Білім

Мектеп жәрмеңкесіне бардыңыз ба?

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Нұр-Сұлтан қаласындағы сауда орталықтарында балаларын мектепке дайындап жүрген ата-аналардың қарасы қалың. Ата- аналардың мектеп формасы мен оқу құралдарын нарықтан төмен бағамен сатып алуына жағдай жасау мақсатында өткен айдың соңынан бері қалада мектеп жәрмеңкесі ұйымдас­тырылуда.

Солардың бірі – елордадағы «Аймақтау» сауда орталығының маңында орналасқан мектеп жәрмеңкесі. Қатар-қатар қойылған павильондарда мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға болады. Сатушылардың айтуынша, баға былтырғыға қарағанда қымбаттағанымен, кеңсе тауарларын ассортиментпен алғанда әлдеқайда арзанға түседі екен. Мәселен, бір дәптердің құны 20 теңге болса, ассортиментпен, яғни өзге де кеңсе тауарларымен қоса алғанда, оның бағасы 15 теңге болады. Сондай-ақ жәрмеңкеде түрлі-түсті қарындаштың бағасы 200 теңгеден, қалам 30 теңгеден, кәдімгі қара қарындаш 40 теңгеден бастап сатылуда. Сапасына байланысты әрі қарай қымбаттай береді.

Қазір баға электронды күнделікке қойылып, қағаз күнделік көп мектептерде қолданылмайтынына қарамастан, күнделікке де сұраныс төмендемепті. Оның бағасы – 400 теңге. Бастауыш сыныптың оқушысына арналған сөмкенің бағасы 5 мың теңгеден басталады. Сапасы жақсылау дегенінің бағасы 30 мың теңгеге дейін барады.

– Мектеп формасы мен сөмкені қоспағанда, ата-аналар кеңсе тауар­лары үшін 15 мың теңге қаражат жұмсайды. Жоғары сыныптарға қарағанда, бастауыш сынып оқушыларын мектепке дайындауға қаражат көбірек кетеді. Өйткені бастауышта ермексаз, бояу секілді көп заттар қажет, – деді өзін Фаризамын деп таныстырған сатушы.

– Пандемиядан бизнес көп зардап шекті. Сәйкесінше, азық-түлік, киім-кешек бәрі қымбаттады. Кеңсе тауарлары да солай. Көтерме саудагерлерден өзіміз қымбатқа алып жатсақ, біз неге бұрынғы бағаны ұстап тұруымыз керек? Одан бізге қандай пайда? Жәрмеңкедегі орнымызды да қымбатқа жалға алдық. Соның өзінде карантинсіз жұмыс істейтін мүмкіндікті қолдан жіберіп алмайық деп жәрмеңкеге шығып отырмыз, – дейді Данабек есімді саудагер жігіт.

Сатушылардың айтуынша, баға былтырғыға қарағанда сәл қымбаттағанымен, кеңсе тауарларын ассортиментпен алғанда әлдеқайда арзанға түседі екен. Мәселен, бір дәптердің құны 20 теңге болса, ассортиментпен, яғни өзге де кеңсе тауарларымен қоса алғанда, оның бағасы 15 теңге болады. Сондай-ақ жәрмеңкеде түрлі-түсті қарындаштың бағасы 200 теңгеден, қалам 30 теңгеден, кәдімгі қара қарындаш 40 теңгеден бастап сатылуда. Сапасына байланысты әрі қарай қымбаттай береді.

Бағаның біршама өскенін халықтың өзі де байқап, бағамдап отыр. Жәрмеңкеде сауда жасап жүрген бірнеше ата-ананы да әңгімеге тартқанымызда, олар да мектеп жабдықтарының біршама қымбаттағанын айтып қалды.

– Былтыр қызым бірінші сыныпқа барғанда 50 мың теңгеге киіндіріп, керек-жарағын алған болатынмын. Қарап отырсам, биыл қалтамыз біраз қағылады. Министр мектеп формасынсыз баруға рұқсат етсе де, мұғалімдер мектепке классикалық стильде киініп келу керектігін айтуда. Не істейміз, киіндіреміз енді, – деді қала тұрғыны Дана Баикешова.

– Киім таңдағанда сапалысын алғанды жөн көремін. Себебі ол қайткенмен де киіс береді. Бүгін мектепте оқитын үш ұлымды алып, жәрмеңкеге келдім. Өзім былтыр карантин уақытында жұмыстан шығып қалған болатынмын. Қазір жолдасымның еңбекақысына күн көріп отырмыз, – деді Гүлнәр есімді жас ана.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жәрмеңкеден кеңсе тауарларынан бастап мектеп формасына дейін таба аласыз. Мысалы, қыздарға арналған жейделер 3800 теңге, шалбар 3500 теңге тұрады. Ұлдардікі де шамамен осындай баға. Мектеп жәрмеңкесі осы айдың соңына дейін жалғасады деп күтілуде. Ата-аналардың да, сатушылардың да айтуына қарағанда мектеп тауарлары бұрынғыдан қымбаттағанмен, мектеп жәрмеңкесі балалардың керек-жарағын бір жерден сатып алуға таптырмас мүмкіндік.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button