Мәдениет

Шабандоз да, қазанат та сыналады

Amanat партиясының қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және The Great Steppe Tour қоғамдық қоры, Ұлттық спорт түрлері қауымдас­тығының ұйымдастыруымен «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйге басталды.

Amanat партиясының төр­ағасы Ерлан Қошанов салтанатты рәсімге қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

– Біздің бабаларымыз Ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған. Бүгінгі ұрпақ – сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Шын мәнінде, қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Арғымақ атты халқымыздың символы деуге болады. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты – осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең-байтақ қазақ даласын көктей өтіп, қасиетті Түркістан қаласына ат басын тірейді. Бұл – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба, – делінген құттықтауда.

Ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл марафон шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады. Ұлы Дала елінің байырғы тұрғындары жылқыны құрықтап, алғаш тақымына басқаны әлемге белгілі. Анығын айтқанда, Ботай қонысын зерттеуші ғалымдар осындай тұжырым жасады. Жылқыны қолға үйретумен қатар, оның үстінде еркін отырып, қозғалуға қажетті киімді және тақымды мықтайтын тоқым мен ерді өндіріске енгізіп, көшпенділер арасында ат әбзелдері: ер-тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, айыл, пыстан, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, қамшы және т.б. жасайтын шеберлердің қол жұмысына сұраныс артты. Жауынгер ата-бабаларымыз Алтайдан Каспийге, Арқадан Сырға дейін талай рет көш түзеп, ат ауыстырып, бір айлық жерде ондаған күнде бағындырып отырды ғой! «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің түпкі идеясы осыған саяды.

29 қыркүйекте марафоншылар Түркістан қаласына келеді. Оған дейін 1200 шақырымдық жолды бағындырып, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда облысын басып өтеді.

Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Елдің әрбір өңірінен марафонға 1 командадан қатысады. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және түрік дүниесінің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі рухания­тының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туады.

Түркістан қаласына ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30000000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. ІІ және ІІІ орын иегерлері сәйкесінше, 20000000 теңге және 15000000 теңге жүлдені қанжығасына байлайды.

Жарыс барысында барлық қатысушылар демалыс орны, азық-түлікпен және қажет медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, ветеринарлар бәйгеге қосылған жүйріктерді 50 шақырым сайын жайын бақылып, тексеріп кінәрат байқаса, жарыс жолынан шығарады.

Қысқасы, 1200 шақырымды 12 күнде бағындыруы тиіс аламан бәйгеде шабандоз да, қазанат та сыналады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button