Қала мен Сала

Жасыл желекті аулалар



ҚАЛА ЭКОЛОГИЯСЫНА ЭКОЛОГИЯСЫНА ОҢ ӘСЕР ЕТЕДІ.

Елордада «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Осылайша, қаладағы барлық аудандардың аумақтары тұрғындардың бас­тамалары мен ұсыныстары негізінде дамып, абаттанып келеді.

[smartslider3 slider=3894]

 

Қанатқақты жоба 2019 жылы алғаш рет қолға алынған болатын. Оны қаланың белсенді тұрғындары қызу қолдады. Аудан әкімдіктерінің сайттары арқылы ұсынылған жобалар халықтың талқысына түсті. Бүгінде жоба қай деңгейде жүзеге асырылып жатқаны және қай аулаларда абаттандыру жұмыстарының аяқталғаны жөнінде төменде аз-кем тоқталуды жөн көрдік.

САРЫАРҚА АУДАНЫНДА

Тұрғындардан 70 өтініш келіп түскен. Сапартау кеңесінің шешімімен олардың 23-і: 100 пәтерден аз тұрғын үй кешендеріндегі 10 аула және 100 пәтерден көп тұрғын үй кешеніндегі 13 аула бойынша жобалар мақұлданды. Соның бірі – «Арман ауласы» жобасы. Бұл Жеңіс даңғылындағы 26 А және Желтоқсан көшесіндегі 27/1 мекенжайда орналасқан үйлердің тұрғындарынан түскен өтініш еді. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде жас отбасылар көп, әрқайсының 3-4 баласы бар. Олар үшін бұл маңда ойын алаңы қарастырылмаған. Сондай-ақ аулада үлкендердің де демалатын орны болмаған. Сондықтан тұрғындар аулаға заманауи жабындармен және ойын алаңымен жабдықталған балалар алаңқайының, ересектер демалып, қолы бос кезде әңгімелесіп отыратын орындықтардың, жаттығу кешенінің қажеттігін алға тартқан болатын. Бүгінде жаңартылған алаңда балалар қуана асыр салып ойнап жүр. Жөндеуден кейін мұнда жасанды көгалдар мен заманауи демалыс орны пайда болды.
Жеңіс даңғылы, 26 А мекенжайында орналасқан үйге қызмет көрсететін «Скиф» МИБ-нің төрағасы Ғалымжан Тәуекелов «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы негізінде жоспарланған жобалар тегіс орындалғанын, ең бастысы, тұрғындар риза екенін жеткізді.
– Байқауға алғаш рет қатысып отырмыз. Элимаш Жакьянова, Светлана Синькевич, Әсем Жанғулина, Валерий Тащилина секілді белсенді тұрғындардың арқасында қазіргі уақытта жалпы жұмыстар аяқталды. Бұл ретте азаматтардың пікірлері ескерілді. «Скиф» ТК тұрғындарының атынан Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Марсель Ұзақов, абаттандыру және қоғамдық кеңістікті дамыту бөлімінің бас маманы Бағжан Сабденов, «New level» ЖШС мердігерлік ұйымының өкілі Ерлан Боқаевқа алғысымызды білдіреміз, – деді Ғ.Тәуекелов.
Абай даңғылы, 1 мекенжайында орналасқан үйде де көпбалалы отбасылар басым болып шықты. Олар үнемі өз күшімен сенбіліктер, ауланың сыртқы келбетін безендіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, осы үйдің ауласында балаларға арналған заманауи ойын және спорт алаңдары болмаған, сараптамалық кеңестің шешімімен «Қуаныш аумағы» жобасы мақұлданғаннан кейін бұл маңда қарттар мен жастарға арналған орындықтар және шатырлар қойылып, бүкіл ойын алаңының аумағында қауіпсіз резеңке жабын пайда болды. Қазір балалар жаңартылған алаңда алаңсыз асыр салуда.
– Тұрғындардың тілегімен ауламыздағы балалар алаңы түбегейлі өзгерді. Жобаны өзіміз жасадық, кейін тұрғындармен келістік, нәтижесінде ауламыз ажарланып шыға келді, – деді Абай даңғылындағы №1 үйдің МИБ төрайымы Елена Кожниязова.

АЛМАТЫ АУДАНЫНДА

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аудан тұрғындары 53-тен астам жобалық ұсыныстар берген болатын. Олардың 23-і мақұлдаудан өтті. Соның ішінде балалар алаңдарын абаттандыру бойынша ұсыныс көп болды, ал қалғандары аулаларды жарықтандыру және көгалдандыру мәселесін ұсынды. Мәселен, Момышұлы даңғылындағы №19 үй тұрғындары аулада балалар тым көп болғандықтан, жазда ойын жабдықтары олардың барлығына бірдей жетпейтінін, сонымен бірге спорттық тренажерлердің және жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың қажет екенін алға тартты. Аудан әкімдігі тұрғындардың өтінімін мақұлдап, тез арада ауланы абаттандырды. Енді осы маңда тұратын балалар әсіресе спорттық жаттығулар жасап, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік туғанына мәз. Жаяу жүргіншілердің де тілегі ескеріліп, бүгінде бұл аула барлық жастағы адамдар үшін тартымды орынға айналды. Осы үйге қызмет көрсететін «Жәрдем-Удача» ПИК-нің төрайымы Гүлнар Ластаева тұрғындар атынан аудан әкімдігіне ризашылығын айтты.
Қобыланды батыр көшесіндегі №7 үйдің ауласы да тұрғындар тілегімен қайта жаңғыртылды.
– Осы маңдағы мешіттің жанында бос орын болатын, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында мұнда орындықтар мен балалар алаңы бар саябақ жабдықталды. Сондай-ақ жарықтандыру мәселесі толығымен шешілді. Алдағы уақытта ауламыз бұдан да жақсы болады деген сенімдеміз, – деді Үй басқарушысы Роза Маханова.
Оның айтуынша, бұл үй ескі және апатты жағдайдағы үйлерді бұзу бағдарламасы аясында салынды. Аудан тұрғындарының ұсынысымен осы аумақта жылы аялдама орнатылып, футбол алаңының едені өзгертілді, футбол қақпасы дәнекерленді және ағаштар отырғызылды.

БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНДА

Ағымдағы жылы әкім аппаратының ресми сайтына «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша аудан тұрғындарынан 29 ұсыныс түскен. Дауыс беруден кейін 15 жетекші жоба іріктеліп алынды, оларды іске асыру 28 сәуірде басталған еді. Бүгінгі таңда 5 аула абаттандырылды, қалған 10 ауланы абаттандыру жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Абай даңғылы, 63 мекенжайында орналасқан «Тараз» тұрғын үй кешенінің тұрғындары «Балалар – біздің болашағымыз» деген жобаны ұсынған еді. Жоба мақұлданғаннан кейін ауладағы ескі ойын алаңдары жаңаларына ауыстырылып, жаңа көгалдары бар футбол алаңы пайда болды, баскетбол алаңы қалпына келтірілді.
Кравцов көшесі, 3/2 және 5/2 мекенжайының тұрғындары да аумақты абаттандыру арқылы әртүрлі жастағы тұрғындардың сапалы демалысын ұйымдастыруды сұраған-тын. Өтініштері ескерусіз қалмады. Жоба мақұлданып, аула жаңартылды. Заман талабына сай жабдықталған ойын алаңында балаларымен демалу мүмкіндігіне ие болған жас аналар да қуанышын жасыра алмады. Солардың бірі – Индира Сейітқожина жаңа жобаның арқасында балаларының құмда ойнап, сырғанақ, әткеншек теуіп, алаңсыз демалғанына мәз.

ЕСІЛ АУДАНЫНДА

Ең көп өтінімдерді Есіл ауданы қабылдады. Олардың жалпы саны – 75. Дауыс беру арқылы 52 аула аумағын қамтитын 42 өтінім іріктеліп алынды, онда футбол, волейбол, балалар алаңдары, тренажерлер орнатылады, асфальт төселіп, көгалдандыру жұмыстары, қосымша жарықтандыру нүктелері жүргізіледі.
Ақмешіт көшесі №7 мекенжайдағы «Грация» тұрғын үй кешенінің тұрғындары әкімдікке өздері ұсынған жобаның мақұлданатынына әу бастан сенді. Қазір олардың алаңында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аула бойынша демонтаждау және сырлау жұмыстары аяқталды, шөп, шағын сәулет нысандары мен тренажерлер әкелінді. Жөндеуден кейін Сығанақ көшесі бойында орналасқан «Жеті бөшке» тұрғын үй кешеніндегі № 21, 23, 23/1, 25, 25/1, 25/2, 27 үйлердің тұрғындары заманауи және жайлы қалалық ортаны қалыптастыру мақсатында аула аумағын абаттандырып, ауланың эстетикалық келбеті қалыптастырылады. Тұрғындар тілегін ескере отырып, аудан әкімдіктері балалар мен спорт алаңдарын жаңартып, тротуарларды брусчаткалармен жабу және қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, сыртқы желілердің құдықтарын жақсарту, орындықтар мен урналар орнату, аула аумағының сыртқы жарықтандыруын орнату, көлікке арналған тұрақ орындарын жоспарлау және велопарковкаларды жабдықтау, жасыл желектерді үйлесімді отырғызу, ауланың өту жолдарының жабындарын жөндеу, бордюр тасын бөлшектеу және орнату, сондай-ақ жаңа асфальт төсеу, жер асты қоқыстарын жинау және сақтау технологиясы бар жаңа типтегі контейнерлерді орнату жұмыстарын одан әрі жалғастырады. Осылайша, бас шаһардың төрт ауданының да аулалары заман талабына сай жаңартылады.
Елордада қаланы көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл өткен жылдағыдай 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған.
– Көгалдандыру жұмыстары қаланың барлық аудандарында, соның ішінде тұрғын үй массивтерінде, саябақтарда, қоғамдық кеңістіктерде және т.б. жүргізілуде. Мәселен, ботаникалық бақта өткен жылы тағы 5 мың ағаш отырғызылды, ағымдағы жылы тағы 3 мың ағаш отырғызу жоспарлануда, – деді «Астана-Зеленстрой» ЖШС басшысы Айбар Наурызали.
Алматы ауданы әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлім басшысы Аслан Бисегуловтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылы аталмыш ауданда 500 мыңға жуық гүл егіледі. Атап айтсақ, Б.Момышұлы ескерткішінің жанындағы саябақтарда, «Отан қорғаушылар», «Жерұйық», Оқушылар сарайының алдында, әл-Фараби көшесінде, Абылай хан және ­Р.Қошқарбаев даңғылдарында, Қ.Мұңайтпасов көшесінде, «Қазақ елі» алаңында және т. б. көрнекі жерлерде гүлзарлар орналасады. Жалпы гүлбақтар ауданы 10 мың шаршы метрден асатын аумақты қамтиды. Көздің жауын алатын көрікті гүлдермен қоса, биыл осы ауданда 6 мыңнан астам ағаш отырғызылады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта қаладағы саябақ, көше мен жол жиегі аққайың, қарағай, терек, емен, жұпаргүл секілді жасыл желекпен көмкеріледі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button