Саясат

Ынтымақтастық пен достықтың жаңа кезеңі



Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін келген делегация жетекшілеріне ризашылығын білдірді. 

– Ең алдымен, Қазақстанның ТМД ұйымына төрағалығы аясындағы бастамаларына қолдау білдіріп, осы күндері Астанада өтіп жатқан халық­аралық іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі отырысқа Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан Президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысын ашық деп жариялаймын. Бүгін мемлекет басшылары кеңесінің қарауына гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтас­тығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер ұсынылып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Достастыққа мүше елдердің басшыларын Қазақстан былтыр серіктестермен және ТМД Атқарушы комитетімен бірге атқарған көпжоспарлы жұмыстың негізгі қорытындылары туралы хабардар етті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өз төрағалығының басымдықтарына сәйкес, қазіргі әлемдік даму процестерін ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш-жігерін көптеген бағыттар бойынша біріктіруге ұмтылды.

– Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды сақтауға, сондай-ақ Достастықтың әлеуеті мен халықаралық беделін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар іске асырылды. Күрделі экономикалық жағдайда Достастықтың экономикалық әлеуетін нығайтуға және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясының ережелерін орындауға ерекше назар аударылды. Іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңін табысты жүзеге асыру іскерлік белсенділікті арттыруға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға, экономиканы пандемиядан кейін қалпына келтіру ісін жеделдетуге мүмкіндік берді. Жаһандық және өңірлік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында біз тығыз сауда-­экономикалық байланыстарды сақтау үшін қолда бар барлық әлеуетті жұмылдыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, климат мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсетінін атап өтті.

Отырыс барысында сондай-ақ Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомоли Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

***

Қазақстан Президентінің төрағалығымен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Мемлекет басшысы бұл іс-шара ТМД елдерінің COVID-19 пандемиясынан кейінгі алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өтті.

– Шағын құрамда біз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмастық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын дамытудың негізгі басымдықтарын айқындадық. Бұл COVID-19-дан кейінгі ТМД-ның офлайн форматтағы алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өткім келеді. Жалпы, астанамызда қайта бас қосуымыз қуанышты жайт, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшылары бірден ресми құжаттарға қол қою рәсіміне көшуге келісті.

– Қажетті құжаттарға қол қойылып жатқанда біз ТМД Атқарушы хатшысы лауазымын ТМД Бас хатшысы лауазымына өзгерту туралы мәселені шағын форматта талқылағанымызды жариялағым келеді. Аталған мәселеге қатысты мен осындай ұсыныс жасадым. Себебі кеше біз АӨСШК Атқарушы хатшысы лауазымын Бас хатшы лауазымына өзгерту туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін ШЫҰ-ның Атқарушы хатшысы да Бас хатшы лауазымына өзгертілді. Негізінде, бұл атқарушы орган лауазымының мәртебесін арттыру үшін маңыз­ды, – деді Президент.

Президент сөзін қорытындылай келе, өткізілген саммиттің нәтижелі болғанын айтты.Сонымен қатар жиында ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы ­Валентина Матвиенко сөз сөйледі. ТМД мемлекет басшылары кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының грамотасын мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының төрағасы Радик Батыршинге табыс етті.

Кездесу соңында ТМД-ға мүше мемлекет басшылары Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Достастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжат қабылданды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button