Басты ақпаратБілім

Үзіліссіз үдеріс

Айман Дөшкенқызы бүгін де таңғы 5.45-те оянды. Көктемнің әсері ме, сергек тұрды, көңілі де әлденеге қуанышты секілді. Өзгелерді оятып алмайын деп, аяғының ұшымен жүріп жуыну бөлмесін бетке алды. Таңғы асын әзірлеген соң, жұмысқа баратын киімін киіп, шашын ретке келтірді. Содан соң күндегідей пысылдап ұйықтап жатқан немересін маңдайынан сүйіп, еркелетіп оятты.

Күндегідей үйінен 6.40-та шық­қан. Аялдамаға дейін он минут жүреді. Қалай да 6.50-дегі автобусқа үлгеруге тиіс. Одан кешіксе, келесі автобус сағат 7.00-де келеді. Рас, қоғамдық көліктердің интервалы қолайлы. Оның үстіне, күнде мінетін 21 нөмірлі автобус та таза, ыңғайлы. Бірақ сағат 7.00-дегі автобусқа қалса, кісі көп болатынын біледі. Ондайда немересі аяқ астында тапталып қалмауы үшін қорғалақтап, алаңдап отырады. Автобус кешікпей, дәл уақытында келді. Немересі екеуі ыңғайлы орынға жайғасып, жол бойы әңгімелесіп барды.
Айман Тоқпатаева автобуста үлкенді сыйлап, орын беріп жатқан жастарды көргенде іші жылып қалады. Бірақ көбінесе бір орын болса, өзі отырмай, немересін жайғастыруға тырысатыны рас. Ондайда «Әже, сіз отырыңызшы, мен тұрып тұрайын» дейді Фатима. Ол өзі істейтін мектепте 4-сыныпта оқиды. Кішкентай баланың бойындағы үлкен жүректі көргенде іштей қуанып, оны: «Сен әлі кішкентайсың. Бойың кішкентай, көп кісінің арасында қысылып, тапталып қалуың мүмкін. Сондықтан қазір сен отыр, ал кейін сен өскенде сен тұрып тұрасың, мен отырам» деп көндіреді.

***

«Бәйтерек» аялдамасынан түскен соң жылы автобустан таңғы салқыны бет қаритын далаға шыққанда немересінің телпегін түзеп, мо­йынорағышын қымтап орап берді. Содан соң оны қолынан жетектеп, мектепке дейін бес-алты минут жүріп барды.
Сағат 7.25-те мектепке кірген. Мектеп деген осындай қастерлі болар ма еді, сыртқы есіктен кіргеннен мұнтаздай таза, жарқыраған, әсем ғимараттың бөлек аурасы жанына жайлы тиді. Бүгін вахтада Гүлжан апай екен. Сәлемдесіп, хал сұрасқаннан өзінің ең жақын адамдарының арасына оралғандай сезінді. Дәлізде де – өзіндей мұғалімдер. Әрқайсысы өз тұғырына қонған қырандай болып өз кабинеттерінде отыруға, ұстаздық қызметіне кірісуге асығып, өз жөнімен бара жатыр.
Бұл мектепте сабақ әр пән бо­йынша жабдықталған кабинеттерде өтеді. Яғни бастауыш сыныптар белгілі бір кабинеттерде оқығанымен, жоғары сынып оқушылары өтетін сабағына қарай кабинеттен кабинетке көшіп жүреді. Ал мұғалімдер өз «құрал-саймандары» толық қамтылған кабинетте отырып, келіп-кетіп жатқан оқушыларды қарсы алып, шығарып салып отырады. Кабинетке кіріп, сырт киімін шешіп, шашын тарап, бойын түзеген соң біздің кейіпкеріміз өзіне белгіленген сабақ кестесін қарады. Кейбір күрделі тақырыптар бойынша әдістемесін ақтарып, ойын жинақтады. Сағат 8-ге таяғанда суатқа қарай ағылған жылқыларға ұқсап білім нәріне бас қойған балалар бірінен соң бірі келе бастады.

***

Сағат 8.00. Қоңырау үні – қырық жылдан бері ұстаздық қызмет етіп келе жатқан Айман Дөшкенқызының өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткен әуезі. Кейде тіпті әлденеге мазасызданып, «шеке-басы тырысып» келсе, қоңырау үнін естігеннен кейін «басы жазылып», жадырап сала береді.
№66 мектеп-лицейде қоңырау орнына Құрманғазының күйі ойнатылады. Психологтардың өзі «баланың жанын музыка арқылы тәрбиелеуге болады» дейді емес пе?! Мысалы, ауыр рок тыңдайтын балалар мен классика музыкасын, соның ішінде күй тыңдап өскен балалардың мінез-құлқы өзінше бөлек, ерекше болады. Ендеше бұл музыканың да олардың санасын, талғамын қалыптастыруға, жанын тәрбиелеуге оң ықпал ететіні сөзсіз.

***

Қыркүйек айында – жаңа оқу жылы басталғанда адаптациядан өткенше іштей аздап жайсыздық сезінетіні болмаса, Айман Дөшкенқызы балаларға сабақ өткеннен шаршаған емес. Өзінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға әбден қалыптасып алған. Бірақ қырық жыл қызмет етсе де, ұстазға үнемі бір ізбен, бір әдіснамамен жүру жат. Ол әрдайым ізденіс жасап отырады. Үзіліс кезінде, әріптестерімен бас қосқанда немесе семинар, коуч­тарға қатысқанда өзгелердің ең озық әдістерін үйреніп, өз тәжірибесін байытуға тырысады. Әрине, бұрынғы оқушылары мен қазіргі оқушылары ұқсамайды. Ұстаздық еткен қырық жылда толқын-толқын болып алдына келген балалардың әрқайсысы өзінше ерекше екенін сезінбеуі мүмкін емес. Мысалы, осыдан он жыл бұрынғы оқушылар басқаша болатын. Ал қазіргілер бөлек.
Айман Дөшкенқызының ойынша, бала, оқушы, жастар да үлкендерге мотиватор бола алады. Олар үнемі үлкендердің ізденіп, дамып, өз бабында болуын талап етеді. Мысалы, қазіргі балалар білімді. Өйткені олардың ізденетін, үйренетін мүмкіндіктері көп. Көбіне мұғалімдер білмейтін нәрселерді де біледі. Мұғалім көрмеген ел мен жерді көріп, шет елдерге шығып жүргендері қаншама. Қазір ешкімге шектеу жоқ.
Ұстаз бәрінен биік болуға тиіс. Осындай талапшыл, талғампаз, еркін өсіп, дамып жатқан балалардың алдында ұстаздық етіп, сабақ өту де үлкен жауапкершілік, ауыр міндет екені рас. Олардың сұрақтарына жауап бере алмай, төменшіктеп қалмау үшін де ғаламторды ақтарып, қажет ақпараттарды игеріп, тіпті әлеуметтік желілерді де қарап отыру қажет. Біздің кейіпкеріміз де сабақ кезінде смартфонының дауысын дыбыссыз режимге қойғанымен, түстен кейін кең уақытта немесе кешкі астан кейін 20-25 минуттай ғаламтордан, әлеуметтік желілерден жаңалықтарды шолып шығуды әдетке айналдырған.

***

Сабақ үсті. Бүгін 5-сынып оқушыларынан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасы туралы сұраған. Өткен сабақта үйге тапсырылған еді. Сабақ ерекше әсерлі болды. Расында, қазіргі балалардың талғамы да, ой-өрісі де бөлек екен. Бұрынғы оқушылары Қожаны «тәртіпсіз» деп сынап, жағымсыз кейіпкер деп қараған болса, қазіргі балалар оның бо­йындағы құнды қасиеттерді көре біледі екен. Бек, Алуа, Мұхаммед, Айғаным, тағы басқа оқушылар Қожаның еркіндікке ұмтылған, өжет, ақылды екенін айтып дәлелдеді. Өз ойын ашық айтатын шәкірттерінің сөзін естігенде мұғалім іштей тебіреніп сала берді.

***

Сабақ күндегідей 1.30-да аяқталды. Бұл уақытта күні бойы мектепте қосымша сабағына барып, үй тапсырмаларын орындап, түскі асын ішкен немересі сабағына кеткен. Мұғалім балаларды шығарып салған соң сыныпта қалып, оқушылардың дәптерлерін тексерді. Үй тапсырмаларын kundelik.kz сайтына жазды. Сынып жетекшісі ретіндегі қосымша жұмыстарын атқарып болған соң ертеңгі сабақтарын пысықтап, дайындалды. Әр сабақ қызықты өтуі үшін ғаламтордан, газет-журналдардан қосымша мәліметтер алып, да­йындады. Дәрісті баланың санасына жеткізудің жолы оны бүгінгі күнмен байланыстырып өту екенін бұрыннан білетін.

***

Сағат кешкі 19-дан 20 минут өткенде немересі сабақтан шығып келді. Олар жеті сабақ өткенде осындай уақытта шығады. Немересі екеуі киініп, мектептен шыққанша сағат сегізге таяп қалған. Көк мұзға тайып құламасын деп, баланың қолынан мықтап ұстаған мұғалім аялдаманы бетке алды.

***

Қырық бір жыл бұрын еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында мұғалімдіктен бастаған Айжан Дөшкенқызы сонда 9 жыл мектеп директоры болған. Одан соң дәм айтып Рудныйға көшіп барды. Сол жерде он жылдай қызмет етті. 2011 жылы Астанаға көшіп келді. Сөйтіп осы №66 мектеп-лицейге мұғалім болып орналасқан.
Біздің кейіпкеріміздің пікірінше, мұғалімнің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жоғары. Тіпті балалардың мықты азамат болып қалыптасуында олардың 70-80 пайыз үлесі бар. Сол жауапкершілікті жанымен сезінгеннен бе, қандай қиындықтан, таршылықтан өтсе де, өзінің ұстаздық жолды таңдағанына ешқашан өкінбепті. Оның бәріне қоңыраудың үні, балалардың у-шуы… – жалпы мектеп өміріне деген сүйіспеншілігі себеп болған еді.

***

Айжан Дөшкенқызы өткен жылы «Жилстройсбербанк» арқылы несиеге пәтер сатып алды. Үй бағасының жарты сомасын тірнектеп жинаған. Содан кейін 8 пайызбен несие берді. Қазір ай сайын 160-170 мың теңге көлемінде жалақы алса, соның 96000 теңгесін банкке құйып отырады. Есесіне пәтерге төлемейді.
Кейде, өзінше отырып ойланғанда, жастарға жаны ашитыны рас. «Жарайды, менің қырық жыл еңбек өтілім бар, соған орай 170 мыңдай аламын. Ал жастарға қиын ғой. Оларды «тәжірибең жоқ» деп жұмысқа алмайды. Алса да, ең төмен жалақыны белгілейді. Олар не пәтеріне, не тамағына жеткізе алмай қиналады. Оның сыртында жас болған соң театрға, киноға бару керек, қосымша курстарға барып, өзін-өзі дамыту қажет қой» деп кейде іштей осылай ойлайды. Өйткені кей саладағы қызметкерлер жұмысынан тыс қосымша кәсіппен айналысса да, дәл мұғалім олай істей алмайтыны анық.

***

Немересін жетектеп үйге жеткенше сағат тоғызға таяп қалған. Киімін ауыстырып, қолын жуған соң, дереу кешкі асын әзірлеуге кірісті. Одан соң немересінің сабағын тексерді. Әлеуметтік желі арқылы елде не болып жатқанынан хабардар болу үшін фейсбукті бір шолып шықты.

   P.S. Арайлап атқан әр таңда күн бізге: «Әй, адам, мен сенің күніңмін әрі куәгеріңмін» дейді екен. Көктемнің алғашқы күнінде №66 мектеп-лицейінің білікті мұғалімі, қырық жылдық тәжірибесі бар Айман Тоқпа­таеваның бір күніне осылай біз де куә болдық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button