Елорда тынысы

Құндылыққа негізделген жоба



Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейде құндылыққа негізделген білім беру жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстыру және тәжірибе бөлісуге бағытталған «Құндылыққа толы мектебім!» атты семинар ұйымдастырылды.

Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған мазмұнды да мағыналы іс-шараға елордадағы орта білім беру мектептерінің директорлары, тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілер шақырылды. Мектеп ұжымы семинар қонақтарын мектеп алаңында құрылған әдемі киіз үйде қарсы алып, олардың назарына оқушылардың қолөнер туындылары ұсынылды.

Семинарды ашқан №8 мектеп-лицей­дің директоры Гүлнұр Айтимова мектептегі құндылыққа негізделген білім беру жобасының қалай жүзеге асырылып жатқанын, оның оқушыларға беретін өнегесі, сондай-ақ мұғалімдердің қолданып жүрген жаңашыл идеялары жайында баяндап берді. Оқу орнында жүргізілген еркін сауалнаманың нәтижесінде оқушылардың құндылықтарға деген көзқарасы зерделеніп, оқушы, мұғалім және ата-ана арасындағы байланысты нығайтудың жолдары айқындалған. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда мектептің өміріне ата-аналардың белсенді араласуы артқан.

Жоба жайында мектеп директоры Гүлнұр Айтимова мектептегі оқушы тек қана белгілі пәннің шеңберінде қалып қоймай, сол пәннің бағыт-бағдарына қарай адамгершілік, рухани құндылықтарды да бойына сіңіруі қажет деген пайымын айтады. Осы орайда мектеп қабырғасында жүргізілетін іс-шаралардың бәрінде жалпы құндылықтарға маңыз берілетіні байқалады.

Семинар барысында білім беру мекемелерінің басшылары №8 мектеп-лицейдің жас мұғалімдері өткізген шеберлік сабақтарына қатысты. Бұл ретте дебат, STEAM, Қазақстан тарихы, физика, математика, химия, жаратылыстану, көркемсурет, асық ату ойыны сабақтары ұйымдастырылды. Оқу орнындағы «Жасыл мектептің» меңгерушісі Маржан Мұратбекқызы өткізген сабақта оқушылардың табиғатты аялауға құштарлығы, еңбекке қызығушылығы аңғарылды. QTalks сабағында оқушылардың ой-өрісінің жан-жақты екеніне көз жеткіздік.

Семинарға қатысушыларға мектеп оқушылары сахналаған театрландырылған қойылымдар да ұнады. Ең бастысы, мектеп-лицейде білім берудің құндылықтарға негізделіп өткізілетіні байқалады. Яғни білім мен рухани тәрбиенің ұштасып, өскелең ұрпақтың толыққанды дамуына жол ашылған. Мұндай жобаны барлық мектептерде пайдалана білсе, әрине, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button