SportБасты ақпарат

Жылдың үздік спортшылары



Ұлттық Олим­пиада комитеті 2019 жылдың қорытындысын жариялап, үздік спортшыларға «Алтын самғау» жүлдесін тапсырды.Үздік спортшылар дәстүр бо­йынша awards.olimpic.kz сайтында дауыс беру арқылы анықталды. «Алтын самғау» сыйлығы лауреаттарын 820 мың қазақстандық таңдады.
«Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» атағын бокстан әлем чемпионы атанған ­Бекзат Нұрдәулетов иеленді. ­Бекзат биыл Екатеринбургте өткен әлем біріншілігінде 81 келі салмақта жеңімпаз болды. Ол жартылай финалда әлемнің төрт дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы, кубалық Ла Крусты айқын басымдылықпен ұтып есте қалды. «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» аталымында мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева топ жарды. Элизабет биыл Жапонияда өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Ол 16 жастан жоғарылар арасында «четверной сальхов» жасаған тұңғыш спортшы болды. Чилиде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанған каратэші Әбілмансұр Батырғали «Жылдың ең жас үздік спортшысы» атанды. «Жылдың үздік командасы» атағына шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы лайықты деп танылды. Биыл Қазақстан хоккейшілері әлем біріншілігінің А тобындағы бірінші дивизионда жеңімпаз атанып, әлем чемпионатының элиталық тобына шықты.
«Алтын самғау» жүлдесіне биылдан бастап жаңа номинация қосылды. «Паралимпиада спортының үздік спортшысы» атағы Нұрлан Домбайға берілді. Нұрлан биыл пара­таэквондо спортынан өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған.Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті ­Тимур Құлыбаев «Қазақстан спортының жетістігі» арнайы сыйлығын атақты желаяқ Әмин Тұяқовқа салтанатты жағдайда табыс етті. Жыл бойы халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғаған үздік спортшыларды Премьер-министр Асқар Мамин, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі ­Алтай Көлгінов, Еңбек Ері Жақсылық ­Үшкемпіров, атақты спортшылар ­Ольга ­Шишигина, ­Құралбек ­Ордабаев, Гюзель ­Манюрова және басқалары марапаттады.
Алдағы 2020 жыл – Олимпиада жылы. Төрткүл дүниенің дүбірлі додасы Жапония астанасы Токиода өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары ел намысын абыроймен қорғайды деп сеніммен қараймыз.




Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button