Жаңалықтар

Жастар алаңындағы пікірсайыс



«Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі – қолбасшылық, екіншісі – шешендік» депті ойшыл Цицерон. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды болу, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет екені анық. Бүгінгі күннің талабына сай әр адамның жеке пікірін қорғай білуі, ойын дұрыс дәлелдей алуы аса маңызды. Осы орайда жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында «Астана жастары» мекемесінің ұйымдастыруымен «Nur Sultan Debate Cup» жобасы өткізіліп келеді.

Пікірсайыс алаңында елордалық жоғары оқу орындарының жастары қазіргі қоғамның өзекті тақырыптарын талқылайды. Жоба алғаш рет 2018 жылдан бастап қала жастарын тәрбиелеу, олардың әлеуметтік, зияткерлік, психологиялық және жеке дамуына жағдай жасау мақсатында өткізілген. Өткен жылы қазан айында Конституцияның 25 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасындағы турнирге 16 жоғары оқу орны және 35 орта арнаулы оқу орындарынан 50-ге жуық фракциялар қатысты. Пікірсайыс ойындары барысында Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына, әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына, Тұңғыш Президент күніне, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай тақырыптар қозғалған.

Дәстүрге айналған «NUR-SULTAN DEBAT CUP» пікірсайыс турнирінің биылғы жылғы ерекшелігі барлық ойындар ZOOM платформасында онлайн форматта өтті. 2021 жылы дебат ойындары мамырдан қарашаға дейін, ай сайын жеке турнир ретінде өткізіледі. Турнир 6 кезеңнен тұрады. Әр кезеңге кемінде 50 қатысушы қатысады. Жоба аясында елорданың 600-ден астам жастарын қамту қарастырылған. Финалистерді кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапаттау 2021 жылдың қараша айына жоспарланып отыр.
Биылғы жобаның ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат ­Қамбаров, «Астана жастары» мекемесінің басшысы Шыңғыс Тлеулин және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Бетті дайындаған Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button