ӘлеуметБасты ақпарат

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЖАДЫРАТҚАН ЖӘРМЕҢКЕ



Кеше «Думан» ойын-сауық орталығы алдында «Ауылдың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» акциясы аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды. Ағымдағы ап­та соңына дейін жал­ға­­сатын жәрмеңкелерде Ас­тана қаласы мен Ақ­мола облысының тауар өн­ді­рушілері елор­да­лық­тарға көкөністі, сүт өнім­дерін, кондитерлік және ұннан жасалған тағамдарды арзандатылған бағамен ұсынады.

ERM_6276

Бас қалада жәрмеңкені жеміс-жидектің әбден піскен шағында, төрт түліктің қоңы көрінген күз мезгілінде ұйымдастыру үйреншікті әдетке айналғаны белгілі. Қала тұрғындары биылғы жәрмеңкелер жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында бастау алғанын құп көріп, әртүрлі азық-түлік қойылған сөрелерді аралап, дорбаларын керек тауарлармен толтырды. Әсіресе, жәрмеңке өтіп отырған алаңға жұмыстан қолы бос зейнеткерлер таңнан жиналды. Біз солардың бір-екеуін әңгімеге тарттық.

– Астанада көптен бері тұрамыз. Осындай жәрмеңкелерде азық-түлік қала базарларына қарағанда арзан бағамен сатылады. Әрине, біз сияқты зейнеткерлерге бұл өте қолайлы. Ұйымдастырушыларға сол үшін көп-көп рахмет айтамын, – дейді Күлдәш Кәрімова есімді қала тұрғыны.

ы сіздердің газеттеріңізден оқып білдім. Таңнан келіп, картоп пен сәбізді толтырып алдым. Өзім отыз төрт жыл сауда саласында жұмыс істеп, мұның қыр-сырын жақсы меңгеріп алдым. Сұраныс болса, ұсыныс та соған сай болуы керек. Ал, мына жәрмеңкеде сұраныс та, ұсыныс та бар, – дейді Екатерина Бородина.

Жәрмеңкеге келген адамдармен тілдесе жүріп, олардың тілектерін де тыңдадық. Сүт өнімдері қойылған сөренің маңына таяған етжеңділеу ер адам «Қаймақ бар ма?» деп сұрады. Сатушы қыз оған қаймақтың кейіндеу әкелінетінін жеткізді. Біз сол тұтынушының жанына барып, аз-кем тілдестік. Өзін Қадыр деп таныстырған ағамыз «Қызылсырап отырған жайым бар, шіркін, осы жәрмеңкеде ет сатылса екен» деген тілегін айтты.

Талғат атты замандасымыз үй іші оны өсімдік майы мен қант сатып алуға жәрмеңкеге жібергенін айтып, соны осы жерден көре алмай тұрғанына өкініш білдірді.

Тұтынушылармен тілдесе бермей, сатушыларды да сөзге тартуды ұйғардық. Ірімшік, құрт, май сатқан қарындасымыздың шап­шаң қимылына сүйсіндік. Жайдары жүзбен қызмет көрсетіп тұрған оның қолы сәл қалт еткенде бірнеше сұрақты қойдық. «Біз Қараөткел ауылында тұрамыз. Анам Мейрамгүл Боранбай «Сыбаға» бағдарламасымен несиеге мал алып, ісін дөңгелетіп отыр. «Ата кәсіп – елге нәсіп» демекші, біз соның игілігін көріп отырмыз. Мына сөреде жатқан азық-түлік – өзіміз өндірген таза табиғи өнімдер» деді Асылгүл есімді қарындасымыз.

Көкөніс сатып тұрғандардың жанына барып, тауарлардың бағасын сұрадық. Сыпайылық танытып, есімін атамаған сатушы картоп, сәбіз, пиязды 60 теңгеден, қызылшаны 150 теңгеден саудалап жатқанын айтты. «Картоп қай жердікі?» деген сұрағымызға «Керекудікі» деп жауап берді.

Алдында айтқанымыздай, жәр­меңке апта бойы жалғасады. Жұмыс күндері қолы босамайтын халықтың сенбі мен жексенбі күні оған келіп, арзан бағамен керек азық-түлікті сатып алатын мүмкіндігі бар.

А. ҚАЛЖАНОВ, astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button