Жаңалықтар

Тасқынға – тосқын

Көктем лебі білінді. Қар көбесі сөгіліп, қырдың төбесі көрінді. Бірақ қыс аяқталып, күн жылынса болды, әсіресе, қаланың шеткі аудандары мен ауыл-аймақ тұрғындары қызыл судан қауіптенетіні жасырын емес. Бұл тұрғыда қалалық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте аудан әкімдері тасқын суға қарсы қандай шаралардың қабылданып жатқанын баяндады.

Сарыарқа ауданының орталық көше­лерінің жаяу жүргінші жолы қардан толық тазартылған. Атап айтқанда, Сарыарқа, Республика, Абай, Жеңіс даңғылдары мен Кенесары, Мәмбетов, Омаров, Рысқұлов, Сейфуллин, Бигелдинов, Бейсекова, Косшығұлұлы, Ақан Сері көшелерінің бойы, Темір жол вокзалы мен Сапаржайға жақын орналасқан көшелер, «Агроқалашық», «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын алаптарының орталық көшелері, Тілендиев даңғылының сол жағындағы қар қала сыртына шығарылыпты. Қыстың соңғы күні, 28 ақпанда сенбілік өткізіліп, 100 студент зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар тұратын аулалардағы қарды тазалаған екен.
Ал Алматы ауданындағы 76 әлеуметтік нысаннан қар шығару жұмыстары жүргізіліп, бүгінде олардың 65-де жұмыс аяқталыпты. Қалған 11 нысандағы жұмыс 10 наурызға дейін аяқталатын көрінеді. Қазіргі уақытта ұзындығы 9 420 метрлік арық желілерін қар мен мұз құрсауынан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Су тасқыны болған жағдайда Алматы ауданы бойынша 45 сусорғыш көлік жұмылдырылмақ.
Байқоңыр ауданында да су тасқынына қарсы жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр екен. Шұғыл әрекет ету мақсатында жеке сектордан қар шығарылып, арықтар мен жауын-шашын суын қабылдайтын кәріз жүйесі тазаланып, 3000 текше метр үгіндітас пен 400 қап құм дайындалыпты. Бүгінге дейін қардың 90 720 текше метрі полигонға шығарылған. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйлерінен қар шығару жұмысы қызу жүріп жатқан көрінеді. Бұл науқан 15 наурызға дейін жалғаспақ. Сонымен қатар су тасқынына қарсы жедел әрекет ететін аудандық комиссия штабы құрылып, табиғи апат болған жағдайда азаматтардың қауіпсіздігі қала және аудан басшылығының назарында болмақ.
Есіл ауданы бойынша су басу қаупі жоғары 11 орын анықталған екен. Оның қатарында бірқатар тұрғын алабы да бар. Су тасқынын болдырмау мақсатында 27 арнайы техника жұмылдырылып, мектептер мен балабақшалар аулаларынан қар қала сыртына шығарылуда. Қазіргі уақытта 26 балабақшаның 20, 18 мектептің 9-ның ауласы толық тазартылыпты. Сол сияқты «М-1» және «М-2» көпірлер арасында орналасқан нөсерлі кәріздерді қардан, мұздан, қоқыстан тазарту жұмыстары да аяқталған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаспақ.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button