Құқық

Қылмыс қашан азаяды?

Елімізде алкогольге тәуелділікке, темекі шегуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын алдын алуға бағытталған іс-шаралар үздіксіз жүргізілгенімен, қоғамда қылмыс атаулы азаймақ түгілі, адам шошырлық деңгейге жетті.

Елордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздің дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы осы мәселелерге арнайы тоқталып, олқылықтарды атады.

«Жастардың арасындағы жантүршігерлік жағдайлар мен отбасындағы зорлық-зомбылық жиілеп, күн тәртібіндегі мәселеге айналып барады. Бұған жауапты орындар қызметін жөнді атқарып жатқан жоқ» деген ­Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау қажеттігін айтты.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр.

Тіпті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек» деді Мемлекет басшысы.

Қоғамдық орындарда тәртіп қандай?

Елорданың қоғамдық  орындардағы құқық бұзушылық көбеймесе, азая қойған жоқ. Бүгінгі таңда астанада «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жобасы бойынша 13 мыңнан астам камера орнатылғаны белгілі. Оның ішінде 10 мыңы қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Бұл камералардың деректері қаладағы көшелерде болып жатқан жағдайды полиция қызметкерлері бақылайтын Ахуалдық орталыққа беріледі.

2023 жылғы қаңтар айында алкогольді ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 440-бабына сәйкес 924 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылдың осыған ұқсас кезеңінде елордада 1 мыңнан астам мас азамат анықталған. Сондай-ақ қоғамдық орындарда темекінің барлық түрін шегуге заңмен тыйым салынғаны белгілі. Алайда бұл қоғамдық тәртіпке бағынғысы келмейтіндер де бар. Жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін ағымдағы жылдың қаңтар айында 184, өткен жылы 186 адам жауапқа тартылды.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қайтсе тосқауыл қойылады?

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес, дүние жүзіндегі есірткіге ең құмар адамдар Америка Құрама Штаттарында тұратын көрінеді. Бұл мемлекеттің 28,6 миллион адамы есірткіге тәуелді. Америка Құрама Штаттарында нашаның дозасын артық қабылдағанның кесірінен жылына 200 мың адам өледі екен. Қайтыс болғандардың жасы жиырма үшке де жетпейді.

Біздің елімізде есірткіге тәуелді 23,5 мың адам тіркеуде тұр. Қоғамдық ұйымдар есірткінің құрығына түскендердің саны жүз жиырма мыңнан асып жығылатынын алға тартып отыр. Соңғы жылдары нашаға тәуелді адамдардың үлесі 35%-ға азайыпты. Бірақ бұл дерек те көңіл көншітпейді. Себебі есірткімен айналысып, оның түр-түрін сатып, жасап жатқан адамдар туралы ақпараттар күн сайын шығады. Күн сайын әр өңірде бірнеше топ құрықталып жатады. Және олардың айналысатын нашаларының өзі әртүрлі. Бірі шөп күйінде сатса, бірі дәрі, бірі порошок түрінде тасымалдайды.

2022 жылы елордалық полицейлер 232 қылмыстық іс қозғады, оның 171-і есірткі сатумен айналысатын адамдарға қатысты. Заңсыз айналымнан 257 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Қазіргі уақытта синтетикалық есірткілер мен олардың аналогтарының таралу қаупі бар. 2022 жылдың 12 айында елорда аумағында «есірткінің синтетикалық түрлерімен» байланысты есірткі құқық бұзушылықтың 244 фактісі анықталды. 4 нарколабораторияның қызметі тоқтатылды.

2023 жылдың басынан бастап ПД бөліністері 16 қылмыстық іс қозғады, оның 13-і есірткі сатумен айналысатын адамдарға қатысты. Заңсыз айналымнан 6 кг. 377 гр. «амфетамин», «ЛСД», «экстази» сияқты есірткі түрлері, сондай-ақ олардың аналогтары тәркіленді.

Қаңтар айында елорда аумағында «есірткінің синтетикалық түрлерімен» байланысты құқық бұзушылықтардың  30 фактісі анықталды.

Ағымдағы жылдың басынан бастап ҚР ҚК 299-1-бабына сәйкес есірткі заттарын заңсыз жарнамалау фактісі бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды. 16 сайт мекенжайы бұғаттауға жіберілді. Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен заңсыз жұмыс істеудің 88 фактісі анықталды (ҚР ҚК 296-бабы).

Полиция қызметкерлері әкім­дікпен, басқа органдармен және Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылдың басынан бері 26 профилактикалық іс-шара өткізді. Оның ішінде 2 акция, 5 семинар, 7 дәріс, 1 «дөңгелек үстел», басқа да спорттық іс-шаралар өткізілген.

Қауіпсіз ел тұжырымдамасы – ұлт болып ұйысудың, мемлекет болып қалыптасудың негізі екені белгілі. «Қауіпсіз елдің» қағидасы осындай. Құзырлы органдар тарапынан қылмыстардың алдын алу іс-шаралары оң нәтиже берген жағдайда еліміздің астанасында қоғамдық тәртіп орнайтыны анық. Заң тетіктерімен қалада қауіпсіз іс-шараларын көбейтіп, деңгейін жоғарылату маңызды. Қауіпсіз қаланың тіршілігі тұрғындарға сонда ғана тыныштық сыйламақ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button