Басты ақпаратМәселе

«Жедел жәрдем» жедел жетпей ме?



Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің бір көрсеткіші – «жедел жәрдем» қызметі. Адам апаттық жағдайға түскенде немесе сырқаты ушығып кеткенде алдымен, «жедел жәрдемге» жүгінеді. Шұғыл жәрдем сұрайды, көмек күтеді. Алайда «жедел жәрдем» көліктері көбейсе де, шұғыл көмекке келушілердің жеделдігінің кемуіне не кедергі?

Апта басында Астанада мектеп баспалдағынан құлаған балаға «Жедел жәрдем жылдам жетпеді» деген сөз тарап, бұл жайт әлеуметтік желідегі жұртшылықты біраз шулатты. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген жауапсыз мектеп басшылығы жұмыстан қуылып, Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрінің өзі осы жайлы түсінік берді. Жаның қысылып шақырғанда жедел жәрдем жылдам келмейді дейтін өзге де шағым айтушылар бар.

Бұл қызметті азаматтар қатты ауырып қалғанда, қайғылы жағдайға душар болғанда, жарақат алғанда, уланғанда және басқа да шұғыл көмек қажет ететін жағдайда шақыратыны белгілі. Сондайда жылдам жетіп, екпесін салып, дәрісін беріп жаныңды тыныштандыратын немесе дереу ауруханаға жеткізетін жедел жәрдем мамандары – адамдардың жаратқаннан кейінгі жан сақтау­шылары. Бірақ 103 қоңырауына соққаннан кейін үйге уақытында жетпеді деп шағым айтуға не себеп? Алдымен кешегі мектептегі жағдайды айтсақ, оған Ажар Ғинияттың бергеннің жауабына сәйкес жедел жәрдемнің қанша уақытта келуі оларды шақыртқан кездегі хабарламаға байланысты көрінеді, яғни нау­қастың жағдайын хабарлағанда оны мамандар 4 санатқа бөліп қарастырып, сол санат деңгейіне қарай белгілі бір уақыт ішінде жетеді. Себебі негізгі күш аса ауыр жағдайдағы, яғни 1-2 санаттағы өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға бөлінеді. №14 мектепте құлаған балаға көмекке 29 минутта жеткен.

– Жедел жәрдем шақырылған кезде баланың құлап қалғанын, денесінің көгергенін, жара болғанын айтты. Сондықтан жедел жәрдем осындай уақытта келді. Жедел жәрдемнің жөнелтілуі мен келуінің нақты белгіленген мерзімдері бар. Олар күніне 10 мың шақырту бойынша қызмет көрсетеді. Арнайы дайындалған мамандар, диспетчерлер үш минутта кімге хабарласу керек екенін, ал кімге 20 минутта хабарласуға болатынын бағалайды, – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрі.

Осы мәселеге орай Астана қалалық жедел жәрдем стансасына хабарластық. Станса директорының орынбасары Бота Садетхан да министр сөзін қайталап, шақырту бойынша аудиожазбаға сәйкес баланың бет тіні жеңіл жарақаттанған деп бергенін айтты.

– Мұндай жарақаттар шақыр­тулардың 3-санатына жатады, соған сәйкес жедел жәрдемнің жету уақыты 30 минутқа дейінгі уақыт аралығы. Ол бала туралы көп жалған ақпарат тарады. Комада жатыр деді. Алайда біздің бригада келгенде бала толық есін біліп, анық сөйлеп жатқан, ауруханаға барғанда да, қазір де есін жоғалтқан жоқ. Өкінішке қарай, қазір әлеуметтік желіде ақпаратты бұрмалап жіберетін блогерлер өте көп. Оқу жылы басталғалы мектептерден жарақат алу бойынша шақырту көбейді, баланың аты бала, секірмей, жүгірмей тұрмайды, сосын аяғын, басқа жерін сындырады. Бізде №225 бұйрық деген бар, мамандар соның талаптарына сай жұмыс істейді. Шақыртулар саны 4 санатқа бөлінеді. 1-2 санат өміріне қауіп төнген науқастар, ес-түссіз жатса, өте қатты биіктіктен құлап, дене жарақаты болса жедел жәрдем ең қысқа уақытта жетеді. 3-санат – денсаулығына қауіп төнгендер, 4 санат – ең бір қауіпсіз-ау деген шақыртулар. Алғашқы үшеуіне біз барамыз, соңғы санат бойынша шақыртуларға емханаларда ашылған шұғыл көмек көрсету бөлімшелері барады, – дейді Б.Сәдетхан.

Басқа қаланы білмеймін, Астанада емханаға жатудың ең оңай жолы – жедел жәрдем шақыру. Ал былай қатты ауырып, өлгелі тұрсаң да емханаға оңай алмайды. Жолдама керек дегендей. Бұл жағдай, біздің елде жедел жәрдем қызметіне түсетін салмақты арттырған.

Дегенмен ол қазір қалада халық санының артуына байланысты бір тәуліктегі шақыртулар саны көбейгенін айтты. Бұл да жеделдікке әсер етеді.  Мәселен, былтыр қалалық жедел жәрдемге тәулігіне 3-3,5 мың қоңырау шалынса, бұл көрсеткіш қазір 4-4,5 мыңға жетті. Соның ішінде шақыртулар саны бұрын 1700-1800 болса, биыл 2100-2200, яғни маусымдық аурулар өршитін кезде, мектептерде оқу басталғанда науқастардың қаралуы көбейеді. Мектепте құлау, бір жерін сындыру да осы кезде басталады. Дүниежүзілік мәліметтерге сүйенсек, бір бригада үшін 14 шақырту, фельдшерлік бригадаларға тәулігіне 16 шақырту болу керек. Ал елордадағы кей бригадалар 25-30 шақыртуға дейін барып жатыр. Соған байланысты кейбір қызметкерлер жүктемеге шыдамай басқа емханаларға ауысып кетіп жататын жайттар да болады. Шақыртулар бойынша қаралған науқастардың көбі – басқа қаладан келген немесе айналамыздағы Ақмола облысының ауылдарынан келген адамдар болып шығады. Басқа қаладан қаралған науқастар саны 15-20 пайызға дейін жетіп жығылады. Кешкі уақытта, әсіресе, 18.00 мен 00.00 аралығында сағат сайын шақырту саны 30 пайызға өседі.

– Жұмыстан кейін адамдардың ауру-сырқауы естеріне түсетін сияқ­ты. Ал оған дейін өздеріне қарамайды, емханаға бармайды, ең бір қолжетімді медициналық қызмет түрлерін алмайды. Сосын 103-ті шақырады. 2200 шақырту бойынша науқастардың 10 пайызы ғана ауруханаға жатқызылады. Демек, олардың көбінің ауруханада жатуға көрсеткіштері болмаған, көбі асыра сілтеп жатады. Денсаулық сақтау кодексінің 135-бабында көрсетілгендей, науқастың да міндеттері бар. Науқас өз денсаулығын сақтауға міндетті. Басқа пациенттердің құқықтарын бұзбауы, медициналық ұйымның тәртібін сақтауы тиіс. Алайда бізде бұл әрқашан сақтала бермейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, былтыр шақыртушы адамдар тарапынан бригадаларға көрсетілген агрессия, шабуылдар саны 9 рет болса, биыл 13 рет болған. Былтыр 868 мың шақыртуға барыппыз. Ал биыл бұл сан 1 млнға жетуі мүмкін. Біздің қызмет түрі алғыс алу жағынан барлық медициналық мекемелер арасында 1-орында, – дейді сала маманы.

Жедел жәрдемге жылап, жағдай айтамыз ба дегенде, олардың өзі осындай уәжін келтірді. Дегенмен халықтың шағымына да құлақ түру керек. Мәселен, жақында баласының қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртқан елордалық тұрғын Жұлдыз Үкібаева оларды 1 сағаттай күткенін айтады.

– Басқа қаланы білмеймін, Астанада емханаға жатудың ең оңай жолы – жедел жәрдем шақыру. Ал былай қатты ауырып, өлгелі тұрсаң да емханаға оңай алмайды. Жолдама керек дегендей. Бұл жағдай, біздің елде жедел жәрдем қызметіне түсетін салмақты арттырған. Яғни шақыру көп, жедел жәрдем жетіспейді, шақыру көп болған соң уағында тізгін ұшымен жете алмайды. Біз де жедел жәрдемді 1 сағат 10 минут күттік. Кешігіп келгеніне қарамастан әлгі жедел жәрдем көлігі жайбарақат, барлық бағдаршамға тоқтап, асықпай жүрді. Көліктің іші де мұздай суық. Жеткенше баланы қойып, мен қатып қалдым. «Жігіттер, тезірек жүрсеңдерші, дабыл қосып, бағдаршамға тоқтамай өтуге болады ғой, мен такси шақырмаған шығармын» десем, «тез келе жатырмыз, бізді де тексереді» дейді көліктің алдына отырып әңгіме соғып отырған екеуі.

Демек, олар да әрі-бері шақпылағаннан қажып, уақыт ұзартқысы келетіні анық. Бас қалада жедел жәрдем көлік кептелісі себебінен ғана кешікпейді, одан басқа да себеп көп. Бірақ себептен сылтау тіпті көп, – дейді ол.

Жедел жәрдем маманының айтуынша, дене қызуының көтерілуі, жедел респираторлық аурулар белгілері шақыртулардың 30 пайызын алады.

– Бұл жаппай маусымдық аурулар – 4 санатқа жататын амбулаторлық шақыртулар. Сондықтан көп шақырту болған кезде бәріне 10 минутта жету мүмкін емес. Салонда жағдайы тым ауыр, өміріне қатты қауіп төнген науқас келе жатса ғана бағдаршамдарға тоқтамай өтуге рұқсат етіледі. Басқа жағдайда бізде жедел жәрдем автокөліктеріне жол-көлік ережелері, талабы бәрімен бірдей. Барлық науқастар үшін жылдамдықты тым арттырып, мамандардың өзінің өмірін қауіпке тіге алмаймыз. Көліктің іші суық болса, бір шақыртудан кейін тұрып қалуы мүмкін, жалпы халыққа жылы киініп шығуға кеңес береміз, күндіз түні пешін қосып қою техникалық жағынан дұрыс емес, – дейді тағы станса директорының орынбасары.

Қазіргі таңда қалалық жедел жәрдем қызметінде 90 бригада және 25-30 емханадағы шұғыл көмек көрсету бригадалары бар. Б.Сәдетхан санитарлық көліктер саны да жетеді дейді. 2019 жылы 49, былтыр 55 көлік берілген. Тағы да алу жоспарлануда. Себебі 1 көліктің жарамылық мерзімі 4 жылға ғана жетеді. Өздері айтқандай, осы құраммен қаланың қазіргі халқына толық қызмет көрсетуге жағдайы жетіп тұрса, көлік те, кептеліс те кедергі келтірмесе, науқастарға жылдам жетіп, оларға қатысты шағым да аз болуы керек. Ал кей азаматтардың негізсіз байбалам салуы соңғы жылдары медицина қызметкеріне деген сенімнің азаюынан да болып отыр. Әркім өзін ақтаған, әлеуметтік желіде шындық пен өтірік араласып кеткен заманда қарапайым халықтың, соның ішінде жедел жәрдем қызметіне шын зәру адамның көмексіз қалып, өмірмен ерте қоштасуына немесе дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілмегеннен мүгедек болып, өмірін өксітуіне жол берілмеуі керек.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button