Басты ақпаратМәселе

Заманға бейімделген алаяқтық

Құқық қорғау органдарының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі – интернет- алаяқтықтың алдын алу. Технология тілін мықты меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, формасы өзгеріп, форматы сан құбылып, күн санап мыңдаған адам жапа шегуде.

Қуаныш Есқабыл есімді досым бар. Елордадағы ғылыми орталықтың бірінде қызмет етеді. Ол басынан өткен оқиғаны былай баяндап берді:

«Жұмыс бітсін бе, кешке дейін басшының берген тапсырмасын бітіру – міндет. Ұялы телефон шыр ете қалды. Көтерген жоқпын. Тағы хабарласты. Шұғыл жұмысы бар адам болар деген оймен көтердім. Өзін орыс тілінде «Халық банктің» қызметкері ретінде таныстырды. Заты – әйел.

Ол: «Сіз таңғы 9.22-де онлайн-кредит рәсімдепсіз. Сол жөнінде білсем деп едім» деп телефон арқылы қоңырау шалуының мәнін түсіндірді.

Әрі қарай: «Сіздің қауіп­сіздігіңіз үшін бірқатар мәліметті сұраймын» деп аты-жөнім мен тұрғылықты мекенжайымды, ЖСН туралы мәліметтерді алды. Сөздің аяғын: «Сізге ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі біздің маман хабарласады. Ол сұраған sms-хабарды міндетті түрде беріңіз» деп шегелеп айтты.

Соңғы жылдары алаяқтықтың кең етек жаюы оның форматы өзгеріп, формасы сан құбылуымен байланысты. Құқық қорғау саласының мамандары алаяқ­тықтың түрлерін – лотереялық, жарнамалық, купондық, романтикалық, сондай-ақ фишингтік электрондық пошта, банктік несие немесе несиелік карта, жалған антивирустық бағдарламалық жасақтама бойынша жіктеп, бөледі

Екі минут өтпей телефон тағы шырылдады. Ер кісі екен. Аты-жөнін айтты. «Халық банктің» қауіпсіздік қызметінде жауапты қызмет атқаратынын білдіріп:

«Мүмкіндік болса, «Халық банктің» мобильді қосымшасына кіре аласыз ба? Онда онлайн-кредит дегенге кіресіз. Сосын «получить» дегенді басасыз» деді ол.

Мен: «Не үшін? Маған несие қажет емес» демеймін бе?!

– Банк қызметкерлерінің арасында алаяқ­тықпен айналысатындар бар, соларды ұстау керек. Бұл – өте құпия операция. Тез арада банктегі интернет-алаяқты анықтамасақ, сіздің атыңыздан 2 ми­ллион­ теңге кредит рәсімдеуі мүмкін. Сізде уақыт жоқ, – деп алқымымнан ала түсті.

Араға тағы бір минут салып үшіншісі хабарласып, дөрекі сөз айта бастады. Сөйтіп, алаяқтықтың құрығы екенін сездірді. Біресе қорқытып, біресе мақтап сан құбыла түсті. Сол арада жұмыс істейтін ғимараттың 2-этажындағы «Халық банктің» филиалына келіп үлгердім.

Менеджерге мән-жайды түсіндірсем, алаяқтардың әрекетіне адамдар жиі алданатынын айтып, бас­тысы, ешқандай мәлімет бермеуге кеңес берді.

Шынында, үсті-үстіне бірнеше адам қоңырау шалып, интернет көзінен алған тұлғалық мәліметтерді айтып, асықтырып жатса, оңай жерден олжа тапқандай кредит рәсімдеп, өзгелерге жем болып жатқан қаншама отандас бар».

Интернет-алаяқтық кең таралып, формасы мен форматы сан құбылып, қаншама адамды құрығына түсірді десеңші?! Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаментінен сұрап, жиі орын алатын интернет-алаяқтық туралы білдік.

Біріншісі – банк мамандарының қоңырау шалуы. Қазіргі уақытта өте жиі кездесіп жүрген жағдайдың бірі. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардан банк картасы жайлы толық ақпаратты сұрап алады. Олар қоңырау шалу барысында сіздің картаңыздағы ақшаны басқа біреу иемденгелі жатқанын айтып, тезірек мәлімет беруді сұрайды.

Екіншісі – онлайн-дүкен. Түрлі күдікті сайтта арзан бағадағы тауарларға жарнама жүреді. Оған сенген желі қолданушылары тауарға тапсырыс беріп, ақша аударады. Уақыт өте келе жеке шоттан тауарға ғана емес, қосымша ақша ұрланғанын байқауға болады. Дүкен қызметкерлері болса тауардың жолда екенін айтып, тапсырыс берген жандарды сендіреді.

Үшіншісі – сыйлық ұтып алғанын айтады. Алаяқтар қоңырау шалып, азаматтарға бағалы сыйлық иегері атанғанын айтады. Ал сол сыйлықты жеткізу үшін азғантай ақы сұрайды. Сенім білдіргендер жеке мәліметін айтып қана қоймай, сыйлықты жеткізу үшін қосымша ақша да аударады.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда интернет-алаяқтықтың саны 6 жылда 21 есеге өсті. Соңғы екі жылды салыстырсақ, 2020 жылы 14 мың интернет-алаяқтық анықталса, 2021 жылы 21 мыңға жетті. 2022 жылдың қаңтар-тамыз айында 11 мыңнан аса интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Астана қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленованың сөзінше, жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа байланысты 3484 арыз түсті. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 3306-ны құраған-ды. Демек, жыл өткен сайын интернеттегі алаяқтық саны артып келеді.

– Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған түрі – сауда-саттықта. Әсіресе Instagram, Facebook, WhatsApp арқылы алаяқтық жиі орын алады. Қылмыс­керлер тұтынушының сеніміне кіруден бөлек, онлайн-сауданың қыр-сырын мықты меңгергенін айту керек, – дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы.

Соңғы жылдары алаяқ­тықтың кең етек жаюы оның форматы өзгеріп, формасы сан құбылуымен байланысты. Құқық қорғау саласының мамандары алаяқтықтың түрлерін – лотереялық, жарнамалық, купондық, романтикалық, сондай-ақ фишингтік электрондық пошта, банктік несие немесе несиелік карта, жалған антивирустық бағдарламалық жасақтама бойынша жіктеп, бөледі.

P.S: Интернет-алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шарасы: дербес деректі, пластик картаның мәліметін, кодты және құпия сөзді ешкімге хабарламау.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button