КөкейкестіСараптама

Жастар қалай үй алады?

Жастардың басты мәселесі – баспана. Жуырда «Алматы жастары» бағдарламасы сияқты елордада жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын білеміз. Ол «Елорда жастары» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, енді жеңілдетілген несиеге шаһардың жастары үй рәсімдей алады. Бұл бағдарламада қолданыстағы заңнама бойынша Нұр-Сұлтан қаласында кезекке тұра алмай жүрген жастарды қамту карастырылған. Ипотеканың бастапқы жарнасы – 10%, жылдық үстемақысы 5% құрайды. Ал пәтердің құны 13 млн теңгеге дейін болуы тиіс. Толығырақ «Отбасы банк» АҚ Бизнесті басқару басқармасының басшысы Марина ОРЫНБАЕВАДАН сұрап білдік.

[smartslider3 slider=116]

– «Елорда жастары» бағдарламасы осы айдың соңында іске қосылады. Қалалық әкімдік өкілдері осылай сендіріп отыр. Жаңадан қолға алынып жатқан жобаның негізгі шарттары қандай еді? Оған кімдер қатысып, баспаналы бола алады?
– «Елорда жастарымен» 100ден аса отбасы ғана баспаналы бола алады. Елордада жақын арада көптен күткен «Елорда жастары» бағдарламасы іске қосылады. Аталған бағдарлама «Отбасы банк» АҚ-пен бірлесіп әзірленді, 35 жасқа дейінгі жастарды қамтиды. Бағдарламада денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларында жұмыс істейтін, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, журналистер, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық кәсіпорындарының (КММ, МКҚК, ШЖҚ МКК, АҚ және ЖШС) қызметкерлері қатыса алады. Сонымен қатар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар санаты қана қосылған. Қазіргі таңда бағдарлама қол қою сатысында. Тұрақты тіркеуі кемі бір жыл болуға тиіс. Сосын үміткерлерде тұрақты жұмыс болғаны жөн. Жан басына шаққандағы табысы 133 мың 778 теңгеден аспауы тиіс. Отбасында ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істейтін болса, осы 133 мың 778 теңгені екіге көбейтеміз, содан шыққан таза табысты жан басына шаққанда 133 мың 778 теңгеден аспауы шарт.
Мәселен, ерлі-зайыптыларда екеуінің де ай сайынғы жалақысы 150 мың теңгеден болса, оны екіге көбейтіп табысты есептейміз. Сонда 300 мың теңге шығады. Бұл отбасының 4 баласы болса, сол 300 мың теңгені 6-ға бөлеміз. Одан шыққан 60 мың теңге 133 мың 778 теңгеден асып тұрған жоқ, демек, мұндай отбасы егер бағдарламаның басқа талаптарына да сай келіп тұрса, үйлі болу мүмкіндігі жоғары.
Қатысушыларды іріктеу жоғарыдан төменге қарай ұпайларды есептеу арқылы жүзеге асады:
– толық 1 жылдық жұмыс өтіліне – 5 балл,
толық емеске – 3 балл;
– отбасында бала туғаны үшін – әр балаға 20 балл;
– отбасында 1, 2, 3-топтағы мүгедектер мен мүгедек балалардың болуы үшін – 10 балл. Сонымен қатар атында соңғы 5 жылда үйі болмауы керек және мемлекет тарапынан жалдамалы пәтер алған азаматтар қатыса алмайды.
 – Елімізде статистикаға сүйенсек, 18 бен 29 жас аралығында жастардың саны 4,5 миллионға жуық. Ал енді аталмыш санатқа жатпайтындарға қайтпек керек?
– «Отбасы банкінде» 2003 жылы банк ашылғалы жинақ жүйесі жүргізіледі. Азаматтар өз атынан есепшот ашып, кемі үш жыл ішінде алғысы келетін үйі нің 50 пайызын жинап бітірсе, бағалау көрсеткішін белгілі бір мөлшерге жеткізсе (ең төменгісі 16), онда 5 пайыздан 3,5 пайыз аралығында үйді несиеге рәсімдей алады. Бұл – жалпыға қолжетімді бағдарлама. Жинақ жасау уақыты мөлшеріне келсек, әркім қалтасына қарай көсіледі. Ең төменгі мерзім үш жыл болып саналады. Үйді несиеге рәсімдеуге 18 жастан асқан азаматтың кемінде 6 айлық табысы болуы талап етіледі. Табыс көзін растаған 18 жастан асқан азамат үй алуы үшін ата-анасы жастайынан атына есепшот ашып, ақша салып отырса, уақытты азайта алады.
– «Жас отбасы» бағдарламасында жұбайлардың жас ерекшелігі ескерілмейді, отауласқандарына 5 жылдан аспаса, бағдарлама арқылы үй алуына мүмкіндік бар деп жатады. Несиелеу мерзімі қандай?
– 2020 жылдың шілдесінде банк жас отбасыларға арналған «Жас отбасы» атты өзінің тұрақты бағдарламасын іске қосты. Бастап қы және қайталама нарықтарда тұрғын үй, сондай-ақ өз үйін салу үшін жер учаскесін сатып алу үшін қарыздар жылдық 6 пайызбен беріледі. Ал 2 жыл өтісімен мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді. Несиелеу мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін.
Бұл бағдарламада ерлі-зайыптылардың жасына және отбасындағы балалардың санына ешқандай шектеулер жоқ. «Жас отбасы» бойынша қарыз алудың негізгі критерийлері: некеде 3 жылдан 5 жылға дейін тіркелу, «Отбасы банкте» депозиттің болуы (ашылуы), тұрғын үй құнының 50 пайызын жинақтау. Сондай-ақ сатып алынатын тұрғын үй сомасының 50 пайызын бір мезгілде салған кезде жеңілдікті қарыз алу мүмкіндігі бар…
– Жаңа сұхбат барысында баспанаға қаржы жинау мәдениеті деп қалдыңыз, «Отбасы банкінде» есепшот ашып, оған жылдап қаржы салу арқылы үйлі болу түсінігі халық арасында қалыптасқан ба?
– Халық арасында ай сайынғы табысының бір бөлігін жинаққа аударып отыру мәдениеті қалыптаспаған. Көбісінде 50-100 мыңнан қашанғы жинай беремін, қашан жинап бітемін деп жинақ жасағысы келмейді. Бірақ несиені кешіктірмей төлегендей ай сайын тұрақты түрде қаржы салып отырса, мемлекеттің беретін сыйақысын және банктен қосылатын сыйақыны ала алады. Тіпті ай сайын «Отбасы банкіндегі» жинағына үзбей ақша салып отырса, ешқандай бағдарламаға қатыспай-ақ, мемлекеттің көмегін күтпестен өз күшімен баспаналы бола алады.
– Әскери қызметтегілер үшін баспаналы болудың қандай жолдары бар? «Әскери баспана» бағдарламасына келесі жылы қатысуға мүмкіндігім бар ма?
– «Әскери баспана» бағдарламасына өтінім қабылдау 4 қыркүйекте аяқталды. Бастапқы жарнасы – 15 пайыз, 8 пайызбен несиеге рәсімдейді. Екінші түрі, баспана құнының 50 пайызын жинаса (бұл бастапқы жарна ретінде есептеледі), қалған 50 пайызын 6 пайызбен жылдық несиеге рәсімдеуіне болады. Бұл бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде әскери қызметкер болуы керек. Және «Отбасы банкінде» ашылған есепшотына арнайы тұрғын үй төлемдерін алуы қажет. Сол тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, табыс көзін растамай-ақ рәсімдей алады. Немесе көздеген үйінің бағасы отбасылық кіріс адам басына шаққанда көптеу болса, онда өзінің табысын бірге есептеп, қалаған үйін ала алады. Келер жылы қанша әскери қызметшіні несиелендіре алатынымыз – алдағы уақыттың еншісінде.
Ал енді 50/50 бағдарламасымен 6 пайызбен несиеге рәсімдеймін десе, шектеу жоқ. Қазір банк бөлімшесіне келіп, өтінім бере алады.
– Зейнетақыдан артылған соманы баспана алу үшін депозитке аударуға болады деп естідім. Ол үшін не істеу керек?
– Жыл басында зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін үй алуға жұмсауға рұқсат берілген еді. Қаржысы шекті мөлшерден асып тұрғандар ипотека рәсімдеп, байырғы баспана қарызын жабуға кіріскен. Алымы төмен салымшыларда үйді толықтай сатып алу немесе алғашқы төлем жасау мүмкіндігі болмаса, біржолғы зейнетақы төлемі жарты млн теңге ғана болатын азаматтар тұрғын үй мәселесін шешуде шарасыз күйде қалып отыр. Енді дәл осы топ өз ақшаларын «Отбасы банк» депозитіне аудара алады.
Жастарымыз жас мөлшеріне сәйкес зейнетақы қорындағы шектеу нормасынан асқан қаражатын «Отбасы банкінде» ашқан жинақ шотына ай сайын аудара отырып, үйдің бастапқы жарнасын тезірек жинай алады. 18 бен 29 жас аралығындағы жастарымыз мүмкіндікті ұтымды пайдаланса, аз уақытта баспаналы бола алады.
– Пайыз, мемлекеттік сыйақы, бағалау көрсеткіші дегенді түсіне алмай-ақ қойдым. Жалпақ тілмен мысал келтіре отырып, түсіндіріп өтіңізші.
– Бағалау көрсеткіші дегеніміз – жинақ шотын ашқаннан кейін кемінде үш жылдың ішінде болашақ баспанасына деген қаражатты ай сайын, тұрақты түрде салып, көздеген үйіне қажетті қаржының 50 пайызын жинаса, онда банк тарапынан жылдық 2 пайыз сыйақы беріліп отырады. Сол жылдық сыйақы көбейген сайын бағалау көрсеткіші «піседі». Бағалау көрсеткіші жоғары болса, табыс көзін растамай-ақ баспананы 5 пайызбен несиеге рәсімдей алады. «Отбасы банкінде» баспананы алу ғана емес, бұрыннан бар үйіңізді жөндеу, жер телімін сатып алып, сонда үй салу мақсатында да жинақ жасап, несие рәсімдей аласыз.
Салымшылар жинақ жасағаны үшін мемлекеттен бірегей сыйақы алады. Ол жылына бір адамға бір рет беріледі, оны алу үшін бір жылдың ішінде кемінде 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 583 мың теңге жинауы керек. Сонда ғана мемлекет тарапынан 20 пайыз сыйақы беріледі, яғни 116 мың теңге. Биыл жыл соңына дейін мемлекеттен осы сыйақыны алу үшін жинақ шотына 583 мың теңгені салып үлгеруі керек.
Мысалы, жинақ шотына ай сайын 20 мың теңгеден салып отырса, бағалау көрсеткіші де жақсы болады. Себебі әуелі, ақша салымы үзілмейді. Егер ай сайын 50 мың теңгеден салып отырса, шамамен 10 айда 500 мың болады. Оның 2 пайызы – 10 мың теңге. Тағы Үкімет тарапынан 100 мың теңге мемлекеттік сыйақы беріледі. Сонда бір жылда 110 мың теңге көлемінде пайда көреді.
 
Оқырман сауалдары
–Табыс көзін тексере ме?
– Қазіргі таңда 7 миллион теңгем бар. Басымда бір емес, бірнеше несием де бар. Құрылысшы болып жұмыс істеймін. Қандай жолмен үй алсам болады? Маған арналған мемлекеттік бағдарлама бар ма?
– Қазіргі кезде барлық банкте ипотеканы рәсімдеу үшін табыс көзін растау қажет. Соңғы 6 ай көлеміндегі табыс мөлшерін қараймыз. Отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері несиелерін өтеуге жеткіліксіз болса және алдағы уақытта үйдің несиесін өтеуге жетпесе, 2 адамға дейін қосымша қарыз алушы қажет болады. Ол қосымша қарыз алушылар несие алған кісінің қарызын ай сайын үздіксіз төлеп тұруына кепіл болады.
«7-20-25» бағдарламасы қашан аяқталады?
– «7-20-25» бағдарламасына бюджеттен бөлінген 1 трлн теңгенің 36,2%-ы игерілген. Бағдарлама несиеге бөлінген қаржы толық игерілгенше жалғаса ма?
Бағдарлама іске қосылғаннан бері 367 млрд теңгенің несиесі берілді. Соның арқасында 30 мыңнан астам отбасы жеке баспанаға ие болды. Осылайша, бүгінгі таңда бағдарламаның нысаналы көрсеткішінің 36,2%-ы игерілді. Банктің бапасөз қызметінің мәліметі бойынша, 2018 жылдан бастап 2021 жылдың шілдесіне дейін жеке құрылыс салушылар 290 873 тұрғын үй салған. Соның тек 10,3%-ы «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатып алынған.

Оқырман сауалы

  • Зейнетақы жинағына алынған үйді сатуға бола ма?

  • Зейнетақы жинағына тұрғын үй сатып алған азаматтар аталған мүлікті 5 жылға дейін сата алмайды деген талап бар.Бұл талап зейнетақы жинағындағы соманы қолма-қол ақшаға айналдыру, алып-сатумен айналысудың және баспана бағасының негізсіз өсуінің алдын алу үшін енгізілді. Яғни, биыл 23 қаңтардан кейін өтеу мерзімі 5 жылдан асатын ипотекалық займ рәсімделіп, алғашқы жарна ретінде біржолғы зейнетақы төлемі пайдаланылса, онда ол тұрғын үйді сатуға рұқсат жоқ. Алайда ипотекалық займды өтеу мерзімі тура 5 жыл немесе одан аз болса, онда иесі үйді сата алады. Сондай-ақ тұрғын үйдің алғашқы жарнасы өтініш берушінің жеке қаражатымен өтеліп, қалғаны ипотека арқылы ішінара зейнетақы жинағы қолданылса, ол жағдайда баспана иесінің сату құқығы бар. Сатудан бөлек, үйді өз жақындарына сыйға да бере алады.

  • «Баспана хит» неге жалғаспайды?

  • Баспана хит» бағдарламасы Тұрғын үй нарығында ұзақ мерзімді кредиттеуді жандандыру және тұрғын үй ипотекасының халыққа қолжетімділігін арттыру үшін іске қосылған болатын. Әуелде қаржыландыру көлемі 300 млрд теңге болады деп көзделген. Кейін кредиттік өнімге деген сұранысы жоғары екенін ескере отырып, 600 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы ақша толық игерілген соң бағдарлама өз қолданысын аяқтайды. Бүгінгі таңда бағдарлама шеңберінде банктер 590 млрд теңге сомаға қарыз берді, олардың көмегімен елдің 63 мыңнан астам азаматының тұрғын үй жағдайын жақсартты. Ұлттық банктің ұстанымы бойынша, «Баспана хит» бағдарламасы жұмыс істеген 2,5 жыл ішінде коммерциялық банктер соған ұқсас өнімдер шығарған. Яғни, Ұлттық банк бұл сипаттағы ипотеканы енді екінші деңгейлі банктер бере алады деп топшылап отыр.

  • Жалға пәтер беріле ме?

  • Елордада жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру жобасы биыл да жалғасады. Жұмысшы жастарға пәтерлер Нұр-Сұлтан қаласындағы Р.Қошқарбаев даңғылы, Қордай және № 23-31 көшелері қиылысындағы, сол сияқты Абылай хан даңғылы мен Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысындағы тұрғын үйлерден берілді. Бұл жылғы жастарға берілген баспана көлемі – 32-48 шаршы метр аралығында. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан жобаның мақсаты – алдағы 5 жыл ішінде жастардың қаражат жинап, жеке пәтер сатып алуына жағдай жасау. Жобаға қатысушыларға қойылар негізгі бес қағидат бар: 29 жастан аспаған, жұмыс істейтін, меншігінде тұрғын үйі жоқ, жинақ жасау үшін депозиттік шотының болуы, сондай-ақ соңғы 6 айда кемінде 40 АЕК табысының болуы.

  • Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ
Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button