Басты ақпарат

Жасөспірімдер суициді неге азаймай отыр?

Кейінгі кезде «Нұр-Сұлтан қаласында бір жас бала асылып қалыпты, Алматы қаласында бір қыз жиырма бесінші қабаттан құлапты, Қарағандыда жасөспірім өзіне қол жұмсапты» деген сияқты ақпараттарды көп оқитын болдық. Біреулер «мұндай суық хабарларды бұқаралық ақпарат беттерінде мүлде көрсетпеу керек» десе, екінші біреу­лер «олар жаманат шақырушылар» деп журналистерді кінәлайды. Қалай дегенде де айтылған сұмдықтардың өмірде болып жатқаны рас. Тек елорданың өзінде жыл басынан бері  алты адам өзіне қол жұмсап, он  адам өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған.

Бәрі баланың болмысына  байланысты

Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2012 жылы Қазақстан 15-29 жас арасындағы жасөспірімдер мен жастар арасында суицидтен 3 орында тұрған. Ал өткен жылы 13-орынға табан тірепті. Психолог-дәрігерлердің айтуынша, бұл тұрғыда толық сап-сау адам болмайды екен. Өмір болғасын біздің қай қайсымыз да қалыптан белгілі бір дәрежеде ауытқуымыз мүмкін екен. Мәселен, адам қатты ашуланса, шамадан тыс күйгелектенсе, өзін-өзі ұстай алмай қалуы мүмкін. Міне, осындай кезде қасындағы екінші адамның басу айтуы, оны барынша сабасына түсіруге әрекеттенуі аса маңызды. Сол ­­сия­қ­­ты ­жеткіншек баланы да ата-анасы сабырлылық пен төзімділікке тәрбиелегені, басына түскен қиындықты жасырмай айтып, кез келген жағдайда үлкендерге жүгіну керектігін түсіндіргені дұрыс екені  айтылады.

Дегенмен, өткен жылы елімізде кәмелет жасқа толмаған 105 жасөспірім өмірмен қоштасқан. Осылардың бірде-бірі психологке, немесе психиатрға барып көрінбеген екен. «Сонда олардың бойынан сәл де болса, ауытқушылық байқалмаған ба?» деген сауал туындайды.

Оған осы салада еңбек етіп жүрген тәжірибелі психолог Гүлмира Есімова былай дейді:

«Жасыратыны жоқ, бұл өте күрделі мәселе. Бала тәрбиесі, жеткіншектің өтпелі кезеңде кездесетін сыртқы ортаның әсерін қабылдауы негізі ата-ананың жіті бақылауында болуы керек. Өкінішке қарай, біз мұны көбіне ескере бермейміз. Содан келіп, баланың  ойында не барын ата-анасы түгілі,  қасында жүрген досы да, құрбысы да білмеуі мүмкін.

Томаға-тұйық жүретін баланың бәрін бірдей дәрігерге алып бара беру де қиын. Психиатрға немесе психологқа көрсеткен жасөспірімді олар міндетті түрде есепке қояды. Ол ешкімге ұнамайды. «Аш пәледен – қаш пәле». Сап-сау балаңды сәл күдік үшін психиаторға көрсетіп, есепке қойғызғаннан, тыныш жүргенді артық көреді көбі».

Алматыда көпшілікке үлгілі саналатын бір отбасының он екі жасар қызы өзіне қол жұмсаған. Ата-­анасы мектепте мұғалім. Тұрмыстары да ойдағыдай. Бір көрмеге бәрі қалыпты сияқты. Қыздарын өте жақсы көрген. Бірақ… Бір сабақтан үлгерімі нашарлап кетіп, анасы қасындағы құрбысын үлгі етіп, ұрысқан. Бірнеше күні сабағын дұрыстап оқысын деп көп сөйлеспей қойған екен. Соңы орыны толмас өкінішке айналған…

Психологтардың айтуынша, отбасындағы баламен ата-ана арасындағы қалыптасқан өзара қарым-қатынасты терең түсінудің маңызы зор болып отыр. Баланы шамадан тыс тым қатты еркелетуге де, тым қаталдық танытуға да болмайды екен. Ондай кезде жеткіншек өмірде кездесетін оқыс жағдайды, күйзелісті тым терең қабылдап, құла түзде жападан жалғыз қалғандай көңілі құлазып, жалғызсырайтын көрінеді. Әсіресе, бұрын асты-үстіне түсіп, өбектеп жүрген ең жақын адамдарынан қатты сөз естіген кезде бала өзін қорғансыз сезініп, шамадан тыс торығуы мүмкін.

Бұл да жасөспірімнің жаратылысына байланыс­ты. Қанша қатты сөз естіп, таяқ жесе де айнала бере оны ұмытып кететін балалар болады. Ал мұндай жағдайда дүниеден түңіліп кететін де сәттерді өмірден көріп жүрміз.

Күйзелісті жасырмау керек

Қазір әрбір мектепте психолог бар. Бірақ одан мәселенің түйіні түпкілікті шешіліп жатқан жоқ. Кәмелет жасқа толмағандардың суицидке баруының алдын алуды көздейтін арнайы бағдарлама да енгізілді. Осы тұрғыда педагогтар мен ата-аналардың сауат­тылықтарын арттыру да маңызды. Психикалық қалыптылықты зерттеп, зерделеп, байқап жүретін мамандар командасына жалпы тәжірибедегі және психиатор дәрігерлер де тартылуда. Алайда қала мектептерінде психологтарға көбірек жұмыс істеуге тура келеді. Ата-аналармен жиі жиналастар өткізіп, олардан балаларын суи­цидтік мінез-құлыққа бейім емес пе деген тұрғыдағы анықтауға арнайы тексерістен өткізу үшін рұқсат алуы керек. Кейбір ата-аналар мұндай қадамға келіспей де жатады. Ол да ештеңе емес, кейде томаға-тұйық жүретін балаларды мәжбүрлі тексеріп, олардың өзіне-өзі қол жұмсау мүмкіндіктері басым екендігін айтқанда нақты уәжге сенбей, қасарысып тұрып алатын, «тіпті менің балама қысым жасап жүр» деп шағымданатын адамдар да бар көрінеді.

Нұр-Сұлтан қаласында жетінші сыныпқа көшкен бір оқушы «маған соңғы үлгідегі айфон алып бер» деп ата-анасына қиғылықты салған. Балконның ернеуіне асылып жетінші қабаттан секіріп кетемін деп қоқан-лоқы көрсеткен. Көптеп-көлемдеп көршілер мен ағайын туыс араласып, баланы сабасына әрең түсірген. Артынан психологтар «бұл баланың бойында суицидке бейім­ділік бар» дегені үшін ата-анасы «ол жай ғана балалық немесе еркелік» деп бетбақтырмай, айқай шу шығарған. Дегенмен, артынан ювенальды полиция балалар дәрігерімен бірге мектепте арнайы жиналыс өткізіп, ата-анасын баланы қатаң бақылауға алуға көндіріпті.

«Өзін-өзі өлтіру – ешкім естімейтін ішкі дүниенің жанайқайы» деген сөз бар. Сондықтан кез келген ауытқушылықтар назардан тыс қалмауы қажет.

Атыраудың бір мектебінде мынадай оқиға болыпты. Бір бала досына келіп, «мен өмірден түңіліп кеттім. Мені ешкім жақсы көрмейді. Жақсы көріп жүрген қызым да теріс айналды. Ол менімен сөйлескісі келмейді» деп сырын ақтарған ғой. Ал ол бала сол сөзді сынып жетекшісіне айтып қойған. Жағдай тіпті ушығып кеткен. Жаңа оқушы екі күн сабаққа келмей, досына «сен сатқынсың, мен сені енді көргім келмейді» деп хабарлама жіберумен болған. Сынып жетекшісі психолог пен дәрігерді ілестіріп үйіне барса, ата-анасы аң-таң абдырап қалыпты. Ал бала жуынатын бөлмені ішінен кілттеп алып, «мен өлемін, маған өмір керек жоқ» деп бақырып жылайтын көрінеді. Әрең дегенде жабылып жүріп есікті ашып, баланы сабасына түсіріпті. «Досым мені мазақ қылды» деп күйінгенімен, досының шын жанашыр екені кейін белгілі болып отыр. Егер сол досы сынып жетекшісіне ескертпесе оқиға басқаша реңк алуы да әбден мүмкін еді ғой. Сондықтан мұндай жағдайды ешуақытта жасырып қалуға болмайтыны осыдан көрінеді.

Ойын емес, нағыз қылмыс

Мамандар жасөспірімдер арасында суицидтің көбейіп кетуін секта-сайттардан көреді. Құқық қорғау органдары осындай келеңсіздіктердің қаншама көзін жоюға тырысқанымен, ол жеті басты аждаһадай қайтадан бас көтере береді. Интернеттегі ойындар, ержетудің белгісі ретінде өздерін-өздері сынап көруге үндейтін тест-байқаулар жасөспірімдердің өзін-өзін өлтіруге итермелейтін түрлі әдістері екені қазір айдан анық айқындалып отыр. Әсіресе, жас ерекшелігіне байланысты өтпелі кезеңде осындайлардың көрініс беруі өте қауіпті. Мәселен, жеткіншекке «сағат таңғы 4-те тұр. Айтылған жерге бар. Суретке түсіп, бізге жібер» дейді. Жіберсе, «сен үлкен сынақтан өттің, мәртебең өсті» деп мадақтайды. Бірақ «он қабатты үйдің шатырымен жалаңаяқ жүріп өт» деу өте қауіпті.

Не болмаса, «кеудеңді қысып үш минут тұруға шыдасаң, нағыз керемет адамсың» деп кеудесін қыс­   тырып, естен тану, қайтадан әрең есін жинау бұл ойын емес, нағыз қылмыс. Мұны жасап отырған – қылмыскер. Міне, осының бәрі интернет арқылы істеледі. Әрі мұндайға үйір болатын бойында кем дегенде бір ауытқуы бар жасөспірім. Бірақ олар сырқат ретінде бақылауға алынбаған.

«Сондықтан жасөспірімдер суицидінің алдын алу үшін алты ай сайын скрининг жүргізу де ұсынылып отыр. Сондай-ақ олардың бойында өмірлік дағды қалыптастыру да өте маңыз­ды. Өмірлік дағдылары дамыған балалар өздерін дербес, тәуелсіз сезініп, өзінің мәселелерін айналасындағылардан айыра алады. Олар белсенді, бас­тамашыл болып келеді әрі өзіне сенімді, ішкі бақылауын жоғалтпайтындай болып ержетеді» дейді мамандар.

Расында да жаңа жетіліп, ержетіп, бой түзеп келе жатқан өскелең ұрпаққа  өзін-өзі құрметтеу сезімін оятатын мүмкіндіктер туғызса, бір нәрсеге ерекше қызығушылықтарын арттырса, сөйтіп бүгін таңда елімізде қалыптасып отырған жоғарыда айтылған келеңсіздіктерге ешқандай жол берілмесе екен дейміз.

 

 

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button