БілімТаным

Жасанды интеллекттің жетістігі



Жасанды интеллект қол жетпес армандарды жақындатты. Бұлай деуіміздің басты себебі – медицина саласының бүгінгі жетістіктері. Тағдырдың жазуымен басына іс түсіп не аяғынан, не қолынан айырылған жандарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік бар. Жасанды интеллект, жасанды қол жасау тек шетел ғалымдарының қолынан келеді деп ойласаңыз, қателесесіз. Біз бүгін жас ғалым, MBionics компаниясының негізін қалаған Мәулен Бектұрғанов жайлы айтпақпыз.

[smartslider3 slider=114]

Қазақстанның «100 жаңа есімі» қатарына енген 27 жастағы Мәулен Бектұрғанов елімізде алғаш рет бионикалық протезді ойлап тапқан. Әлем бойынша мұндай бионикалық протезді әзірлейтін 10 ғана компания бар. Мәуленнің робот жасауға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде басталыпты. Математика мен жаратылыстану саласына жақын болған ол бағдарламалау олимпиадаларына қатысып, жазғы демалыста да сабақ оқыған. Республикалық физика-математика мектебін бітіргеннен кейін университетке түссе де, оны робот жасауға ешкім үйретпеді. Бірақ Мәулен арманын ақиқатқа айналдыру мақсатында ештеңеден таймады. Ең алғашқы протезді өз бетімен ізденіп жүріп, өз қолымен құрастырған. Бионикалық протез болғандықтан, адам терісін қажамауы үшін материалын 3D-принтерден шығарады. Ал керек арнайы жабдықтарын шетелдің әр қаласынан тапсырыс беріп алдырған.
Жас ғалым алғашында бионикалық протез жасай бастағанда, әлемде аналогы бар қолды не үшін жасап жатырсың дейтіндер болған. Қазақстандықтар осындай протездерді шетелден тым қымбат бағада сатып алуға мәжбүр. Көпшілігінің қалтасы көтере бермейді. Оны іздеп табуға да мүмкіндіктері аз. Сондықтан Мәулен Бектұрғанов қолжетімді бағада отандық өнімдер шығаруға бел буады. Оның алғашқы бионикалық протезін 12 жасында қатерлі ісікке байланысты қолынан айырылған Әкежан Арынғазы қолданды. Бастапқыда шетелден жасанды қолды тапсырыс беруге мүмкіндігі болмаған Әкежанның отбасы Мәулен Бектұрғановтың жобасы жайлы естіп, хабарласады. Осылайша ата-ананың бетін қайтарғысы келмеген ғалым жасанды қолды тәжірибеден өткізу үшін тегін жасап береді. Жасанды қол арнайы өлшеммен шығатын киім емес. Әрбір адамға жеке дайындалады. Себебі қолдың зақымдануы мен сезімталдығы әртүрлі. Бағасы да соған қарай белгіленеді.
Протез ойлау жүйесі арқылы, дәлірек айтсақ, мидан шыққан белгіге әсер ететін бұлшық ет арқылы басқарылады. 20 функциядан аса қимыл жасай алатын протезбен есік тұтқасын ашуға, тамақтануға, компьютер пернетақтасында теру, тағы басқа да заттарды басқаруға болады. Протез бицепс және трицепс бұлшық еттері қозғалған кезде белгі қабылдап, керек қимылыңды жасайды. Мәуленнің айтуынша, оның діттеген мақсаты көп те, инвестициясы жоқ. Болашақта ол жасанды қолды тек білекке дейін емес, иыққа дейін жасап, бионикалық аяқ протезін жүзеге асырғысы келеді екен. Оған қоса, көздің көру қабілетін қайта қалпына келтіру ойында бар. Бионикалық протезді жүзеге асыру үшін Мәуленнің жарты жылы кетіпті. «Біз соңғы жаңалықтардың бәрі тек АҚШ-та бар деп ойлаймыз. Бұл – қате пікір. Тіпті АҚШ-тың өзінде жасанды бионикалық қол шығарылмайды. Әлемде жасанды қол шығаратын елдер өте аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде бар болғаны он шақты компания жұмыс істейді. Сондықтан мені осы сала қатты қызықтырды. Алайда шетелге шығып оқуға, үйренуге мүмкіндік болмады. Ғаламтор, тәжірибе арқылы үйрендім. Екі жыл бойы жасаған жобамның нәтижесінде MBionics компаниясы құрылды. Қазір қазақстандық нарықта атымызды қалыптастырып келеміз. Сұраныс күн санап артуда» деп бұған дейін де бірнеше жерде ғалым айтқан еді.
MBionics стартапы – электрлі механикалық протездерді дайындау саласында Қазақстандағы алғашқы компания. Мәулен Бектұрғановтың стартап идеясы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Әлеуметтік маңызы бар жоба» номинациясының ғылым саласы бойынша көшбасшы атанған еді.
Бүгінде Қазақстанда қолы ампутацияланған 14 мыңнан астам азамат өмір сүреді. Олардың небәрі бір пайызы ғана заманауи бионикалық протезді қолданады. Ал қалғандарына бұл әзірге қолжетімсіз болып отыр. Ендеше жасанды интеллектің болашағынан күтер үмітіміз де үлкен. Ал бір кездері үзілген армандарды қайта жандандырған Мәулен сияқты жас ғалымдардың еңбегі – көпке үлгі.

Көктем ҚАРҚЫН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button