Мәдениет

Ескірмейтін есті әндер әуеледі



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ескірмейтін есті әндерден ретро-концерт ұсынды. Оған өнер ұжымының үрлемелі оркестрі, эстрадалық және классикалық вокал бөлімдерінің орындаушылары, «Alem» заманауи хореография балеті өнерпаздары қатысты.

Кеште ХХ ғасырдың ортасынан аяғына дейінгі танымал әндер әуеледі. Еркеғали Рахмадиевтің «Дайрабай» симфониялық күйімен ашылған концертті Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы балалар студиясының тәрбиеленушілері Александр Зацепиннің «Көктем вальсі» әнімен жалғады. Кеңестік және қазақстандық кино жауһарларының музыкасы орындалды. Атап айтқанда, Нұрсәт Алмас «Тақиялы періште» фильміндегі «Тыңда» әнін шырқады. Композитор Эдуард Артемьевтің «Бөтендер арасындағы жақын, өз ортасындағы жат» фильміндегі әуен ұсынылды.

Ескендір Хасанғалиев, Раймонд Паулс, Валерий Зубков, Александра Пахмутова, Арно Бабаджанян, Шәмші Қалдаяқов, басқа да белгілі композиторлардың әндері шырқалды. Филармония солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Арайлым Рахым, Светлана Айтбаева, Естай Мұқашев, Мұратбек Хайролда, Парасат Отан, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Диана Май, Алтынбек Арыстанбек өнер көрсетті.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button