Басты ақпаратМәселе

Итті қорғаған заң адамды неге қорғамайды?

Еліміз бойынша қараусыз ­кеткен иттерден қауіп азаймай отыр. Алайда, ауыздықсыз кеткен иттерді тұсау, иелерін жауапкершілікке тартуға «Жануар­ларға ­жауапкер­шілікпен қарау туралы» заң қолбайлау болып тұр.

Тұрғындар жанайқайы

Иттер шабуыл жасаған жағдайда учаскелік полиция­ға жүгінуге болатыны белгілі. Қаңғыбас иттер топ болып жүреді. Әкімдікке арыз-шағым жазған да дұрыс. Ветеринарлық стансаға тапсырма түскен соң қызметкерлер шоғырланған иттердің тобын аулайды. Қаңғыбас иттерден бөлек иесі бар төрт аяқтылардың да көшеге шығып кетіп, адамға шабуыл жасауы тыйылмай тұр. Қазір бұл жалғыз елордада ғана емес, ел бойынша өзекті мәселе болып отыр.

Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қаңғыбас иттерге шағымданатындардың көп екенін айтты.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы елдің жанайқайын Парламент отырысында былай жеткізеді.

– Елдің арасына шыққанда еститініміз – қаңғыбас иттен баласын қорыған ағайынның арызы, олар «Жануарларға ­жауапкершілікпен  қарау туралы» заң барын айтып, зар жылайды. Бізбен кездескен жауапты орган өкілдері тіпті, сол жерден итті ұстағанның өзінде оларды жуындырып, екпе салып, қайтадан сол ұстаған жерге әкеліп тастайтынын айтады. Екпе алған қабаған ит әрекетін тоқтатпайды, ендеше, бұл әрекет нәтижесіз емес пе?!

Тұрғындар «Қаңғыған итті түгел қырып салсын деп тұрған жоқпыз, бірақ қаңғыған итті қорғаған заң неге адамдарды қорғамайды?!» деген сұрағын қояды. Осы мақсатта Заң нормаларын жүзеге асыру үшін үкіметтің 1 млрд 485 млн 600 мың теңге қарастырылғаны және жергілікті бюджеттен де қаражат қосу жоспарда бары айтылды. Бірақ, уәде етілген иттерді оқшау­лау орталықтары, вакцинация, тағы басқа қажетті, тиісті жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмегендігіне көзіміз жетіп отыр. Оған ел арасында мысал жетіп артылады.  Түркістан облысында құтырған иттің қапқан бала көп ұзамай көз жұмғанын естіп, біліп отырсыздар. Алматы облысы Талғар ауданында ауладан шығып кеткен баланы бетін, арқасын, жамбасын қабаған ит жарақаттап тастаған. Иттің иесі баланың ата-анасына 30 мың теңге беріп, мәселені жауып тастамақ болған. Кішкентай, бейкүнә сәби сол жарақатпен өмір бойы жүруге мәжбүр. Атырау облысында 8 жасар баланы ит аяусыз талап тастаған… Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады, – дейді.

ҚР Конституциясында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары делінген. Жануардан адамды арашалаудың орнына ит пен мысықты қорғайтын заң шығарғанымыз қалай болды?!

Елімізде 2021 жылы 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шықты. Бұл заң 2022 жылғы 2 нау­рыздан бастап өз күшіне енді. Су жаңа заңда қараусыз иттерге жауапкершілікпен қарап, бірден өлтірмей, иесі анықталғанша 2 айға дейін ұстап, бағу көзделген

Заңда бар, қолда жоқ

Елімізде 2021 жылы 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шықты. Бұл заң 2022 жылғы 2 наурыздан бастап өз күшіне енді. Су жаңа заңда қараусыз иттерге жауапкершілікпен қарап, бірден өлтірмей, иесі анықталғанша 2 айға дейін ұстап, бағу көзделген. Сол себепті көшеде жүрген итті бірден атып тастауға рұқсат жоқ. Ал, иесіз иттердің әсіресе балаларға қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Елордада да жыл сайын қаңғыбас иттерден зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінгендер саны көбеймесе, азаятын түрі жоқ.

Ветеринария қызметкерінің айтуынша, соңғы заңның негізінде жер-жерде панажай салынуы керек. Ең болмағанда әрбір аудан, қала орталығында болуы шарт. Мұның төркіні халықаралық принциптерге негізделеді. Қазақстан көптеген келісімшартқа қол қойған. Әртүрлі гуманитарлық мәселелер, осының ішінде үй жануарларын, қаңғыбас жануарлар болса да, жөн-жосықсыз өлтіре беруге болмайды делінеді. Сол себептен осы мәселе қолға алына бастады. Жалпы шетелдерде, бұрынғы Кеңес Одағының шекпенінен шыққан Грузияда осы заң шығып, бірнеше жыл бұрын барлық аудан, қалаға панажайлар салынып, содан кейін осы заңды іске асырған. Олардың тәжірибесі бойынша итті қырып-жойып ата бергеннен ит азаймайды. Осы науқан басталғанда Грузияда 40 мың ит болған екен. Панажайға әкеліп, еркегі болса кастрациялап, ұрғашысын стирилизациялап, сырға тағып қоя береді. Осы шаруалардан кейін Грузияда 40 мың иттен 20 мыңы қалған. Өздігінен азаяды. Ал, келесі бесжылдықта болмашы ғана ит қалып, көбеюіне жағдай жасамаған. Сөйтіп Грузия халықаралық шарттарды да, өздерінің заңдарын да қатар орындап отыр. Заңның қабылданғанына бір жылдан асса да, Астанада да әлі күнге дейін панажай жоқ.

Заңдағы кемшіліктер қандай?

Бұл жерде жоғырыдан жіберілген кемшілік бар. Заңды шығарып жіберді. Шындығында не істеу керек еді? Ең бірінші, панажайлардың инфрақұрылымдарын жасап алу керек еді. Содан кейін заңды шығару қажет. Панажай – құрылыс нысаны. Заң жүзінде типтік талаптарға сай салыну керек. Бізде ондай жұмыстар көп уақыт алады. Қаржы бөлу де оңай емес. Бізде заң шықты. Панажайларды құру жұмыстары әлі жолға қойылмай жатыр. Қаражатты бөлу мәселесі жүруде. Кедергі болып тұрғаны – қаржылық ұйым­дастыру мәселесі. Осындай іспен айналысатын мекемелерге Қаржы министрілігінің 403-бұйрығымен бекітілген бірыңғай сыныптама деген болады. Онда қаржыны аудару жазылады. Ал бізде ол жоқ болып шықты. Кез келген құрылысты салған уақытта типтік талаптар, стандарттар болады ғой. Сол енді жасалады. Панажайлар жергілікті атқарушы органдарға тиесілі болады. Демек аудан, қала әкімдіктері ұйымдас­тыруы керек. Заңда нысан тек мемлекеттікі болу шарт деген сөз жоқ, кәсіпкерлермен бірге жүргізуге де болады екен. Яғни, мемлекеттік жекешелендіру әріптестік негізінде кәсіпкерлерді тартуға болады.

Қазір қаңғыбас жануарларды аулауды аудан, қалалардың ветериналық станциялары жүргізеді. Бұл бір. Екіншіден, жеке-дара кәсіпкерлер де қолға алған. Айта кететін жайт, аудан, қалалардың ветеринарлық ұйым­дары болашақта бұл қызметті өздерінен алып тастамақ. Себебі ветеринарлық дәрігерлерге жануарларды өлтіруге болмайды. Бұл – осы сала мамандарының имиджіне қайшы. Бұрын мұнымен коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы мамандары айналысты.

Енді талаған иттердің иелерін әкімшілік жазаға тарту жөнінде айтайық.

– Бұл жерде де мәселе бар. Мысалы, итті әкеліп асырайды. Бірақ тіркетпейді. Шамамен ит асырап тіркететіндердің саны 10-15 пайыздан аспайды. 100 иттің 10-15-і ғана тіркеледі. Ит ауладан шығып кетіп, көрші үйдің баласын тістесе, учаскелік полицияға менің итім емес деп шарадан жалтарып кетеді, – дейді елорадық тұрғын Ардақ Сәбитов.

Бұлай бола берсе, ойнауға шыққан қорғансыз сәбилер құтырған иттердің жемтігіне айналмасына кім кепіл?!

Ақтөбеде қаңғыбас иттер талап өлтірген баланың өліміне қатысты полицияның мәліметінше, 12 жастағы оқушының өлімі қайғылы оқиға деп танылған. Жантүршігерлік оқиға Ақтөбенің Есет батыр ауданында болды. Кешке ауласына ойнауға шыққан 12 жастағы Мадияр Шакираттың мәйітін жақындары сол маңдағы құрылыс алаңынан тапқан. Анықталғандай баланы сау жерін қалдырмай қаңғыбас иттер талап тастапты. Оқиға қатысты қылмыстық іс қозғалып, екі ай бойы тергеу-тексеру шаралары жүргізілгенімен, іс жабылды. «Сот медициналық сараптама нәтижесінде баланың өлімі иттердің талағанынан болғаны анықталды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды» деді Ақтөбе облысы ПД тергеу басқармасының өкілі.

Немересінің өліміне байланысты әжесі: «Ит атуға рұқсат берілмейді» деген заң шығарған адамға лағынет айтамын. Ит иесі табылсын. Шара қолданылсын. Қала ішінде, үй арасында жүрген иттерге шара қолданбағандар да жауапқа тартылсын. Себебі Ақтөбеде бірнеше рет қаңғыбас иттер адамға шауып, балаларды талап тастады. Немеремнің сондай зәбір көріп, екі көзі жәудіреп, көмек болмай қиналып кеткеніне жүрегім қан жылап тұр. Бұл заманда адамның жаны қадірсіз, ит қымбат болып тұр» деді жылап тұрып. Ал атасының баланың денесін көруге жүрегі де шыдамаған.

Ақтөбелік баланың қайғылы жағдайы кез келген жерде тағы қайталануы әбден мүмкін екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бала түгілі, ересек үлкендерді қап­қан иттер аждаhаның нағыз өзіне айналып тұр. Ата Заңда айтылған Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық десек, халықтың жанайқайына құлақ асатын уақыт келді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button