Руханият

ЖОЛДАСБЕКОВТІҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ

Күні кеше ғана Алатау баурайына жайғасқан әсем қаланың туған күні барша сән-салтанатымен тойланды. Осы күні мыңжылдық шаһардың өркендеуіне үлес қосқан бірқатар адам «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды. Олардың арасында қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков те бар.

era_1058

Мырзатай аға 2000 жылдан бері Астана тұрғыны. Сол жылы елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры қыз­метіне тағайындалған ғалым содан бері бірнеше қызмет ауыс­тырса да, соның барлығында жүріп, Астана мәртебесінің артуына, атағының асқақтауына зор еңбек сіңірді. Өзі басшы болған жоғары оқу орнының қақ төріне ежелден өркениетті ел екенімізді дәлелдейтін Күлтегін ескерткішінің кө­шір­месін орнатқызғанын айт­пағанда, қазіргі ұрпақты Абылай ханның алтын зерлі қамқа тонымен, Қаздауысты Қазыбек бидің шапанымен, Балуан Шолақтың белдігімен, тағы басқа ата-бабаларымыздан мұра болып қалған құнды жәдігерлермен қауыштырды.

Ағаның еңбегі ескеріліп, Ас­тана қа­ласы мәс­лихатының шеші­мімен оған 2007 жылы табысты мемлекеттік және қоғам­дық қыз­меті, Қазақ­стан­ның елордасы – Астана қаласының қалып­тасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін «Астана қаласының құрметті аза­маты» атағы да берілген болатын. Сөз реті келгенде, ғалым өзі туған Жамбыл облысы­ның құрметті азаматы екенін де айта кетейік.

Мырзатай Жолдасбеков қазір де қыз­­меттен қол үзбей, Қазақ Ұлттық өнер университеті жанындағы Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтына басшылық етіп отыр. Профессор М.Жолдасбековтің жетекшілігімен инс­титут талай жұмыс­тардың басын қайырды. Ағаның ғалым­дығы, жазу­шы­лығы, компо­зитор­лығы елге аян. Көркем әде­биет­­тегі нәзік жанр сана­латын драматургияға да ат ізін салып тұрады. Оның айқын көрінісі – кезінде Астанада ағаның қаламынан туған «Ұлбике» пьесасы қойылды. Ұлттық өнер университетінде де Ұлттық дәс­түрлер театры­ның құрылуына, ол өнер ұжы­мының «Алпамыс батыр» қойы­лымын сахналануы­на Мырзатай Жолдасбеков мол еңбек сіңірді.

Ал ғалымдық жолына орал­сақ, ол бас­қаратын институт «Дәстүрлі қазақ өнері» антологиясының 25 томдығын, «Ақындар айтысының» 7 томдық таң­дамалы жинағын шығаруды мақсат етіп, олар­дың кейбірі жүзеге асты. Қазақ мәдениеті тарихына және шешендік өнер­ге, халық ақындарының шығарма­ларына, жыраулық өнерге, жыршы-термешілерге, әнші-компо­зиторларға, дәстүрлі әнші­лер мен күйшілердің шы­ғар­машылығына арнап том-том еңбектерді шығару жұмысы да жалғасуда.

Алақандай ғана Ақтөбе ауылынан басталып, Астанаға жетелеп әкелген жарқын жолыңыз жалғаса берсін!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button