Ел тынысы

Ағайынды Алаш қайраткерлері



«АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінде «Алаш күндері» аясында Алашорданың Батыс бөлімінің 105 жылдығы мен Халел Досмұхамедовтің туғанына 140 жыл толуына орай «Алашорданың Батыс бөлімі қайраткерлерінің ұлттық идеология жолындағы күресі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш шараны Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының әкімдігі мен Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Алмагүл Ойшыбаева Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің өмірі мен қызметіне арналған «Алашорданың Батыс бөлімінің жетекшілері» көрмесімен таныстырды. Көрме барысында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйлеп,  «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешеніне Ж.Досмұхамедов жерленген Мәскеу қаласындағы Бутово полигонынан әкелінген топырақты табыстады.

Конференцияға Парламент Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Өмірзақ Озғанбай, жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай Жаһанша Досмұхамедовтің немересі  Гүлнәр Қуаншалеева қатысты. Батыс Қазақстан инновация-технология университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дәметкен Сүлейменова, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Қазақстан Рес­публикасының тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әлфия Байболсынова, Сырым ауданындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы «мектеп-­бөбекжай-балабақша» кешені қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің І санатты мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-сарапшы Алмажай Сүлейменова және Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогика колледжі «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының II курс студенті Гүлназ Қыдыр баяндама оқыды. Жиында Жаһанша Досмұхамедовтің жеке оққағары болғанын және оның да 1938 жылы 8 шілдеде қамауға алынғаны айтылды.

Конференциядан бір күн бұрын Музыкалық жас көрермен театрында Бауыржан Ширмединұлының «Ақ киіз» атты тарихи драмасының премьерасы ұсынылды. Бұл – Жаһанша Досмұхамедов туралы туынды. Қойылым Алаш қайраткері туралы тарихи деректерге негізделіп сахналанды. Режиссері – Алмат Шәріпов. Жаһаншаның рөлін Сәндібек Өтеғалиев сомдады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button