Басты ақпаратТалайғы тарих

2013 жыл

Жыл сайын гүлденіп, күн сайын түрленген тәуелсіз Қазақстанның 2013 жылы да жан сүйінтер жаңалықтар мен дүйім жұрт назар аударған дүбірлі додаларға толы болды. Абылайға ас беріліп, Төле биге той жасалуы халықтың рухын көтеріп, сенімін серпілтіп тастады. «Өткенді айтпай, келергі еске түспейді» дегендей, 2013 жылдың басты жаңалықтарына ат шалдырып көрейік.

ТУРИСТІК ҚАЛАЛАР ТІЗІМІНДЕ

Астана World Tourism Cities Federation-ға (WTCF) кірді. Бұл – Лос-Анджелес, Рим, Берлин, Макао, Бейжің, Лондон, Вена және тағы басқа 50-ден аса ірі мегаполистер мен туристік орталықтарды біріктіретін төртінші халық­аралық турис­тік ұйым. Мұнда бұрынғы кеңестік елдер қалаларынан тек Мәскеу мен Минск болса, үшінші болып Астана да қосылды.
Бүкіләлемдік туристік қалалар федерациясына енген әлемде ең көрікті 56 қала бар.

Ұйымдастыру комитетінің айтуынша, Қазақстан астанасы федерация ұсынған барлық негізгі талаптарға сәйкес келеді: тартымды туристік ­әлеует, дамыған инфрақұрылым, бірегей сәулет нысандарының болуы, ыңғайлы географиялық орналасуы, қызықты тарих, сервистің жоғары деңгейі және заманауи технология­ларды белсенді пайдалану.

 

Әлемдік дода

Астанада 2-13 наурыз күндері әйелдер арасында шахматтан IV командалық әлем чемпионаты өтті.

Біріншіліктің алтын тұғырына әлемнің түкпір-түкпірінен келген 10 команда талас­ты. Астана алғаш рет Қытай, Ресей, Украина, АҚШ, Үндістан, Франция, Түркия, Грузия және Румынияның ең мықты шахматшыларын қабылдады.

Турнирдің нәтижесінде Украина 16 ұпаймен жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды 15 ұпаймен Қытай иеленсе, 13 ұпаймен Ресей үздік үштікті түйіндеді.

 

Әкімдердің тұңғыш сайлауы

Тәуелсіздіктің 22 жылы ­саяси-әлеуметтік реформаларды жүзеге асыра бастаумен де ерекшеленді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы табысты өтті.

Баламалы негізде мәслихаттар аудандық маңыз­дағы қалалардың, селолық округтердің, селолық округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлады. Сөйтіп, барлығы 7 миллион 632 мың азаматтар тұратын мекенжайлардың 2454 әкімі сайланды. Бұл – елдегі бүкіл әкімдердің 91 пайыздан астамы. Саяси партиялар да белсендірек болды. Саяси аренаға жаңадан «Бірлік» партиясы келді.

АБЫЛАЙДЫҢ АСЫ

Көкше елінде Абылай ханның 300 жылдығы кеңінен атап өтілді. ­«Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция, «Азат рухтың Абылай ханы» атты театрландырылған қойылым, ат спортынан жарыстар ұйым­дастырылды.

«Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен Қазақ елінің тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылған жөн. Себебі бүгінгі заманның жаңаша түрленген қауіп-қатері кешегіден кем соқпайды. Ендеше, Абылайдың арманына қазіргі Қазақстан қол жеткізгенін ерекше мақтан тұтып, ішкі ынтымағымызды, сүттей ұйыған татулығымызды сақтауға қызмет ету – баршамыздың парызымыз» деп жазды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2 қазан күні жарық көрген «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында.

ТӨЛЕ БИ ТОЙЫ

Тараз төрінде Төле бидің 350 жылдығы тойланды. Бидің еңселі ескерткіші бой көтеріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Төле би» драмасының тұсаукесері өтті. «Төле бидің қасиеттері мен өсиеттері» атты республикалық жыр мүшәйрасы, «Төле би және оның ұлағатты мұралары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.«Тәуелсіздіктің алғашқы арайында Ордабасыда өткен алқалы жиында біз жұртымыздың әйгілі үш биі – Төле бидің, қаз дауысты Қазыбек бидің, Әйтеке бидің рухтары ендігі жерде халқымыздың бірлігі мен ынтымағының нұрлы нысанына айналып, бүгінгі ұрпақтың ұлы тұлғаларға деген құрметі арта түсетіні айтылған еді. Төле би – қазақ жеріне тігілген жат көздің сұғына, жау елдің басқыншы әрекетіне қарсы күресте сұңғыла сөзімен, сертке сай ісімен, сардарлық стратегиясымен ерекше көрінген тұлға. Елдің намысы мен ерлігін оятқан, жігерін жанып, еңсесін тіктеген қайраткер. Рухани көсемдік пен табиғи шешендікті тең ұстаған абыз. Қазақ жерінің тұтастығы мен ел бірлігін қашанда қазық қылып ұстаған бабамыз кейінгі ұрпағына ұлы өсиетті аманат етіп кетті. Төле би өсиеттері бүгінгі таңда да тәуелсіз еліміздің рухани өсіп-өркендеуіне, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге өлшеусіз үлес қосып келеді» делінген Елбасы жолдаған құттықтауда.

Астана опера – елорда жауһары

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 2013 жылы ашылды. Елорданың сол жақ жағалауында орналасқан театр ғимараты көзтартарлық әсемдігімен таңдандырады.

Әлемдік деңгейдегі беделді опера және концерттік залдардың, яғни Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты театрлардың қатарына кіруге әбден лайық.

Театрдың кірпішін қалауға отандық мамандармен қатар Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей шеберлері де қатысты. Жоспарлау барысында мұндай ғимараттарды салудағы жинақталған әлемдік тәжірибе ескерілді. Классикаға негізделген ғимарат эллинистикалық нақыштарға толы, маньеризм мен барокко бағытына да мән берілген. Осылайша архитектуралық сағат тілдерін жыл­жытып, көне грек стилінде ұтымды жасалды.

Театрдың кіреберіс маңдайшасын мүсіншілер М.Мансұров пен Т.Ермековтің «Қобызшы» және «Жетігенші қыз» туындылары әшекейлеп тұр. Италияның Виареджо мен Петро-Сента қалаларында құйылған бұл мүсіндік композицияларсыз театр қасбетін көзге елестету қиын.
Театрдың төбесіне қойыл­ған квадрига (авторы – Қанат Нұрбатыров) Сақ патшайымы Томиристің бейнесінде берілген. Барлық мүсіндік композициялар қоладан жасалып, олар уақыт өтісімен платинамен бүркеліп, көркемдік қасиеті одан сайын әрлене түсті.

Басты көрермен залы ұлттық нақышта әшекейленген. Ол 1250 адамға есептелініп, италиялық және бүгінгі заман талабына сай стильмен жетілдірілген. Отыратын орындар артер, бельэтаж және жоғарғы деңгейдегі үш қатарлы ложаларға бөлінген.

2013 жылдың 21 маусымында «Астана Опера» театры алғашқы маусымын ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» туындысымен салтанатты түрде ашты.

ФРАНЦИЯДАН – ВЕЛОСИПЕДПЕН

2013 жылдың шілде айының соңына қарай Астанаға Франциядан шыққан велосипедшілер келіп жетті.

Күн батареяларынан қуат алатын велосипедтерді тізгіндеген саяхатшылардың бұл сапары «Болашақ энергиясы» атты ЕХРО-2017 көрмесіне арналды.

«The Sun Trip» веложарысы 15 маусымда Францияның Савойя қаласында басталған еді. Бұған Бельгия, Швейцария, Канада, Чехия және Франциядан 33 адам қатыс­ты. Велошабандоздар жолай Венеция, София, Бухарест, Одесса, Ыстанбұл, Сочи, Баку, Атырау және Ақтөбе қалаларына аялдаған.

Елордаға бірінші болып 23 шілдеде «Solar Wind» командасының өкілі Раф Ван Холь жетті. Жоба жеңімпазы атанған ол 7 мың шақырымнан астам жерді 38 күн ішінде жүріп өткен.

 

Саяхатқа арналған

«Бәйтерек» монументі алаңында экскурсиялық автобустар таныс­тырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары алғаш рет туристерге арналған қос қабатты автобусқа мініп, Астана көшелерін аралады.

«Төбесі ашық «Шанхай» зауытынан шыққан туристік автобустар Лондон автобус­тары сияқты «Hop on Hop off» жүйесі бойынша қызмет көрсетеді, яғни осы көліктерге шексіз түрде мініп, түсу қарастырылған. Сонымен қатар билеті бар туристер бір тәулік ішінде қала ішінде жүрген кез келген автобуста саяхаттай алады. «Бәйтерек» медиа орталығының мәліметіне қарағанда, «Astana Bus Tours» жобасын ішкі туризмді дамыту бойынша «Менің елім» қауымдастығы Астана әкімдігімен және ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесе жүзеге асырды.

Райхан Рахметова

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button