Басты ақпаратМәселе

Жасөспірімдерді суицидтен қалай қорғаймыз?



Елімізде жасөспірімдер арасында суицид жағдайы жиілеп кетті. Мәселен, Астананың өзінде соңғы 5 жылда кәмелетке толмаған балалардың өз-өзіне қол жұмсаудың 429 әрекеті тіркелді. Соның ішінде бас қалада осы жылдың 9 айында 83 жасөспірім суицид жасауға әрекеттенген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 12 жағдайға көп, яғни былтыр осындай 71 оқиға тіркелген. Өкінішке қарай, биыл өз-өзіне қол жұмсаған 8 жасөспірім қайтыс болды. Осы жағдай Астана қаласы мәслихатының депутаттарын да алаңдатып, мәслихатта «Жасөспірімдер суи­цидін алдын алу» тақырыбында көпшілік тыңдау өтті.

Жоғарыда келтірілген сандар – ресми статистика. Бұл статистикамен отырыста баяндама жасаған қаладағы мемлекеттік органдардың басшылары таныстырып, жасөспірімдер суицидін алдын алу бағытындағы жұмысы туралы айтты. Алғашқы сөзді алған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев­тың айтуынша, суицидтің бас­ты себептері – отбасындағы жанжал, жасөспірімдердің достарымен, сыныптастарымен, ортасымен жанжал, психикалық ауытқу, депрессия.

– Осыған байланысты Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету туралы ведомстволық жоспар әзірленді. Өткен қазан айынан бастап қаланың 5 ауданында ата-аналар мен оқушыларға тегін консультациялық көмек көрсету кабинеттері ашылды. Бұл кабинеттерде диагностикалық түзетуді дамыту, консультациялық, психопрофилактикалық қызметтер көрсетіледі. Өткен айда, бір айдың ішінде суицидтік мінез көрсеткен 28 бала мен 35 ата-анаға кеңес берілді. Психологтар тиісті жұмыс жүргізіп, балаларды бақылауына алды. Осылардың ішінде 5-еуі – ерекше білімді қажет ететін балалар, – дейді Қасымхан Сенғазыев.

Оның мәлімдеуінше, мектептер мен колледждерде прокуратурамен бірлесіп, QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Бұл тақтайшалар оқушылар мен ата-аналарға өздерін мазалайтын сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.

– Жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ошағында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмысын бастады. Өткен екі айда ата-аналармен 162 іс-шара өткізілді. Педагогтар әдістемелік жұмыстарды жүргізді. Оның 85 пайызы әлеуметтік желілерде жарияланды, – дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, аталмыш басқарма жанында жедел әрекет ету тобы жұмыс істейді. Бұл топ құрамына қалалық психология­лық денсаулық орталығының дәрігерлері, ­суицидолог пен психолог, білім беру және ювеналдық полиция мамандары кірді. Осы топ биылғы 9 айда 31 отырыс өткізді. Биылғы қыркүйек айынан бастап өзіне-өзі қол жұмсау және буллинг мәселелерін алдын алу бойынша Финляндияның Турку университетімен келіссөз басталды. Алдағы уақытта басқарма мамандарын осы елге іссапарға жіберіп, аталмыш жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатылмақ.

Бас қалада осы жылдың 9 ­айында 83 жасөспірім суицид жасауға әрекеттенген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 12 жағдайға көп

– Турку университеті – жастар арасында психологиялық, ­суицидтік жағдайлардың алдын алу бойынша әлемдегі озық оқу орнының бірі. Финляндияның «Kiva» деген бағдарламасы да бар. Мұны енгізу бойынша қазір Назарбаев зияткерлік мектептерімен ынтымақтастық жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, былтырғы оқу жылынан бастап жаһандық құзыреттілік курстары енгізілді. Бұл – 5-сыныптарға арналған парасат және этика, азаматтық және патриотизм, тіршілік қауіпсіздігі туралы бес бөлімнен тұратын курс. 9-сыныптарда зайырлылық және дінтану курстары оқытылады, – дейді Қасымхан Сенғазыев.

Басқарма басшысы 2022 жылдан бастап қалалық Ішкі істер департаментімен бірге қауіпсіздік сағаты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы жоба 10 мыңнан астам ата-ананы қамтып, 27 мектеп пен 6 колледжде іс-шаралар өткізілді.

– Білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы сәуір айынан бастап 506 қызметкер «Кәмелетке толмағандар арасында ­суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында біліктілік курсынан өтті. Ағымдағы оқу жылында мектептерде «Құндылықтарға негізделген білім» жобасын енгізіп жатырмыз. Осыған байланысты елорданың 15 мектебі мен 1 колледжінің оқу-тәрбие процесіне тиімді енгізу үшін педагогтарға курс­тар ұйымдас­тырылды. Алдағы уақытта да осы жобаны қаланың тағы 12 мектебіне енгізу жоспарланған, – дейді Қасымхан Сенғазыев.

Оның айтуынша, балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау мақсатында бірқатар профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Барлық білім беру мекемесінде интернетке қолжетімділікті шектеу жүйесі толығымен орнатылды. Басқарма басшысы «Құндылықтарға негізделген білім» жобасына және Назарбаев зияткерлік мектебімен бірге жүзеге асып жатқан «Берік отбасы» жобасына қаланың келесі жылғы бюджетінен 380 млн теңге сұрайтынын жеткізді.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың мәліметінше, суицидке көбінесе қыздар барады. Олардың саны жасөспірімдер арасында 81,3 пайызды құрайды. Ал жасқа шаққанда 15-17 жасар балалардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеті – 69,4 пайыз. Соның ішінде мектеп оқушылары – 58,7 пайыз, студенттер – 40 пайыз, еш жерде оқымайтындар – 0,3 пайыз.

– Жасөспірімдердің көбі дәрі ішіп (57,8 пайыз) суицидке барады. Өзін-өзі өткір заттармен жарақаттау – 18,1 пайыз, биіктен құлау – 15,7 пайыз, дарға асылу – 3,6 пайыз, – дейді Әлия Рүстемова.

Суицидке көбінесе қыздар барады. Олардың саны жасөспірімдер арасында 81,3 пайызды құрайды. Ал жасқа шаққанда 15-17 жасар балалардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеті – 69,4 пайыз. Соның ішінде мектеп оқушы­лары – 58,7 пайыз, студенттер – 40 пайыз, еш жерде оқымайтындар – 0,3 пайыз

Қаланың бас дәрігері №3 қалалық емханада балаларға жедел психологиялық көмек көрсетуге арналған кабинеттер бар екенін атап өтті. Онда балалар суицидологы жұмыс істейді. Ал №4 қалалық емханада ересектерге қызмет көрсететін психотерапевт дәрігер-суицидолог отырады. Қалалық психикалық денсаулық орталығында «сенім телефоны» 24/7 режимінде қызмет көрсетеді. Бұл телефонға осы жылдың 9 айында 442 қоңырау түскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 3 есе көп.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровтың пікірінше, жасөспірімдер өз-өзіне қол жұсауға нашақорлық пен лудоманиядан да барады. Аталмыш басқарма бұл «заман дерттерін» алдын алу үшін тиісті жоспарларды әзірледі. Соның ішінде «Есірткіге жол жоқ» жобасы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған «Болашаққа жол», «Отбасы – бақыт мекені», «Кибер-­волонтер» жобалары жүзеге асырылып жатыр.

– Қазір – ақпарат заманы. Жастардың көңілін аулау үшін блогерлер мен танымал тұлғаларды тартып, жұмысты жалғастырып отырмыз, – дейді Қайрат Қамбаров.

Қалалық мәслихат депутаты Салтанат Женалаеваның пікірінше, қалада мектеп психологтары жетіспейді. Оның айтуынша, стандарт бойынша 1 осындай маманға 300 бала келуі керек. Ал қазір қалада үш ауысымдық мектептер де бар. Осы орайда депутат психологтар көбейе ме, олардың балалармен, ата-аналармен жұмысқа арналған әдістемесі бар ма деп сұрады. Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектеп психологтарының тапшылығын мойындай келе, әр мектепте 2-3 психологтан жұмыс істейтінін, жүктеме өте жоғары екенін айтты.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өз тарапынан бұл күрделі мәселеге жүйелі түрде қарау керектігін атап өтті.

– Бұл мәселенің артында баланың тағдыры мен өмірі, отбасының жағдайы жатыр. Осы жерде бірнеше мемлекеттік орган басшылары баян­дама жасады. Негізі, осы мәселемен айналысатын бір ғана мекемені белгілеу керек. Олай жасамаған жағдайда, еш нәтиже шықпайды. Әйтпесе мәселе туындағанда әр мекеменің бір-біріне сілтеу жағдайы жиі кездеседі. Талай «дөңгелек үстел» мәжілістерін, отырыстарды, семинарларды, тренингтерді, басқа да іс-шара­ларды өткізіп жатамыз. Жыл ішінде осындай 300 іс-шара өтеді екен. Бірақ нәтиже бар ма? Статистика өскен сайын өсе түсуде. Бұл мәселені сараптау жоқ. Біз осы уақытқа дейін мәселенің өзімен емес, оның салдарымен күресуді жалғастырып жатырмыз. Қалаға дағдарыс орталығы немесе басқа құрылым болсын, тек осы өзекті мәселемен айналысатын бірыңғай орган қажет, – деген Ерлан Каналимов соңғы бес жылда суицид жағдайы 5 есе төмендеген Жапония үлгісін зерттеу керектігіне назар аударды.

Оның пікірінше, көптеген ата-ана балаларына тиісті көңіл бөлмей, олардың отбасынан тыс өміріне қызығушылық танытпайды, ата-аналар жиналысына қатыспайды. Ал сынып жетекшілерінің біразы оқушылардың ата-аналарымен тек мессенджерлердегі чаттар арқылы байланысады.

Елорда мәслихаты алдағы уақытта бұл мәселемен түбегейлі айналыспақ. Мәслихат төрағасының мәлімдеуінше, келесі аптада уәкілетті органдардың өкілдері депутаттармен бірлесіп, өз-өзіне қол жұмсау себептерін алдын алу әдістерін анықтауға және астана мектептеріндегі ­проблемаларды егжей-тегжей­лі талдауға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеуді бастайды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button