Руханият

Қазақтың қаһарман қыздары

1986 жылы Желтоқсанда алаңға барғаны үшін жалаға ұшырап, түрлі жапа шеккендер мен көтеріліске еш қатысы болмаса да, зәбір көргендердің жалпы тізімін жасап шығу, әрине, мүмкін емес. Дегенмен Желтоқсан қарлығаштарының толық емес тізімін жасауға талпынып көрейік. Бірқатар деректер бойынша, алаңға барған азаматтар саны 10 мың адам, ал қайсыбірінде 50 мың адам екендігі айтылады. Алаңға тек ер-азаматтар ғана емес, нәзік жанды, қайсар мінезді аруларымыздың да шыққаны барлығымызға мәлім. Сондықтан да олардың бізге жеткізген әр сөзі құнды әрі құрметті деп білемін.Сондай қаһармандарымыздың бірі – Гүлнар Кеңесқызы Байбосынова апай былай әңгімелейді: «Арамызда таяқтан бет-жүзі адам танымастай өзгеріп кеткен бір жігіт болды. Оның көзі шығып кеткен еді. Содан бізді жеті түнде Шамалған жақтағы жүгері егетін алқапқа апарып тастады. Күн суық. Бәріміз оңбай таяқ жегенбіз. Жолдың бойымен қалаға қарай жүгірдік. Ешқандай машина тоқтамайды. Әйтеуір таң ата жатақханаға жетіп жығылдым. Суық қатты өтіп кеткен еді. Бір ай ауруханада жаттым». Өзінің айтуынша, кеудесінде намыс оты жалындаған жастардың алаңға жиналып жатқанын естіген Гүлнар апай: «Қыздар, жүріңдер! Көше-көшені аралап, барлық қыз-жігіттерді қатарымызға тартайық! Бәріміз бөлінбей, бірге барайық!» деп ұран көтерген. Алайда оларды жасақшылар көліктерге тиеп алып, Алматыдан алыс жерлерге, қу далаға апарып тастайды. Гүлнар Байбосынова кейінірек ұсталып, бес ай тергеуге алынып, жазасын өтейді. Бірақ ол алаңға барғанын, өз ұлты мен елінің мүддесі үшін жанын жалау еткенін зор қуанышпен еске алып, мақтан тұтады. Менің ойымша, біз Гүлнар апай секілді ұлт қаһармандарына, халқының бақыты үшін мерт болған Желтоқсан боздақтарының рухына тағзым етуіміз керек. Бір қуанарлығы, жыл сайын Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі зерттеліп, оның құрбандарының тізімі толығу үстінде. Мысал ретінде ел мен жердің намысын ту етіп, Қылмыстық кодекс бо­йынша жазаланған апаларымыз­ды еске алғым келеді:
Сәбитова Жансая Әлкейқызы – Алматыдағы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің оқытушысы, 5 жыл.
Салықова Нағима Асқарқызы – Алматы бас киімдер фабрикасының есепшісі, 3 жыл.
Еспенбетова Қаншайым Мұхатқызы – «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл 6 ай.
Махметова Айткүл Әбдірахманқызы – №1 баспахананың жұмысшысы, 2 жыл.
Әбілқайырова Гүлнар Бердіқожақызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 3 жыл.
Панинова Гүлвира Төлебайқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Шамаева Галимат Әбенқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Лепесбаева Гүлнар Сабырғалиқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Рақымжанова Гүлмира Әкімжанқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Иманбаева Қайыпхан Сұлтанқызы – «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл.
Рамазанова Ғалия Файзуллақызы – тігінші-моторист, 1 жыл (еңбекпен түзеу жазасы).
Мергенова Бақша – мүгедектігіне байланысты жұмыс істемеген, 3 жыл.
Әлиева Раушан – Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті, 1 жыл.
Еркінбекова Әлия Төреханқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Досанова Жанат Әбдірахманқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Мусина Гүлден Қанафияқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Сәрсенбекова Раиса Мырзабекқызы – есепші-ревизор, 2 жыл
Кәрімғазина Гүлжан Ғазизқызы – кооператив техникумының студенті, 1 жыл.
Серкенова Анар Жемісханқызы – заң техникумының студенті, 1 жыл 6 ай.
Айтжанова Жанат Нәукенқызы – пединституттың студенті, 1 жыл 6 ай.
Шынықұлова Ләйлә Бекенқызы – пединституттың студенті, 1 жыл еңбекпен түзеу жазасы.
Шоқаева Ғалия Құдысқызы – жатақхана вахтері, 2 жыл.
Мусина Мәншүк Жанатқызы – заң техникумының студенті, 1 жыл 6 ай қара жұмысқа жіберілген.
Ал құрбан болғандар екеу – Сәбира Мұхамеджанова мен Ләззат Асанова.
Бұдан бөлек алаңда соққыға жығылып, жарақат алып, ауруханаға түскен 200-ден астам қыз-келіншектер бар. Меніңше, бұл тізім одан әрі жалғасатыны сөзсіз. Мақаламды мынадай жыр жолдарымен түйіндегім келеді:
Тұрса да биік өр басың,
Қазаққа бақыт орнасын.
Сексен алтыншы жылғыдай,
Желтоқсан желі болмасын!

Динара БЕГАЛЫ,
Жас ғалымдар
қауымдастығының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button