ЖаңалықтарҚала мен Сала

Жас қаламгерлер жүлдесі



Астанадағы Назарбаев орталығында Тәуелсіздік күніне орай жас қаламгерлерге арналған «Алтын тобылғы» атты республикалық әдеби байқау жүлдегерлері марапатталды.

Тамаша дәстүрге айналған айтулы шара ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен өтіп келеді. Конкурс­қа еліміздің 18 бен 35 жас аралығындағы дарындар қатысып, бұрын еш жерде жарияланбаған шығармаларын жолдайды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқа­рушы директоры Қанат Жұма­баев: «Біздің байқау жас талант­тарды көпшілікке танымал етіп үлгерді. Олардың арасынан алдағы таңда қазақ әдебиетін биікке кө­теретін көрнекті қаламгерлер шығады деген үміттемін. Биыл 2015 және 2016 жылғы үздік туындылар кітап болып жарық көрді. Барлық жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын» деп ізгі лебізін білдірсе, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, байқаудағы қазылар алқасын басқарған Нұрлан Оразалин де бәйгеден озып келген жүйріктерге ақ
жол тіледі.
Сонымен, «Үздік проза» аталымында жас жазушы Бейбіт Сарыбайдың жұлдызы жанды. «Үздік поэзия» номинациясында Мерей Қарт пен Ұларбек Нұрғалым топ жарды. «Балаларға арналған үздік әдеби туынды» бойынша Айсұлу Әлмаш пен Зәуре Төреханованың бағы өрледі. «Туған ел» тақырыбына арналған үздік әдеби шығармада дарынды жас ақын Мақпал Мыса бәйгенің алдынан келді. Өкінішке қарай, «Үздік драматургия» номинация­сында байқау шартына сәйкес
келетін жұмыс түспеген.
Жеңімпаздардың бәрі бағалы сыйлықтарға ие болды.

Азамат Есенжол




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button