Жаңалықтар

Жаңа нұсқа – Елтаңбамыздың эталонды үлгісі

2bc74da15f49b522cfd7c60d469a8087

Жандарбек Мәлібеков,
Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші:

– Жақында ғана жаңа стандарттағы Елтаңбаның тұсауы кесілді. Жаңадан қабылданған стандарттың ерекшелігі неде? Жалпы, мұндай қадамға баруға не себеп болды?
– Соңғы ширек ғасырда еліміз әлемге танылды. Жиыр­ма жылда жалпақ әлемге танылып қана қойған жоқпыз, орасан зор табыстарға да қол жеткіздік. Елтаңбамыздың да уақыт өте келе заман талаптарына сай болғаны абзал. Осыған дейін қолданылып келген, қолданылып жүрген Елтаңбаның 14 түстік сипаты мен мазмұны әр жерде әртүрлі болатын. Ал қазіргі стандарт бойынша бекітілген Елтаңбамыздың саяси мазмұнын толық жаздық. Енді оны жасау­шылар осы мазмұнымен бірге беріп отыруы керек болады. Осыған дейін көрініс таппаған 40-тан астам детальдардың атауларын бердім. Тағы бір ерекшелігі – 3D модельдеу деген жаңа компьютерлік бағдарлама арқылы жасалынып шықты. Бұл бағдарлама ондағы барлық детальдардың параметрлерін, жан-жақты өлшемдерін дәл шығарып береді. Ендігі Елтаңба сол стандарттарға сай болу керек.
– Атауларыңыз қалай аталады?
– Елтаңбаның элементтеріне «кереге», «басқұр», «қошқар мүйіз», «тұлпарлардың жалы», «желбау», «шаңырақ» секілді тарихи және дәстүрлі атаулар берілді. Жаңағы мен айтып отырған әр элемент ғылыми түрде зерттеліп, оларға математикалық өлшемдер жасалды. Жаңағы айтып отырған жаңа бағдарлама арқылы олардың нақты орналасуын, дәл түсуін сипаттайтын сызбалар арнайы кітап болып басылып, жарыққа шықты. Үш тілде жазылған дүниеде әрбір атауға, оның түсіне жеке-жеке мазмұндама беріледі. Көлемі көрсетіледі. Бұл біздің Елтаңбамыздың эталонды үлгісі болды деуге болады.
– Сөзіңіз аузыңызда, аға, Елтаңбамызды әу баста-ақ дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарға тұндырып жасаған болатынсыздар…
– Әрине, олай етпеу мүмкін бе? Менің Өзбекстаннан келгенімді білесіз. Атажұртқа ат басын тіреген азаматтың ұзақ жылғы сағынышы, Отанға деген сүйіспеншілігі осы еңбегіме төгіліп түсті ғой. Мен жастарға ылғи да айтып отырамын, Қазақ елі атамекеніне еш жерден көшіп келген жоқ, ешқайда көшіп кеткен жоқ. Жазиралы жалпақ даламызда салт-санамызды, дәстүрі мен мәдениетімізді қалыптастырдық. Сондықтан Ту да, Елтаңба да, Әнұран да елдің осы бір ең бас­ты идеясын, арманын, негізін, болашағын бойына жинақтай білуі керек. Мен де Елбасының қолдауымен ел тарихындағы ең маңызды рәмізіміздің бірін жасауға Шота Уәлихановпен бірге атсалысқанымды мақтан етемін. Байқасаңыз, Елтаңба шеңбер іспеттес. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасына, мұрасы мен мұратына зер сала отырып жасалынды. Бұл рәміздің архитектоникасы – киіз үй. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан. Демек, киiз үй, расында да, әншейiн баспана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы «Жылқы киік» бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. «Жұлдыз», «шаңырақ», «уықтар», «тұлпарлар», сондай-ақ, «Қазақстан» деген жазу алтын түспен бедерленген. Шаңырақ – елімізді мекендейтін барлық халықтың ортақ үйінің, біртұтас Отанының белгісі. Енді оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталып отыратын болсақ, таңды таңға жалғап айтар едік. Ең бір ерекшелігі, Елтаңбаның негізгі түсі – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің белгісі.
– XX ғасырдың екінші жартысында Парижде «хай-тек» стилі пайда болып, ол әлі күнге дейін өз ықпалын жүргізіп келе жатқаны белгілі. Сіз де соңғы кездері «ой-тек» ұлттық стилін айтып жүрсіз. Бұл архитектураның одан қандай айырмашылығы бар?
– Француздардың архитектурасына ғана емес, тұрмыстық киім-кешек өндірісіне, қолөнер заттарына да еніп кеткен бұл стильге біздің де бет бұруымыз керек. Оған өз құндылықтарымызды құнттай отырып келсек деймін. Біз ұсынғалы отырған «ой-тек» стилі осыған қадам жасайды. Өзінің аты айтып тұрғандай, қазақтың «ой» және «тек» деген екі сөзінен, екі ұғымынан құралған. Ой – ұлттық «менді» айғақтаса, «текті» өзіңіз де білесіз. Біз текті халықпыз. Сондықтан біздің ұлттық сәулет өнеріміз де тектілік негізінен құрылуы керек. Сәулет өнері ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге де осыны енгізіп, дамытуымыз керек. Міне, сол себепті ой мен тек сөздерінен өріс алған «ой-тек» стилінің өзегі тереңде жатыр дер едім. Ал алдағы уақытта «ой­-тек» архитектурасынан халқымызға тән қонақжайлық, ашықтық, қайсарлық, яғни сақ дәуірінен келе жатқан этногенезис белгілері көрініс табады деп ойлаймын.
– Мемлекетіміздің бет-бейнесі болатын рәміздерімізді қалай құрметтеп жүрміз? Бұған сіздің көңіліңіз тола ма?
– Біз дәл осы мәселені жастарға көбірек насихаттауымыз керек. Мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарының, мектептердің кіреберісінде Елтаңба мен басқа да рәміздер қойылады. Ең бір өкініштісі, әр жерде Елтаңбаны әркім әртүрлі сипаттайды. Бүгінде рәміздерді жасайтын лицензиясы бар қаншама мекеме бар. Арнайы комитет арқылы аталған мекемелерге қатаң талаптар қойылып, жаңа үлгінің дұрыс қолданысқа енгізілуін қадағалауымыз керек деп ойлаймын. Елтаңбаның алтын түстес түсін де бір қалыпқа келтіре алмай, тіпті ондағы кішкентай детальдарға да көңіл бөлінбейтін кездер өте жиі орын алады. Бұл рәмізді Қытайдан тауар ретінде әкелетін мекемелер де бар. Бұған тыйым салынуы керек. Өйткені Елтаңба тауар емес. Базарда сатылатын картоп немесе сәбіз емес. Бұл – Елтаңба, бұл – ұлттың символы. Оны бұлай түсінген адам тәуелсіздіктің қадір-қасиетін білмейді. Оны қадірлеуіміз керек. Сондай-ақ, ол қолмен жасалатын да нәрсе емес. Қазіргідей технологиялар дамыған заманда оны жаңа электронды жүйемен жасауы керек. Тек құлқынның қамы үшін мұндай жауапкершіліктен қашып, сапасына, мән-мағынасына мән бермеуді ұлтына жаны ашымайтын адамның әрекеті деп түсінемін. Негізінде, оның үш жылдық кепілдік уақыты болуы керек.
– Мұны жастарға насихаттағаннан нәтиже болады деп ойлайсыз ба? Бұл әрбір адамның міндеті ғой.
– Дұрыс айтасыз. Дегенмен қай ұлт, халық болмасын болашағын жастарымен, елдің ертеңімен байланыстырады. Мен осы тұрғыдан айтып отыр­мын. Біздің жастарымыз өте талантты, дарынды, ақылды. Бірақ, шыны керек, әсіресе, жастарымыздың бойынан нағыз қазақы сана емес, деформацияға ұшыраған кейіпті көп байқаймын. Алайда тәуелсіздік деген тәтті ұғымның бізге қалай келгенін түсіндіретін, бойларына сіңіретін шаралар өте көп жүргізілу керек. Мұны баланың 12 жасына дейін ата тарихын біліп алатындай етіп жасау керек. Әр бала кішкентай күнінен анау өсіп тұрған жусанымыздың өзіміздікі екенін, анау ағып тұрған біздің бұлағымыз екенін білуі қажет. Ол лайланса, тірлігіміз де лайланады. Тәуелсіздікті біздің орманымыз да, тау-тасымыз да, орман-көліміз де, жер астындағы қазба байлықтарымыз да аңсады. Аңсаумен жеткен құндылығымыздың қадірін білуге жұмыс жасасақ болды. Бұл жолдағы «әттеген-айлардың» түйіні өзінен-өзі тарқатылар еді.
Cұхбаттасқан:
Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button