#Жаңа Қазақстан

Әйелдердің қоғамдағы рөлі талқыланды



«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында қоғамда гендерлік саясатты іске асыруға белсенді араласып жүрген қоғамдық құрылым ­жетекшілері бас қосып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­Жолдауында көтерілген басым бағыттарды талқылады.

Дөңгелек үстелдің маңызын қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов былай түсіндірді: «Биылғы Жолдауда өте ауқымды мәселелер көтерілді. Енді стратегия­лық құжаттың басым бағыттарын талдап, талқылап, насихаттау міндеті тұр. Бұған азаматтық қоғам бей-жай қарамауы тиіс. Өйткені селқос қарау­дың артында шешілуі тиіс көптеген маңызды әлеуметтік аспектілер қалып кетуі мүмкін. Бір ғана дәйек келтіре кетсем, қоғамда отбасы институтын қолдау, оның ішінде бала күтіміне байланысты демалыс уақытын өзгерту жиі көтерілген еді. Жолдауда дәл осы мәселе көрініс тапты».

Расында, Жолдауда қоғамда қызу талқыланып жүрген түйдек-түйдек мәселелер көтерілді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлем­ақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатын болды. Бұл бала­ның дүниетанымы дамитын ең маңызды кезде анасының қамқорлығын сезінуге әсер етеді.

Астана қаласы іскер әйелдер қауым­дастығының төрағасы Сәния Ырсалиева­ның сөзінше, Мемлекет басшысы Жолдауында Жаңа Қазақстанның негізгі бағдарды айқындап, экономикалық саясатта жаңа көзқарас қажет екенін, инвестициялық және мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заңның салтанат құруын талап етті.

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Айгүл Мүкей:

– Еуропаның солтүстігіндегі елдерде әйелдің саясатқа араласуы жоғары деңгейде. Мәселен, Парламентте әйел­дің үлес салмағы айтарлықтай көп. Швецияда – 47 пайыз, Финляндияда – 41 пайыз, Дания­да – 38 пайыз, Норвегияда 36 пайызды құрайды. Яғни әйел мен ер адамның теңдігіне мән береді. Скандинавия елдерінде бала күтімі мерзімі 1,5 жасқа дейін. Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол­дауында бала күтімі үшін төлемақыны 1,5 жасқа дейін көрсетуі сол себепті. 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың шотына аударылады деген бастамасы да отбасылық институтты қолдап, жасөспірімдердің келешегіне салған инвестиция деп қабылдадық.

Білім беру, денсаулық сақтау саласының алдына тың міндеттер қойып, адами капиталдың сапасын арттыруды басымдық етті. Мұның бәрі – елдің дамуы үшін маңызды бағыт, – деді.

Қазақстан әйелдері күш­тері альянсы төрағасының орынбасары Баян Тойкебаева отбасылық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық (бірлестіктердің) кеңестің жұмысын жандандыру, әйел­дерге қосымша білім беріп қана қоймай, заманауи дағдыларды меңгеруіне, шешім шығарушылық қа­сиетін шыңдауға көңіл бөлудің маңызына тоқталды.

Қоғамдық сананы трансформация­лап, әйелдердің белсенділігін елдің дамуына пайдалану – маңызды іс. Дөңгелек үстелден сондай ой түйдік.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button