ЖОЛДАСБЕКОВТІҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Күні кеше ғана Алатау баурайына жайғасқан әсем қаланың туған күні барша сән-салтанатымен тойланды. Осы күні мыңжылдық шаһардың өркендеуіне үлес қосқан бірқатар адам «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды. Олардың арасында қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков те бар.
Мырзатай аға 2000 жылдан бері Астана тұрғыны. Сол жылы елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметіне тағайындалған ғалым содан бері бірнеше қызмет ауыстырса да, соның барлығында жүріп, Астана мәртебесінің артуына, атағының асқақтауына зор еңбек сіңірді. Өзі басшы болған жоғары оқу орнының қақ төріне ежелден өркениетті ел екенімізді дәлелдейтін Күлтегін ескерткішінің көшірмесін орнатқызғанын айтпағанда, қазіргі ұрпақты Абылай ханның алтын зерлі қамқа тонымен, Қаздауысты Қазыбек бидің шапанымен, Балуан Шолақтың белдігімен, тағы басқа ата-бабаларымыздан мұра болып қалған құнды жәдігерлермен қауыштырды.
Ағаның еңбегі ескеріліп, Астана қаласы мәслихатының шешімімен оған 2007 жылы табысты мемлекеттік және қоғамдық қызметі, Қазақстанның елордасы – Астана қаласының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы да берілген болатын. Сөз реті келгенде, ғалым өзі туған Жамбыл облысының құрметті азаматы екенін де айта кетейік.
Мырзатай Жолдасбеков қазір де қызметтен қол үзбей, Қазақ Ұлттық өнер университеті жанындағы Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтына басшылық етіп отыр. Профессор М.Жолдасбековтің жетекшілігімен институт талай жұмыстардың басын қайырды. Ағаның ғалымдығы, жазушылығы, композиторлығы елге аян. Көркем әдебиеттегі нәзік жанр саналатын драматургияға да ат ізін салып тұрады. Оның айқын көрінісі – кезінде Астанада ағаның қаламынан туған «Ұлбике» пьесасы қойылды. Ұлттық өнер университетінде де Ұлттық дәстүрлер театрының құрылуына, ол өнер ұжымының «Алпамыс батыр» қойылымын сахналануына Мырзатай Жолдасбеков мол еңбек сіңірді.
Ал ғалымдық жолына оралсақ, ол басқаратын институт «Дәстүрлі қазақ өнері» антологиясының 25 томдығын, «Ақындар айтысының» 7 томдық таңдамалы жинағын шығаруды мақсат етіп, олардың кейбірі жүзеге асты. Қазақ мәдениеті тарихына және шешендік өнерге, халық ақындарының шығармаларына, жыраулық өнерге, жыршы-термешілерге, әнші-композиторларға, дәстүрлі әншілер мен күйшілердің шығармашылығына арнап том-том еңбектерді шығару жұмысы да жалғасуда.
Алақандай ғана Ақтөбе ауылынан басталып, Астанаға жетелеп әкелген жарқын жолыңыз жалғаса берсін!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ