Қала мен Сала

ЖЕТІЛДІРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ



Кеше Астана қалалық мәслихатының құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында қалада сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру тәртібі және шарттары қаралып, ПИК қызметін жетілдіру мәселесі қозғалды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша елорданың Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Қожамжаров баяндама жасады.
Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері мамыр айына дейін нысандар маңдайшасындағы 170 жазу бойынша мәселе қаралып, тиісті келісімдер жасалды. Ал 130 адам ұсынған сыртқы жарнамалар тиісті ережеге сәйкес келмегендіктен кері қайтарылды.
Бұған қоса, рұқсат алмастан жарнама орналастырып, қателіктерді жібергендерге 250 ескерту хат жіберілді. Соның ішінде 121 жарнама нысанын иелері өз күшімен жойды. Ал Астананың Ішкі істер департаменті осы мәселеге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 20 хаттаманы толтырды.
Сыртқы жарнаманың қазақ тіліндегі мәтінінде көбінесе қате кететіні баршамызға белгілі. Мәселен, былтыр сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат бойынша 2354 эскиз жобасы сараптамадан өткізіліп, жарнама мәтіндеріндегі 1510 қате түзетілді. Ал биылғы бірінші тоқсанда сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат бойынша 451 эскиз сараптамадан өтіп, жарнама мәтіндерінің 220 қатесі түзетілді. Сондай-ақ, сыртқы (көрнекі) жарнамадағы заң бұзушылықтар бойынша қала әкімдігінің сайтындағы «өтініштерді қабылдау­дың бірыңғай жүйесі» арнайы айдарына қала тұрғындарынан жыл басынан бері 25 өтініш келіп түсті.
Екінші мәселе бойынша қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әлихан Қуатбековтің жасаған баяндамасынан ұққанымыз, ПИК қызметін жетілдіру бойынша атқарылатын іс шаш етектен. Өздері қарайтын үйлердің аулаларын күтіп-ұстаудан бастап ­жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге дейін істелетін біраз шаруа бар. Әлихан Жұмаханұлының айтуынша, ашықтықты қамтамасыз ету бойынша біраз ілгерілеу бар. Мәселен, былтырдан бері қолданылған шаралардың нәтижесінде қазір әр тоқсан сайын тұрғындарға есеп беретін ПИК-тер мен қызмет көрсетуші ұйымдардың саны 70 пайызға жетті. Ал өзгелер бойынша тиісті шаралар қолданылады.

Аманғали
ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button