Мәдениет

Байжанов бірлестігінің базарлығы

Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің 85 жылдығына орай осы бірлестікке қарасты «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның Мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов) мен «Аққу» фольклорлы-хореографиялық ансамблінің концерті өтті.

Арқа әнінің ақтаңгерлері Құрмаш Ыбышев, Ержан ­Базарбеков салған әндер көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Гүлмира Тапай, Ришат Шәбденов, Нұрлытаң Ермек сынды талантты әншілердің, Арман Айнабаев (домбыра), Дариға Хамза (қылқобыз), Елжас Кәрімов (домбыра) секілді музыканттардың өнері тәнті етті.

Кеште халық әні «Ақбақай», Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» әні, осы Астанада өткен майталман музыкант, күйші-композитор, дирижер Мұхаметқали Тіналиннің, көрнек­ті күйші-композитор Ермұрат Үсеновтің, астаналық филармонияға қарасты «Сарыарқа» этноансамблінің көркемдік жетекшісі Тоғжан Жахиннің туындылары, Тәттімбеттің «Бес төре» күйі, т. б. шығармалар қалықтады.

«Аққу» фольклорлы-хореографиялық ансамблінің өнерін ерекше атап өту керек. Биші қыздар «Буын» биін (мұны жалпақ жұрт «Қара жорға» деп біледі) билегенде, есімізге осы биді өз кезінде билеген сегіз қырлы, бір сырлы азамат, суретші, актер, биші, биыл туғанына 110 жыл толған Әубәкір Ысмайылов түсті. «Жалғыз аққу» биі композитор Жағыпар Әлімхановтың «Жылжиды аққу» әніне қойылды. Қыздар билегенде көз алдымызға осы әннің сөзін жазған «Жезкиік» ақын Кәкімбек Салықовтың бейнесі келді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button