Басты ақпаратЖаңалықтар

Қазақстан – қарашаңырағым

Қырдан алтынкүректі ілестіріп әкелген бүгінгі күн ағайынға көктемнің алғашқы мерекесін де сыйлап отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күнін бүгін еліміз тұңғыш рет тойлайды. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетін өткен ғасырдың орта шенінде берік ұстанған халқымыз тағдырдың тәлкегімен Қазақстанға жер аударылған көптеген ұлттарға құшағын айқара ашып, бауырына басты. Өздері тар үйде отырса да, төрінен  орын беріп, ішіп отырған асымен бөлісті. Бүгін соның жемісін көретін күн! Қазақтарға қазақ жерінен пана тапқан ұлттар мен ұлыстардың алғыс айту күні!

999 1

Қазір қарап отырсақ, сол бір қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған ұлттардың есесі кетіп отырған жоқ, төрт құбыласы түгел. Бәрінің мәдени ошақтары да, мектептері де жұмыс істеп отыр. Белгілі бір кәсіппен айналысамын дейтіндердің де жолы ашық. Қазақстан сынды бейбіт елде бүгіндері 130-ға тарта ұлт пен ұлыс мамыражай тірлік кешуде. Осы жерде ұрпақ өрбітіп, болашағына алаңдамайды.

Кешегі алмағайып тоқсаныншы жыл­дардағыдай тарихи отандарына көшуді де ойламайды. Тіпті, тарихи отандарына көшіп кетіп, Қазақстанға қайта оралып жатқандар көп. Қазақпен болмысы біте қайнасып кеткен адамның өзге елден орын табуы, әрине, қиын. Бір атаның балаларындай бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен ұлттар ынтымақтастығы ел ырысын арттыра түседі. Қазақстан – қазір көптеген этностарға қарашаңырақ болып отыр. Олардың аузынан «Қазақтарға қарыздармыз» деген сөзді жиі естуге болады. Ендеше, Алғыс айту күні – қарашаңырақтың қасиетін сезіндіретін мереке.

А. Қалжанов, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button