Басты ақпаратМәдениет

Әртістер әулеті

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Биыл 25 жыл толатын еліміздің бас ордасы, Астана қаласы мәдениетімен де асқақ. Ерке Есілдің жағасына елорда орнағалы бас қалада көптеген сәулеті жарасқан мәдени ошақтар бой көтерді. Соның бірі де, бірегейі – Астаналық цирк. 2005 жылдың желтоқсанында, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында есігін айқара ашқан цирктің негізін белгілі иллюзионист, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Балтабек Жұмағұлов қалады. Сол уақытта елордаға жан-жақтан тәжірибелі әртістер шақырылды. Бұл қатарда Орманбетовтер әулетінің алатын орны ерек.

Жануарлармен жұмыс істеген Қырғызстанның халық әртісі Салморбек Орман­бетов, оның жары Мүгүл Қалиасқарқызы, ұлы Шыңғыс Астаналық цирктің бастауында тұр. Осы күндері Салморбек бұл дүниеде жоқ, жары Мүгүл еңбегінің зейнетін көріп жатыр. Ал Шыңғыс пен келіндері Әйгерім ата-ананың жолын жалғап, күні бүгінге дейін Астаналық циркте жемісті еңбек етіп жатыр.

Қырық жастың қырқасына шыққан Шыңғыс циркте өсті. Ең алғаш рет манежге әкесімен бірге үш жасында шықты. Ал он бір жасынан бастап жеке нөмірмен өнер көрсете бастады. Әкесі оған бірнеше ешкі сатып әперіп, арнайы нөмір әзірледі. Цирк әртісі мамандығын өмірім деп бағалаған Шыңғыс кейіннен Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі мен Б.Бейшен­алиев атындағы өнер академиясын бітірді. Аңдарды, жануарларды үйретуші бола жүріп, кейіннен каскадерлікті меңгерді. Ат үстінде неше түрлі трюктерді орындайтын. Осы өнерінің арқасында талай әңгіме болған «Көшпенділер» фильміне шақырылды.

«Номад» каскадерлер тобының құрамында осы кинотуындының түсіріліміне қатысты. Онда Шыңғыс фильмде жоңғар батыры Шарышты сомдаған әлемге әйгілі әртіс Марк Дакаскастың дублері болды. Бірақ цирктен кеткен жоқ, бала кезінен өзіне ыстық жануарлармен жұмыс істей берді.

– Әкемнің «Фауна» аталатын аттракционында елу бастан астам жануарлар мен аңдар болды. Соның ішінде түйелер, яктер, аюлар, жылқылар, ешкілер, қойлар, иттер, егеуқұйрықтарды үйретті. Әкем анам екеуі осы аттракционмен талай елді аралады. Мен соның бәрін бала кезімнен көріп, жануарларды кішкентайымнан жақсы көріп кеттім. Сондықтан жануарлармен жұмыс істемесем, өміріме бірдеңе жетіспейтіндей көрінеді, – дейді Шыңғыс.

Шыңғыс пен Әйгерімді осы цирк өнері таныстырып, табыстырды. Әйгерім циркте көгершіндермен билейтін қыз бала керек болғанда шақырылды. Бұдан бұрын ол би студиясында жұмыс істеген еді. Цирк өнері баурап, осы жолға түбегейлі бет бұрды. Осында жүріп Шыңғыспен танысып, екеуінің әңгімесі жарасты. Кейіннен өнерде ғана емес, өмірде бір шаңырақтың астында бас қосты. Шыңғыс Әйгерімге аңдар мен жануарлармен жұмыс істеуді үйретті. Арада перзент дүниеге келді.

– Қызымыз Самира да біз сияқты жануарларды, әсіресе жылқыларды жақсы көреді. Өз басым оның да болашақта цирк әртісі болуын қалар едім, – дейді Әйгерім.

Шыңғыс пен Әйгерімнің анасы Мүгүл Қалиасқарқызы шет тілдер институтын «Француз тілі» мамандығы бойынша бітірді. Бірақ жары Салморбектің етегінен ұстап, өмірін циркпен байланыстырды. Бүгіндері – зейнет демалысында. Астаналық цирк оны ардагер ретінде туған күндерінде, басқа да мерекелерде ардақтап тұрады.

Ал Әйгерім Тілегенова қазір Астаналық цирк әртісі ғана емес, режиссер болып та еңбек етеді. Осы мамандықты ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен оқып алды.

Елорда мәдениетіне сіңірген еңбектері ескеріліп, әртістер әулетіне жеті жыл бұрын Астана әкімдігі пәтер берді. Шыңғыс пен Әйгерім көп уақытты гастрольдерде өткізеді. Осыған дейін Қытай, басқа да елдерді аралады. Бұл әулет өнерде табыссыз емес. Шыңғыс – Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Екеуі көптеген халықаралық және республикалық фестивальдер мен байқауларда топ жарды. Соның бірі – «Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық фестивалі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button