Қоғам

Жақсы журналист қандай болу қажет?

Италияның «La Stampa», «Famiglia Cristiana», «Corriere della Sera», «Il Foglio» басылымында тәжірибесін шыңдап, газет өндірісінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, экономист-ғалым Паоло Брикко Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде магистранттар мен студенттерге дәріс оқыды.

Жоғары мектептің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ ақпараттық дәуірде сапалы контентке сұраныс артып, дәстүрлі және жаңа медианы үйлестіре дамытудың маңызына тоқталып, мұндай жұмыста алыс-жақын шет елдердің медиасарапшыларымен тәжірибе алмасу маңызды екенін атады.

Италиялық медиатренер дәріске келгендерге негізгі медиатрендтер туралы құнды ақпарат берді. Кездесуден кейін Паоло Бриккомен тілдесіп, журналистиканың алдында тұрған мәселелерді білдік.

– Италия журналистикасының кешегісі мен бүгіні туралы не дейсіз?

– Италиядағы газет-журналдар халықаралық деңгейде танылып, қалыптасқанмен, қазір таралуы жағынан мақтана алмайды. Өткен ғасырдың соңында миллион данамен тараған «Il Secolo» газетінің тиражы бірнеше есеге азайды.

Қоғамда саяси басылымдардың орны ерекше. Сондай-ақ ағылшын, испан, португал тiлiнде шығатын басылымдарға сұраныс жоғары.

– Газет-журналдардың дағдарысына не әсер етті деп ойлайсыз?

– Газеттер ең бірінші ақ­паратты жедел таратудан ұтылды. Бұл ретте, интернет ресурстарының дәурені жүріп тұр. Сайт-порталдарда, шығарушы редактордан бөлек, интернет-менеджер мен интернет-маркетолог қызметі жолға қойылды. Бұл мамандар аудиторияға қажетті медиаөнімді саралауда маңыз­ды рөл атқарады. Аудиторияның кеңеюімен жарнама да көбейеді. Ал жарнама деген – капитал.

– Көлемді мақалалар оқылмайды деген ұғым қалыптасты. Бұған байланысты не дейсіз?

– Бұған келіспеймін. Газетте де, сайтта да көлемді мақалалар оқылады. Тек мақала сапалы болуы шарт.

– Батыс елдерінде мақалаға тауар ретінде қарайды. Неге?

– Капиталистік қоғамда, нарықтық жүйеде құндылықтарды тауардың бағасымен өлшейді. Егер журналистің мақаласы мазмұнды, мағыналы болса, онда оған сұраныс артады. Көрдіңіз бе, кәсіби журналистің медиаөнімін «тауар» ретінде қарайтын болсақ, оқырмандар мұндай мақалаларды, яғни басылымды сатып алады.

– Журналистикадағы жанрлар жайлы не дейсіз?

– Әрине, жанрларды дамытумен қатар, салалық журналистика – саясат, экономика, экология, спорт және т. б. тақырыбындағы мақалаларға мамандану да өте маңызды.

– Ақпараттық соғыс ұғымын қалай түсіндіріп бересіз?

– Ақпараттық-коммуникациялық технологияны құрал ретінде пайдаланып, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде адамның санасына әсер ету жолы. Яғни қоғамның құндылық жүйесіне әсер ету, адамдардың ойлау жүйесін бұзу жатады. Оның қуатты құралы – телеарна мен интернет ресурс, оның ішінде әлеуметтік желіні ерекше атауға болады.

– Қазіргі журналистика жаһанданудың құралы ма?

– Белгілі бір деңгейде жаһанданудың құралы бола алады.

– Газет пен журналист бәсекеге қабілетті болуда неге басымдық беруі тиіс?

– Басылымның жайы белгілі, ол – сараптамалық, зерттеу мақалаларға басымдық беріп, оқырмандарына қажетті медиаөнімді ұсынуы тиіс.

Журналистер болса салалық журналистиканы терең меңгеріп, шет тілдерін, оның ішінде ағылшын тілін меңгергені дұрыс. Өйткені қазір ақпараттық ағын ағылшын тілінде жүруде.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button