Мәдениет

Мәмбетовті еске алды

Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында  КСРО халық әртісі, КСРО және Қаз КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Шара барысында сахна сардарының отбасы мүшелерімен, бірге қызмет істеген театр және өнер қайраткерлерімен, шәкірттерімен шығармашылық кездесу ұйымдастырылды. 

[smartslider3 slider=3892]

Кеш өзгеше форматта өткізілді. Сұхбаттар және интерактивті ойындарға кездесу қонақтары Ә.Мәмбетовтің жары ҚазКСР халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қорлан Қалиламбекова, немересі Карина Измайлова, күйеу баласы Нұрлан Измайлов, қызы Дина Мәмбетова қатысты. Сонымен қатар Қазақстанның халық әртістері Тілектес Мейрамов пен Гүлжан Әспетова, Рымкеш Омарханова, Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Сырым Қашқабаев, Алтынай Нөгербек, Нұрлан Жұманиязов, Бекболат Құрманғожаев, Мұрат Мақсұтов, Бейбіт Бахтыгереев, режиссер өмірінің соңғы жылдары еңбек еткен. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Айболат Жәудір, Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай, Жанқалдыбек Төленбаев, Лейло Бекназарқызы Ханинга,  Амантай Жұмашев, Ақыш Омар естеліктерімен бөлісті.

Гүлжан Әспетова Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірерде дипломдық жұмысында Қарагөзді ойнады. Комиссия төрағасы Әзірбайжан Мәдиұлы болды. Әйгілі режиссер Әспетованың ойынына тәнті болып, М.Әуезов театрына жұмысқа шақырды. Кейіннен театрда «Қарагөзді» қойғанда осы рөлді оған берді. 1999 жылы Әзірбайжан Мәмбетов Елбасының шақыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы театрға бас режиссер болып келді. Сол кезде Алматыдан бірінші шақыр­ған әртістердің бірі – Гүлжан Әспетова. Актриса бастапқыда режиссердің көмекшісі болып, кейіннен Әзірбайжан Мәдиұлы сахналаған спектакльдерде кейіпкерлерді сомдады. Актриса сол кездер туралы әңгімеледі.

Әзірбайжан Мәмбетов 4-курста оқып жүрген Тілектес Мейрамовқа Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» трагедиясындағы басты кейіпкер – Қозы рөлін сеніп тапсырды. Актердің астанаға қызмет ауыстырып, Қаллеки театрына тез сіңісіп кетуіне де Әзірбайжан Мәдиұлының көмегі зор болды. Осыны айтқан актер Әзірбайжан Мәмбетов бас қалаға ауысып келгенде Мұхтар Әуезов театрындағы тамаша дәстүр мен сыйластықты, адами қарым-қатынасты, айрықша бір жылылықты өзімен бірге Қалибек Қуанышбаев театрына да ала келгенін, сол қасиетті ұжым бойына сіңіргенін жеткізді.

 Кездесу барысында кеш қонақтарына сұрақтар қойылып, отбасылық жеке мұрағаттан бейнежазбалар көрсетілді. Биыл 22-30 қазан аралығында елордада өтетін «TEATRALL» ІІ халықаралық театр фестивалі Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналатыны айтылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button