Мәдениет

Күй күмбірлеген кеш

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі ХХV концерттік маусымын күйші-композитор Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының 125 жылдығы мен Қазақстанның Халық әртісі Мағауия Хамзиннің 95 жылдығына арналған «Күй ғұмыр» концертімен ашты. Кеш «Астана Опера» театрының камералық залында өтті.

[smartslider3 slider=3890]

 

Аққыз деген атпен танымал Мүгілсім Ахметқызы (1897−1987) Тәттімбеттің күйшілік мектебін жалғастырушы, оның «Қосбасар», «Саржайлау», «Бестөре» сынды күйлерін ұстап қалған күйші. Өз жанынан «Қайран елім», «Аққыз», «Жетім қыз», «Қосбасар», «Қоңыр күй» сынды бірнеше күйді, «Жалған-ай», «Қайран бауырларым», «Аман бол, амал қанша», «Сағыныш», «Ханшайым» әндерін қалдырды. Ал Мағауия Хамзин (1927−2000) – Аққыздың шәкірті.

«Күй ғұмыр» кешінде Аққыз бен Мағауия Хамзинның «Қосбасар», «Жетім қыз», «Қайран елім», «Ғарышкерлер вальсі», «Белгісіз солдат», «Жайлау» сынды күйлері орындалды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевтың  жетекшілігімен Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің өнері кештің ерекше көркі болды. Филармония солистері, композиторлар Арман Жайымов пен Қуат Шілдебаевтың заманауи интерпретациясында Тәттімбет пен Төлеген Момбеков күйлерін орындады.

«Екі күйшіні бір концертте біріктіргеніміз бекер емес. Өйткені Аққыз –  Мағауия Хамзиннің ұстазы. Екеуі де күйдің Арқа орындаушылық мектебінің мұрагерлері, шертпе дәстүрін жалғастырушылар. Тәттімбет, Қыздарбек, Сембек, Әбди секілді күйшілер кетіп қалғанда Аққыз олардың мұрагері болып қалды. Дина шешеміз Құрманғазының күйлерін жеткізген болса, Аққыз Тәттімбет мектебін жеткізді. Ал, Мағауия Хамзинмен біріктірген себебіміз Мағауия – Аққыздың шәкірті. Тарихтан білеміз, Құрманғазының стилін Дина жалғастырса, Динаның өзінің бөлек мектебі бар. Сол секілді, Аққыз да өз мектебін қалыптастырды» дейді «Сарыарқа» ансамблінің көркемдік жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Тоғжан Жахин.

Концертте «Сарыарқа» ансамблі және шертпе күй шеберлері Жанғали Жүзбай, Қайрат Айт­баев, Марат Нөкеев, Ерболат Сапуанов, Амангелді Сәдуов, Рүстем Нүркенов өнер көрсетті. Арнайы шақырылған қонақтар Аққыздың шәкірті Қалкен Қасымов пен күйші, Аққыздың жиені Болат Тәкішев қатысты. Кеш қатысушыларына Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов Алғыс хат тапсырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button