Басты ақпаратМәселе

Қарттардың күшін қайда бұрамыз?

Әлем халқының «қартайып» келе жатқанын айтып жүрміз. Барлық жерде егде тартқан азаматтардың мәселесі әрқалай шешілуде. Елордамызда да «Күміс жас» дейтін жақсы жоба алғаш рет қанат қақты. Зейнеткерлердің басты орталығы Ардагерлер кеңесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Басқа қалалармен салыстырғанда бас қаламызда зейнеткерлерге барынша жағдай жасалған. Олардың жүріп-тұруынан бастап, қыстық отыны да қала есебінен шешіліп келеді. Жылына шипажайда демалып, тағы басқа медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Әр ауданда «Белсенді өмір сүру орталықтары» зейнеткерлердің өміріне елеулі өзгеріс әкелуде. 

Бұл да өте дұрыс, алайда бір жа­ғынан қарап отыр­саңыз, мәселені шешуде басқа елдердің тәжірибесін елемегендіктен болар, айдың, күннің аманында ардагерлерді «арамтамаққа» айналдыру процесі басталған сияқты. Жағдайдың жайын дөп басса да, анықтамасын қаттылау айтқан шығармын. Дегенмен де тек бізде емес, бүкіл әлемде қордаланып келе жатқан мәселенің дұрыс шешімі бұл емес.

Әр жастың өзіндік ерекшеліктері бар. Біздің жасамыс азаматтарымыз зейнет жасына шыққаннан кейін де, денсаулығы көтерсе әдеттегі жұмысын жалғастыра беруге ықыласты. Өйткені, өтпелі кезеңнің өзіндік ауыртпашылықтары бар. Өмір бойы қалыпасқан дағдысын өзгертіп, басқа жағдайға, бала-шағаға, «масылдыққа» икемделуі ауыр­лау тиеді. Немере, баламен де алданған жақсы десе де, қазіргі қарттардың да кәріліктен жерге қарап қалғаны аз. Әлі де бойларында қуат бар, өмірлік тәжірибе мен кәсіби кемелдігін жоққа шығара алмаймыз. Ал осындай күш-қуатты «қарттықпен» көме салмай, қоғам әлі де болса пайдасына шешуді ойластыру керек. Бұл ең бастысы зейнет­керлердің өзіне керек. Олар қоғамға өздерін қажет екенін сезініп, қайнаған ортасында жүрсе, жастармен бірге серпіліп, бойына қуат алатыны сөзсіз.

Мұны шетелдіктер «еріктілер» деген қозғалыс ашып, тиімді шешіп отыр. Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше 60 пен 74 жас аралығындағылар егде болса да, қарттық санатына қосылмайды. Олардың қоғамға беретіні бар деп есептейді. Демек, белсенді өмір салтын тек бос уақытын қалай өткізуді ойластырып, түрлі орталық ашқанша, оларды қоғамға пайдалы іске де тарта білудің маңызы барын айтады. Бұл дегеніміз өз еркімен қал-қадерінше көпке пайдалы іспен айналысу. Шамасы келмей жатса, кез келген уақытта бас тарта алатын жұмыс. Еріктілердің күшін арзан жұмыс қолы деп қарауға болмас, бұл өз еркімен, жүрек қалауымен адамның парасаты мен пайы­мына қарай ізгілікті іс деуге болады. Бұл жұмыс айына жалақы алып, қызметін атқарып жүргендердің жұмысын жеңілдетіп, соның ісін атқару емес. Керек жерінде, қарттардың жауапкершілігіне қарай көмек қолы ғана. Ең бастысы қандай да істің басында болсын егде азаматтардың жүруі кез келген ортаның сәнін келтіріп, жастарға дем беріп, алға бастайтыны анық.

Негізі қазақы салтымызда қарттарға төр беріп, қарттардың батасын алу теріс емес. Бұл құрмет қалпында қалмақ. Алайда әлі де шау тартып еңкеймеген адамның көпшіл, жанашыр екенін көрсете білсе, қоғамда қарттар мәселесінде біржақты пікір қалыптастырмас еді. Аға буын кейінгі өскелең  ұрпаққа жазып қойған кітаппен тең. Ерікті еңбектің арқасында өздері де жаңа нәрсеге үйреніп, өз білгенімен, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, өмір бойы жинаған мол ақпарат пен өмір сүрудің небір қыр-сырларын да бөлісетін орта болады.

Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше 60 пен 74 жас аралығындағылар егде болса да қарттық санатына қосылмайды. Олардың қоғамға беретіні бар деп есептейді. Демек, белсенді өмір салтын тек бос уақытын қалай өткізуді ойластырып, түрлі орталық ашқанша, оларды қоғамға пайдалы іске де тарта білудің маңызы барын айтады. Бұл дегеніміз өз еркімен қал-қадерінше көпке пайдалы іспен айналысу

Ескі сүрлеумен ешқайда бұрыла алмайтын санамыз, әлі де «бейнетіне – зейнеті» дейді. Қарттық келді ме, бірден қатардан сызып тастаймыз. Бұлай ойлауымыздың мәдени-тарихи ізі бар. Солай болған, солай болмақ. Яғни, қарттарды әлсіз, пайдасыз, қоғамға қажеті аз кембағалдай қабылдаймыз. Оған заңымыз да кінәлі. Қоғамда оларға әлеу­меттік көмек көрсетумен ғана  шектеледі. Олардың мол мүмкіндіктерін тиімді жұмсау ескерілмеген. Осыдан келіп, қарттарымыздың арасында белсенділік жоқ. Мұндайда еріктілік  туралы айтудың өзі ерсі. «Ақысыз, пұлсыз жұмыс жасау» ешкімнің ойына келмейді. Осылайша қарттарымыздың дені немере-шөберелерін ермек етіп, жасанып тойға барып, тойдан қайтып, құдайы-намаздарда көп уақытын өлтіріп жүргені рас.

Осы тұста басты тақырыптан ауытқып, мына бір жайды айта кетейін. Байқап отырсақ, көптеген жас шығынға батып, шалқытып той жасауды қаламайды. Көп жағдайларда «өзім талай жерге бардым, соларды шақыруым керек» деп тойлататын үлкендер. Халық қартайған сайын барыс-келіс, оларға лайықты құрмет тек той-құдайының айналасында болып,  қазаққа керегі аз мал шашпақтың басында қарттардың жүргені рас.

Алайда бұл жеке ойым. Әрине, қоғамдағы әлеуметтік саясат, адамдардың санасындағы қағида зейнеткерлердің өз еркінен болса да еңбегін пайдалануды қарастырмайды. Керісінше, өз тағдырын өздеріне беріп, қолың тисе орталыққа кел, өзің сияқтылармен аралас деп қоя салғалы тұр. Оның  соңы неге жеткізетінін айттық.

Ал дамуы алда елдерде осы санаттағы азаматтардың белсенділігі еріктілер қозғалысымен тығыз байланысты. Мұның түп төркінін түгел зерттеген ғалымдар, жасына байланысты, зейнетке шығып, бұрынғы мәртебесі өзгерген кезде үйлесімді ортадан қол үзіп, сыртқы дүниеден оқшау­ланып, әдеттегі адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларынан айырылып қалады дейді. Біз сөз етіп отырған, еріктілер қозғалысына қатысу адамның жаңа тынысын ашып, жаңа ортада өзін-өзі көрсетіп, сол ортаның бір мүшесі болуына септігін тигізеді. Өздеріндей заманы бір, өткен жолы да ұқсас адамдармен бірге жүріп, шамаларына қарай бір жұмыспен айналысу кәріліктің салдарын жеңілдетіп, көп қарттың басындағы жалғыздықты сезінбеуге көмектеседі. Бір жағына қарттардың мұндай белсенді өмір салты қоғамның сауығуына да алып келеді. Ұрпақтар арасындағы құрмет осыдан да бастау алмақ.

Шетелде ерікті болу, өз күшіңді қоғам игілігіне жұмсау, құмырсқаның қанатымен су сепкендей болса да кісіге қол ұшын беру құрмет әрі сәнге айналған. Еріктілер қозғалысы – азаматтық қоғамның ең жоғары көрінісі болып саналады.

Зерттеулерден белгілі болғандай, еріктілер қозғалысы қатты дамыған елдерде қарттар қоғамдағы өмірдің жақсаруына, ізгіленуіне көп әсерін тигізген. Мысалы Ұлыбританияда еріктілер аптасына шамамен 2,5 сағат айналысады. Ең көп тараған қызмет – бұл қайырымдылық қорларына қаражат жинау, көптеген комиссияға, экологиялық акцияға қатысады, түрлі фестивальдарды, еңбек науқанын ұйымдастыруда қол ұшын береді, түрлі әлеуметтік шараларды ұйымдастыруға қатысады. Не балаға қарайды, мүгедектерге және науқастардың күтімін жасауға тартылады. Әрине, мұның бәрі екі жақтың да рухани мұқтаждығынан туындайды, бір-біріне сүйеніш секілі қасиеттерді дамытады.

Еріктінің еркін жұмысы гуманитарлық сипаттағы, экологиялық, білім беру науқандарында, қоғамды дамытуға бағытталған бағдарламаларда, көмекке мұқтаж жандарға материалдық қайырымдылық жинаумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ маусымдық өнім жинау, ерікті қаржылық көмек көрсетуде делдалдық етіп, мұқтаж жандарға азық-түлік, ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, киім-кешек, кітаптар, ойыншықтар, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар жинап, тиісті орындарға жеткізеді. Көбінесе волонтерлік – ақылы жұмысқа апаратын жол болып табылады, өйткені әрқашан өзіңізді жақсы жағынан көрсетуге әлі де жұмысқа жарайтыныңызды дәлелдесеңіз, әртүрлі қызмет салаларында ақылы жұмыс табуға мүмкіндік ашады.

Осылайша жылына 200 сағаттан кем емес жұмыс істегендердің денсаулығында жақсы жағына қарай өзгеріс болып, өмірлерінің мәні артқанын зерттеп отырған ғалымдар бар. Арнайы топты зерттегенде еріктілер арасында 40 пайызының  жүрек, қан-тамыр аурулары кемігені байқалған. Ғалымдардың байқауынша, олардың ауруларының азайған себебі ең алдымен адамдармен араласып, өзінің жеке басынан артылып, өзгелерді ойлау арқылы өзінің жағдайының жақсаруында жатыр дейді.

Егде жастағы еріктілері көп елдердің бірі – АҚШ. Мұнда еріктілер қатарына тарту арқылы қарттардың «әдемі қартаюдың ең тиімді жолы» деп қарайды. Мұнда көптеген коммерциялық емес ұйым еріктілік мәселесімен айналысады. Олар бағасы қымбат медициналық сақтандыруды төлей алмайтын адамдар үшін тегін ауруханаларды, мектептерді, үйсіздерге арналған қалалық орталықтарды, онда тегін баспана мен тамақты қамтамасыз етеді де, еріктілер қолына мұқтаж келеді. Америкалық еріктілердің 11 пайызы хоспистерде жұмыс істейді.

Германияда әрбір үшінші адам белгілі бір әлеуметтік қызметтер саласында тегін жұмыс істейді. Германияда волонтерлік қызметті көрсететін коммерциялық емес бірлестіктердің ежелден келе жатқан дәстүрі бар. Олардың көпшілігі Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірден пайда болды. Германияда коммерция­лық емес ұйымдардың саны өте көп – шамамен 70 мың. 2 миллионнан астам адам ерікті негізде жұмыспен қамтылған. Германияда «әлеуметтік жыл» туралы заң бар, яғни жас адам мектепті бітірген соң бір жыл қоғамдық жұмыстармен айналыса алады. Бұл оның болашақта жұмысқа қабылдануында үлкен маңызға ие.

Канадада волонтерлік қыз­метке баратын адамдардың екі негізгі санаты бар. Бұл, ең алдымен, егде жастағы, жай-күйі бар ауқатты адамдар. Бұлар әбден еңбекке дағдыланған, материалдық игіліктерге қол жекізгендер. Өздерінің  білімі мен тәжірибесін пайдалана отырып, белсенді өмір сүруді жалғастырғысы келетіндер. Олар бұл жұмысқа саналы түрде келеді, ісіне  мұқият қарап, өзіне тапсырылған істі үлкен жауапкершілікпен атқаруға дайын.

Жоғарыда айтылғандардан қорытынды жасауға болады, яғни волонтерлік қызметті дамыту өте перспективалы және маңызды. Халықтың қартаюы сөзсіз, көптеген деңгейдегі қоғамның күрделі өзгеруіне әсер ететін елеулі жаһандық құбылыс. Егде жастағы адамдар қазірдің өзінде айтарлықтай үлес қосады, ресми жұмыс күшінің бөлігі ретінде де, бейресми еңбек арқылы да қоғамға үлес қосу, игілікке жұмыс істеу, еркін бастамалар тек адам емес, қоғамға да өзгерістер алып келмек. Қоғам қарт адамдарға тек әлеуметтік қолдау көрсетіп қоймай, әлеуетін асыруға да жол ашу керек.

Шет елдің тәжірибесі көрсетіп отыр, олардың көпшілігінде еріктілер қызметі заңды түрде реттелген. Бұдан бөлек бар еріктілерді қамтамасыз ететін заңдарда оларға түрлі жеңілдіктер қарастырады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген елдің тарихында мемлекет волонтерлік қозғалысты қолдау арқылы мемлекеттік ресурстарды дамытуға инвестиция салуды неғұрлым ерте бастаса, қоғам өз әлеуетін соғұрлым тезірек ашып, ел соғұрлым тезірек іске кіріседі. Әлеуметтік-экономикалық реформалардың қарқынын арттыру, елдегі әлеуметтік нысандардың өркендеуі де еріктілер қозғалысының дамуымен байланысты.

Өзіміздің қаламыздың мысалында алсақ, бұл қызметтер өте қажет. Кез келген қаладағы саябақты, жағажайды немесе орманды күтетін еріктілер тобы болса, әрі демалыс, әрі қорғаныс. Қоқыстарды жинау, өрт қаупі бар кезеңде патрульдеу, ағаш отырғызу, өсіп тұрған гүлдерді суарса да, қарттың қамқор қолдарын қажет ететін жұмыс жеткілікті. Шағын ауданды абаттандыруда қаламыздың көрсеткіші жоғары. Алайда оның сақталуы, тозбауына көз қырын салып, балаларға ақылын айтып, ортақ мүлікті  бүлдірмеу керегін түсіндірсе де қажет шаруа. Басқа жағдайда кісінің баласына ештеңе дей алмас, ал ерікті ретінде құқығы болады. Айта берсек, қандай іс болмасын аға буынның қамқорлығын сезінгеннің өзі келесі буын өкілдеріне ес болмақ. Әзірге біздің қарттар той тойлаудан қолы босар емес.

Осыдан біраз жыл бұрын еріктілер жылын атап өттік. Жыл бойына оның не екенін дұрыс ұққан ешкім болмады. Ал дүниенің еріктілер көші алысқа ұзап бара жатқанын еске салғым келеді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button