Басты ақпаратДенсаулық

Шетел медицинасы несімен ерекше?

Біріміз оқуға, біріміз жұмыс бабымен, біріміз қыдырып шетел асып жүрген қазіргі уақытта ол жақтағы денсаулық сақтау жүйесі жайлы да құлағдар болғанымыз дұрыс секілді. Соны ескеріп, біз Ұлыбританияда, АҚШ-та және Канадада тұратын қандастарымызбен тілдесіп, ондағы медицинаның хал-ахуалы туралы сұраған едік.

Ұлыбритания: дәрі ішуге кеңес бермейді

Ағайна Қожағалиева Англиядағы Шеффилд университетінде оқиды. «Біздер, яғни, студенттер үшін дәрігердің қабылдауына жазылу аса үлкен қиындық туғызбайды. Қазақстанда оқығанымда, студенттерге арналған емхананың табалдырығын бірнеше күн жүріп тоздырушы едім. Мұнда мәселең бірден шешіледі. Қабылдауға жазылып кеткен соң, егер ауруың жаныңа батып тұрса – сол күні, басқа жағдайда ертесіне дәрігерге кіресің. Нақты уақыты, кабинеттің нөмірі және сені қабылдайтын медициналық қызметкердің аты-жөні туралы хабарлама ұялы телефоныңа алдын ала келеді. Дәрігер емес, медициналық қызметкер деп айтуымның себебі бар. Көп жағдайда әуелі сені медбике тексереді. Дерт шынымен қауіпті болса ғана әлгі медбике пациентті дәрігерге жібереді. Медбикенің өзі де ем-дом жазып беруге құқылы» дейді ол.
Ағайнаның айтуынша, бір қызығы, жазып беретін ем-домның арасынан антибиотик дәріні табу қиын. «Кісінің ауруы тым асқынған болмаса, медбикелер де, дәрігерлер де үйіп-төгіп дәрі жазып бермейді. «Иммунитетің өзі жеңіп шығуы тиіс» деп арқаңнаң қағып шығарып салады. Дәрі сұрап қоймай бара жатсаң ғана, ара-тұра парацетамол мен ибупрофенді ішуге кеңес беруі мүмкін. Олар – мұндағы халық үшін әмбебап дәрілер және олар кәдімгі супермаркеттерде сатыла береді. Бастапқыда оларды менсінбей, күші қатты антибиотиктерді жазып бермегені үшін өкпелеп жүретінбіз» деп күледі ол.
Айтпақшы, Ағайна Ұлыбританияда тіс емдеудің өте қымбат екенін де жасырмады. Медициналық сақтандыру бойынша көрсетілетін тегін қызметтер қатарына ол кірмейтіндіктен, жерлесіміз бір жолы тісін өз қаржысына емдеткен. Ауыз қуысын жансыз­дандыру, тістің каналын тазалау, оны арнайы қоспамен толтыру сияқты үдерістердің әрқайсысы үшін бөлек-бөлек төлем алынып, жерлесіміз бас-аяғы бұл біздің теңгемен 348 фунт стерлинге шығындалған. Сондықтан Біріккен Корольдікке ұзақ уақытқа аттанғалы жатқан кісілердің, ең әуелі, тіске қатысты проблемаларын толықтай шешіп барғаны абзал.

АҚШ: сәбиді перзентханада сүндеттеуге болады

Жадыра Үйсінова есімді астаналық келіншек екінші сәбиін АҚШ-та дүниеге әкелгендіктен, ол жақтың медицинасы жайлы біраз нәрседен хабардар. «Біз Пенсильвания штатының Филадельфия қаласында тұрдық. Жүктілігімді сезген бойда емханаға тарттым. Одан бұрын телефон арқылы қабылдауға жазылу керектігін де ұмытпау керек. Мұнда әр келген сайын сені әртүрлі дәрігер не медбике қабылдайды. Өздерінің түсіндіруінше, бұл әдіс пациенттің денсаулығына қатысты қандай да бір кінәратты біреуі байқамаған жағдайда екіншісі байқауына мүмкіндік береді. Тағы бір таңғалғаным, ағылшыншаңыз нашар немесе мүлде сөйлей алмайтын болсаңыз, қабылдау барысында сізге тегін аудармашы ұсынады.
Шамамен 28 аптадан соң, перзентхана ішінде өтетін экскурсия­ға жазылуыңызға болады. Онда сізді босану бөлмесімен таныстырып, алдағы маңызды оқиғаға психологиялық тұрғыда әзірлейді. Толғақ бастала салысымен, перзентханаға келе жатқаныңыз жайлы ескертіп, өз көлігіңізбен немесе таксимен жолға шыға берсеңіз болады. Өйткені жедел жәрдем шақыру қызметі ақылы әрі оны сіздегі медициналық сақтандыру өтемейді. Қазақстандағы әдет бойынша босанар кезде киетін киім-кешегімді пакетке салып, алдын ала дайындап қойған едім. Бірақ оның еш қажеті болмады. Халат пен сүйретпелі аяқ киімнен бастап баланың киім-кешегіне дейінгі керек-жарақты түгелдей өздері береді.
Аман-есен босанып болған соң, сізді бөпеңізбен бірге басқа палатаға ауыстырып, қуаттанып алуыңыз үшін ас-суыңызды әкеледі. Тамақтың мәзірін өзіңіз таңдайсыз. Жеміс-жидек қалайсыз ба, торт жегіңіз келе ме, бәрі де әлгі тізімнен табылады. Бұған қоса туыстарыңыз әкелген тамақтың барлығы палатаңыздағы тоңазытқышта сақталады. Жалпы, әр палатада бір-бір пациенттен болғандықтан, мұнда сіздің жақындарыңыз күндізгі 11-ден кешкі 8-ге дейін емін-еркін келіп кете алады. Егер дүниеге ұл әкелсеңіз, өз қалауыңыз бойынша, оны перзентханада-ақ сүндеттеп береді. Үйге шығар алдында сізге құны 300 долларлық электрлі сүтсорғыш жинағын сыйлайды, сонымен қатар педиатрдің қабылдауына жазылуға көмектеседі. Қысқасы, жүкті әйелдің өмірі мұнда біршама жеңілдетілген» дейді Жадыра.

Канада: «жедел жәрдем» үшін 300 доллар төлеуіңіз мүмкін

Канаданың Торонто қаласында тұратын қандасымыз Айбархан Ешниязов ондағы медицина жүйе­сінің жай-күйін былайша баяндады: «Мұндағы тегін медициналық қызмет тек қана резиденттерге, яғни, сол елдің азаматтары мен осында жұмыс визасы бойынша жүрген кісілерге ғана көрсетіледі. Бұл тізімге кірмейтін адамдар медициналық сақтандыру құжатын жасатады.
Жалпы, канадалық медицинада айыппұлдар түрі өте көп. Мысалы, «жедел жәрдем» шақырып алып, ондағы мамандар сіздің өз аяғыңызбен ауруханаға жетуге қауқарлы екеніңізді анықтаса, бұл қылығыңыз үшін бірнеше күннен кейін поштаңызға айыппұл түбіртегін жібереді. Айыппұлдың көлемі провинцияларға байланыс­ты әртүрлі: Квебекте шамамен 150 доллардың көлеміндей болса, Онтариода 300 долларға жетеғабыл. Сондай-ақ отбасылық дәрігердің қабылдауына жазылып, кездесуге қандай да бір себеппен келе алмай қалсаңыз және соны дәрігерге ескертіп үлгермесеңіз, бұл үшін де едәуір мөлшерде айыппұл төлеуге дайын болыңыз.
Тіс емдету Канадада өте қымбат. Сондықтан сырттан келуші көп кісілер лицензиясы жоқ дантистерге барады. Әдетте ондай дантистер де – көбінесе басқа елдің азаматтары. Былайғы стоматологтарда тіс емдеткеніңіз үшін 100-150 доллардай төлесеңіз, жаңағыдай «жасырын» дантистер бұл қызметіне 30-50 доллар алады. Бірақ сапа жағынан екеуінің айыр­машылығы жоқ.
Бір қуантатыны, студенттердің сақтандыру құжатында тістің де, көздің де емдеу ақысына қатыс­ты ыңғайлы жағдайлар қарастырылған. Студент жылына бір рет бағасы 300 доллардан аспайтын көзілдірік немесе линзаны тегін ала алады. Сондай-ақ стоматологиялық тексеріс пен тіс тазалау қызметі де ақысыз. Ал тіс емдеткіңіз келсе, 30 бен 70 пайыз аралығында жеңілдік беріледі. Студент болудың бір жақсы жері осы» дейді Айбархан.

Медицина мамандары қалай даярланады?

Медицина мамандығын шетелде оқудың ерекшеліктеріне де тоқтала кеткен жөн шығар. Бұл тұрғыда біз дүние жүзіндегі университеттер туралы мейлінше толық ақпарат ұсынатын topuniversities.com сайтына жүгіндік. Ондағы мәлімет бойынша, АҚШ пен Канададағы жоғары оқу орындарының медицина мамандығына түскісі келетін талапкерлерде міндетті түрде бакалавр дәрежесі болуы керек. Яғни, мектеп бітіре сала медицина факультетіне түсу мүмкін емес. Мұнымен қоса медицина мектептері барлық талапкерлерге оқуға түспес бұрын биология, жалпы химия және органикалық химия курстарын алуды міндеттейді. Егер АҚШ-тағы жоғары оқу орнына тапсырғалы жатсаңыз, жоғарыдағылардан бөлек, халықаралық Medical College Admission Test сынағынан сүрінбей өтуіңіз қажет. Оқуға түскен соң, төрт жылдан кейін остеопатиялық медицина докторы (D.O.) немесе медицина докторы (D.M.) дәрежесіне ие боласыз. Лицензиясы бар дәрігер атануыңыз үшін United Stated Medical Licensing Examination (USMLE) атты үш бөліктен тұратын сынақ тапсыруыңыз тиіс. Бұдан соң, сізден өз салаңызға байланысты үш пен жеті жыл аралығында резидентуралық бағдарламаны тәмамдау талап етіледі.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button