Қоғам

Жігіттер жеңіл жұмысқа неге әуес?



Жақында ауылдан киім-кешек алуға туыс ағам келді. Содан екеуміз қаладағы бір сауда үйіне бардық. Әуелі ерлерге арнап киім сатып тұрған бір бутикке кірдік. Алдымыз­дан өткір қылыштай жалаңда­ған жиырмадағы жас жігіт шыға келіп: «Брат, сіздерге қандай киім керек, кез келгеннің бағасын түсіріп берем» деп жаны қалмай сөйлей жөнелді. Ағама ондағы киімдер ұнамады ма, келесісіне бас сұқтық. Онда да жас қазақтың жігіті тұр екен. Тағы бір дүкенге барғанда… осы көрініс қайталанды. Қысқасы, аталған сау­да үйінде жап-жас зіңгіттей жігіттердің киім-кешек сатып тұрғанын көрдік. Ағам осы жағдайды байқап қалған болуы керек, «Немене, қазіргі жігіттердің қыздармен орны ауысып кеткен бе?» деп маған қарайды.


Шынында да, бұрын киім-кешекті қыз-келіншектер сатып тұратын. Бір жағынан, бұл кәсіп оларға жарасып тұрушы еді. Бірақ қазір уақыт өзгерді. Біз бұл жерде біреуді кінәлап сөйлеуден аулақпыз. Алайда тепсе темір үзетін жас жігіттердің оңай, жеңіл кәсіппен нан тауып жүргені біртүрлі көрінді.
Қазіргі жастардың көпшілігі жанды қинап, ауыр жұмыс істегілері келмейді. «Дайын асқа тік қасық» болғылары келіп тұрады. Былтыр досымның інісі елордадағы бір колледжде үш жыл оқып, электрик мамандығын алды. Содан досым інісін құрылыс компаниясына өз мамандығымен жұмысқа тұрғызды. Бірақ ол сол жұмысты бір ай ғана істеп, «ауыр екен» деп шығып кетті. Қазір бір мекемеде күзетші болып істейді. «Ақшасы аз болса да, жанға жайлы» деп қояды. Астанада электрмен дәнекерлеуші, темір жонушы, ұста сияқ­ты жігіттерге лайық, жалақысы тәуір кәсіптер жетіп артылады, бірақ жұмыссыз жүрген жастар қатары азаятын емес. Олардың көпшілігі заманға икемделіп, жаңа кәсіпке бейімделгеннен гөрі папкі ұстағанды, қағаз тасығанды ұнатады. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Халқымызда «армансыз адам қанат­сыз құспен тең» деген нақыл бар. Қазір мектепте оқып жүрген оқу­шылардан «қандай арманыңыз бар?» деп сұрасаңыз, көбі үнсіз қалады. Тәтемнің 10-шы сынып оқитын баласынан «Өскенде кім болуды қалайсың?» десем, «білмеймін, бір бұйырған оқу тұрған шығар» деп жауап берді. Сондай кезде көз алдыма 9-сыныпта оқып жүрген өзімді елес­теттім. Бала жасымнан әдебиет­ке құштар болып, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналис­тика факуль­тетінде оқысам деп армандадым. Осы арманымды айтып, біздің ауылдан шыққан Алматыдағы жазушы ағаларым Сапабек Әсіп пен Қоғабай Сәрсекеевке хат жаздым. Бірақ арман алдаған жоқ. Алматыда оқымасам да, көздеген арманыма жеттім деп ойлаймын.
Биыл елімізде «Жастар жылы» жарияланды. Бүгінде жастарға білім алуға, толыққанды бір мамандықтың иесі болып шығуға барынша жағдай жасалып жатыр. Жұмысқа да орналасуға мүмкіндік көп. Тек адамның аянбай еңбек етуге құлқы мен ниеті болса, біраз биікті бағындыруға болады. Бастысы, армандай білу керек. Жастар қиындықтан қашпаса, жеңіл жолды таңдаймын деп адаспаса екен.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button