Басты ақпаратҚоғам

Жол ақысы – тәңір хақысы



Алғашқыда «Астанада автобустар енді кондукторсыз жүреді» дегенде күлгеніміз рас. Қоғамдық көліктерге бір емес, бірнеше аппаратты қойып, шығынданған Алматы тәжірибесін ойладық. Елдің өздігінен төлем жасайтынына – ел мәдениетіне күмәнмен қарадық, «жүргізуші бір мезгілде автобус айдап, қосымша жолаушылардың төлем жасауын қалай қадағалайды?» деп те алаңдадық.

Қаупіміз айнымай келгенін көргенде, жұмыссыз қалған кондукторларды аядық та, «түбі бәрібір қайтадан кондукторлар қызме­тіне ораламыз» деп іштей «мысықтілеу» болдық. Бірақ біз қисынды талап пен те­мір­дей тәртіп бұқара халықтың мәдениетін өсіретінін ойламаған екенбіз.
Қазір байыптап қарасақ, көп автобустар алдыңғы есігінен жолаушыларды мінгізіп, ортаңғы және соңғы есіктен түсіреді. Айналдырған бір ай ішінде бұған ел де үйрене бастапты. Алғашқыдай емес, жолаушылардың дені автобусқа міне сала карточкасын валидация жасап, жолақысын төлейді. Қолма-қол төлеу тиімсіз болғандықтан, көпшіліктің карточкалық төлемге мүдделі түрде өтіп жатқанын да аңғару қиын емес. Мұның бәрі, түптеп келгенде, бастаманың игілігін көрсетіп отыр. Біріншіден, жолақыдан қалталарына ақша түспейтін болған соң, тұрақты жалақыға жұмыс іс­тейтін автобус жүргі­зушілері бұрынғыдай жолау­шыға таласып, жолда бір-бірімен жа­­рысып жүрмейді. Екін­шіден, жол жүруден түскен кіріс басы бүтін қала бюджетіне құйылады. Үшіншіден, астаналықтар «жолақы төлеңіз» деп алдына келіп тұратын кондукторға емес, өзінің ар-ұятына бағынып, ерікті түрде төлем жасауды әдетке айналдырады екен.
Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, кез келген ортада санасы биік, мәдениеті жоғары адамдардың ықпалы артса, олар өресі төмен жекелеген тұлғаларды өз ортасына сіңіріп алады. Ал тәртібі мен заңдары «көңілшек», қоғамдық ортаға икемделе беретін елде бұқаралық мәдениет елдің өркендеуіне жол бермейді.
Кез келген жақсы істің ерік-жігер салмай жүзеге аспайтыны да ақиқат. Тиімді тәртіп орнату, қоғамға орынды, дұрыс талаптар қоя білу, тәжірибе көрсетіп жүргендей, қоғамдық сананы, мәдениетті өсіруге айтарлықтай ықпал етеді. Демек, елорда автобустарының кондукторсыз жүруі – жолаушыларды кондукторға емес, өз ұятына бағынуға, еркімен төлем жасауға үйрету жолы. Бұл астаналық менталитеттің шыңдалуына, елорда тұрғындары мәдениетінің өсуіне түрткі деуге болады.
Өз басым алдағы бірер айдан кейін автобус жүргізушілері «төлем жасаңыздар» деп айғайламай-ақ жолаушылардың бәрі тегіс өздігінен жолақы төлеп, жүзі жарқырап тұратын күнге жете­тінімізге сенемін. Өйткені жол ақысы – тәңір хақысы.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button