Руханият

Өмір жолы өнеге

Екінші  дүниежүзілік  соғыс жылдарында дүние есігін ашқан сәбилердің өзі биыл жетпістен асып отыр. Сондай азаматтың бірі көпшілікке қадірлі, барлық саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған  Сатыбай Қажымұратұлы Әбдірахманов. 

erm_1169

Бүгінгі таңда жетпістің бел ортасына көтерілген Сатыбай Қажымұратұлы соғысты онша біле қоймаса да, ата-анасына түскен қиын­шылықты сезініп өскен еді. Ақмола облысындағы кіш­кен­тай ғана Мереке атты ауыл­да кіндік қаны тамған Сатыбай осындағы қазақша төрт сыныпты бітіргеннен кейін әрі қарай қайда баратынын білмейді. Сол кезеңде соғыста болып келген әкесінің інісі Шай­мұрат ептеп оқығаны, сая­си сауаттылығы бар кісі екен. Баланың келешегі орыс тілінде екенін аңғарып, Ерофеевка же­ті­жылдық мек­тебінің екінші орыс сыныбына оқуға береді. Бір ауыз орыс тілін білмейтін бала жарты жылда осы тілді жақсы меңгеріп кетеді. Содан онжылдықты Журавлевка орта мектебінде тәмамдайды. Мектепті ойдағыдай бітірген жеткіншек, енді не істеймін деген ойға қалады. Жоғары оқу орнына барайын десе, кәрі ата-анасына қамқоршы керек. Осындай ойда жүргенде аудандық оқу бөлімінің басшысы бір мектепке математика пәнінің мұғалімі болып баруды ұсынады. Осы ұсынысты қабыл алған жас жігіт Урюпин мектебіне орналасады. Бір жылдан кейін математика пәніне зерек жігіт Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факуль­тетінің студенті болып шыға келеді. Студент болып жүріп, қарт ата-анасының тірі кезінде келін түсіріп, немере сүйгізейін деген ниет­пен Жарқайың ауданының студент қызы Манатпен танысып, отбасын құрады. Бұл 1966 жыл болатын. Міне, содан беріде жарты ғасыр уақыт өтті. Таяу уақытта олар алтын тойларын атап өтпекші. Бүгінде үш бала­ның әкесі, алты немересінің атасы болып отырған Сатыбай Қажымұратұлы «Өз өмірім – өз бақытым» дейді өткен жолына ризашылық сезімін білдіріп.

Университетті қызыл дип­ломмен бітірген Сатыбай Әбдірах­манов Целиноград инженерлік-құрылыс институтына ұстаз етіп жібереді. Аз уақыттың ішінде аға оқытушы дәрежесіне көтеріледі. Қазақ политехникалық инс­ти­тутының аспирантурасын бітіреді. Алайда, әртүрлі кедер­гілерге байланысты ғылыми атақ ала алмайды. Дегенмен, әріптестері мен шәкірттерінің көпшілігі бұл кісіні «халық профессоры» деп атайды. Өйткені, Сәкең математика пәнінің жілігін шағып, майын ішкен ұстаздардың қа­тарына жатады.

Бүгінде жетпістің бел ортасынан асып бара жатқан Сатыбай Қажымұратұлы елу жыл отасқан зайыбы Манат Жүнісқызы екеуі балаларының амандығын тілеп, немерелерінің келешегін ойлап жүрген абзал жандар. Олар бақытты отбасының ұйытқысы болып отыр. Осы ғұмырлары әлі ұзақ жылдарға жалғаса берсін демекпін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button