ЖаңалықтарМәдениет

ЖЫР ЖАЛАУЫН ЖЕЛБІРЕТТІ



Астанаға тарту

Елорда әкімдігі «Конгресс-Холл» сарайында «Астанаға тарту» атты концерт өткізіп, дәстүрлі әндерді сүйіп тыңдайтын жұртқа тамаша кеш сыйлады. Бас қалаға жер-жерден жиналған дәстүрлі ән мектептерінің өкілдері де аянып қалмай, жиналған көрермендерді үш сағат бойы есті ән құшағында тербетті.

Кеш тізгіні халықтың сүйікті ұлы Бекболат Тілеуханда болды. Асан қайғының «Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады.Су түбінде жатқан тас, Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады» деген сөздерін ұран еткен концертті Салтанат Ерсұлтан ұлтымыздың киелі музыкалық аспабы – қобызбен ашты. Ресейден келген қонақ Арсланбек Солтанбек өнерін көрсетті. Бекболат Тілеуханның өзі де «Қазтуғанның жырына» салып, көрермендердің делебесін қоздырып алды. Осы жырда жасырынып жатқан гуманистік идея жайлы да айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов «Ақтамбердінің толғауымен», атыраулық Қайрат Кәкімов «Махамбеттің термесімен» бабаларымыздың батырлық рухын жаңғыртқандай болды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Берік Жүсіпов «Тұрмағамбеттің сөзімен», Елмұра Жаңабергенова мен Клара Төленбаева сазды мақамдарымен, Құрманбек пен Мұхамедәлі Бекпейісовтер «Нартайдың термесімен» Сыр сүлейлерін тірілтті.

Жетісу әншілік дәстүріне кезек берілгенде Ақан Әбдуәлі Жамбылдан бір қайырды. Жазгүл Даңылбаева одан әрі асып, Сүйінбайға барып тоқтады. Тілеулес Құрманғалиев «Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуына» салды.

Қарағандылық Сержан Мұсайын «Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуын» халықтың көз алдына алып келді.

Наурызбек жыраудың дәстүрін жалғастырушы Өсербай Сәрсенбаевтың өнеріне тәнті болған көрермендер оған екінші жыр айтқызды.

Жәкен Омаров «Майлықожаның термесімен», Данияр Мұқан «Шортанбайдың термесімен» өнерлі аталарымыздың ақылын жеткізді.

Ерлан Рысқали Абайдың «Сегіз аяғын», «Қарақат» мектебінің шәкірті Ділназ Сәбитова Шал ақынның «Пасыл да, пасыл, пасылманы» құйқылжытты. Алғысбек Дәуен рухты жанитын жырын Астана тойына тарту етті. Ибрагим Ескендір сағынышқа толы Солдатхан Орайханұлының термесін жаңғыртып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жерім менің» әнімен елімізді асқақтатты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button