсынхан Еркін жеңімпаз атанып, жақында Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін аталмыш байқауға қатысуға жолдама алды. Бұл байқау да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Бұдан өзге аталмыш қор «Мейiрiм – 2015» балалар шығармашылығы байқауын, «Жеңіс Рухы» ән жарысын ұйымдастырып, жас таланттар өнерінің шыңдалуына жол ашты.
Ел аумағынан тыс Мәскеу қаласының метрополитенінде «Выставочная» метро станциясында, Тбилиси қаласындағы Грузияның Ұлттық мұражайы галереясында және Қытайдың «Дзинтай» Пекин өнер мұражайында «Белгісіз Қазақстан» атты фотокөрменің ашылуына сеп болып, еліміздің әлемге таныла түсуіне үлес қосты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жыл аяғына дейін тағы осындай әртүрлі бағыттағы 17 шараны өткізуді жоспарлап қойыпты. Бұл – игі істер жалғасады деген сөз.

     Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button