КҮНДЕРIМНIҢ КУӘСI
(Жарияланбаған жазбалар)
(басы)
29.XI.2007
Шыңғысхан туралы әңгiме көп. Артыс-тартыс та жеткiлiктi. Қазақтың ежелден келе жатқан әдетi емес пе, Шыңғысханды қазақ едi деп алып, қазақ болғанда соның iшiнде жалайыры, жоқ керей едi дейтiн әңгiмелер де өрттей қаулап тұр.
Ол кезде қазақ жоқ едi. Моңғол халқы да, мемлекетi де жоқ едi. Моңғол – ыдыраған түрк тайпаларының орнында пайда болған мемлекет. Сондықтан, Шыңғысханның (Темучиннiң) түрiк тектес тайпалардан екендiгiнде еш күмән жоқ. Өзi – қият тайпасынан, шешесi Ұлын да, әйелi Бөрте де қоңырат елiнен. Бұл – әлемге әйгiлi ақиқаттар.
Жалпы түрiк-моңғол мұрасының Ресейге ықпалы туралы да айтыла бермейдi. Әсiресе, Алтын Орданың орыс мемлекеттiгiнiң қалыптасуына, дамуына ықпалы туралы мандырымды ештеңе айтыла бермейтiнi өкiнiштi. Ресей (Русь) түптеп келгенде, Алтын Орданың теңдес бiр бөлiгi, яғни Моңғол империясының автономиялық статусы бар бiр бөлiгi едi.
Моңғолияның Русьтi басып алғанын ешкiм терiстей алмайды. Сондықтан да Моңғолияда қалыптасқан мемлекеттiк басқару жүйесi, алым-салық – бәрi де сәйкес едi. Бiрақ хан әкiмшiлiгi орыс жерiн тiкелей басқарған жоқ және олар ұлыс жүйесiне кiрген жоқ едi. Сол кездегi Орыстың саяси жүйесiнде, экономикасында Алтын Ордадан алғандары көп болды. Орыстар моңғолдардың билiгiн мойындаған. Орыс тарихын бүлдiрген (быт-шыт қылған) екi оқиға: Моңғол шапқыншылығы және Қазан төңкерiсi. Алтын Орда құлағаннан кейiн ғана Москва мемлекетi қалыптасып, дами бастады. Десе де, ол ХIII ғасырда Шыңғыс ханның немерелерi жаулап алып қалыптастырған дәстүрде үлкен империяға айналды. Оның да құрамында Моңғол тәрiздi әртүрлi ұлыстар, ұлттар болған едi. Сөйтiп, Моңғол империясы сол кездiң өзiнде-ақ бiз бүгiн айта бастаған жаһандану дейтiннiң хабаршысы едi.
Моңғол империясының 800 жылдығына орай әлем Шыңғысханның жеке басына қайтадан мән бере бастады. Осы датаға байланысты бiлiп жазғандардың да, бiлмей жазғандардың да есепсiз еңбектерi жарық көруде. Ресей тарихшылары Николай Крадин мен Татьяна Скрынникованың «Теорема Чингисхана. Опыт средневековой цивилизации» деген кiтабында бiр басында қым-қиғаш қайшылық тұнып тұрған Шыңғысханның тарихи тұлғасы туралы тың ойлар, жаңа көзқарас бар тәрiздi. Шыңғысхан туралы әдiл айтылған. Мақтамайды да, даттамайды да, тұлғаның келбетi шындыққа сәйкес жазылған. Орта ғасырдағы Еуропа, араб, парсы тарихшылары Шыңғысханды жабайы, қанқұйлы жаулаушы, өркениеттi талқандаушы ретiнде көрсеткенi белгiлi. Әлгi авторлардың кiтабында Шыңғысхан дарынды тұлға ретiнде көрiнедi. Шыңғысханның қатыгез табиғатында адамға тән кiсiлiк сезiмдер де жеткiлiктi едi. Достарының қасынан кеткенiне, жақын серiктерiнiң ажалына қабырғасы қайысқаны, күңiренiп қайғырғаны тарихтан белгiлi. Алғашқы әйелi Бөртеге деген сезiмi, адалдығы да кiсiнi таң қалдырғандай. Шыңғысхан бiр ғана әйелдiң бетiне қарап қалмаған адам, оның бес жүздей әйелдерi, көңiлдестерi болған.
Шыңғысхан өз адамдарына ешқашан опасыздық жасамаған, опасыздарды кешiрмеген. Олар қатесiн мойындап, алдына келiп бас исе, кешiре де бiлген. Достықты қадiрлей бiлген, оны өмiр бойы ардақтаған. Оның қандай да қиындықты жеңе бiлгенiне өзiнiң төзiмдiлiгi мен сол шексiз дархандығы себеп болған едi. Шыңғысханды ұлы қолбасшы қылған да – осы қасиеттер. Ол жаугершiлiктен түскен олжаны бөлiсуге де жомарт едi. Осы қасиетi Шыңғысханның төңiрегiне топтасатындардың көбеюiне де себепшi болды. Ақырында мұның өзi Шыңғысханның ұлы империя құруына жәрдем еттi.
Шыңғысхан – сол кездiң өзiнде-ақ конструктивизм теориясын жетiк меңгерген қайраткер. Мұның мағынасы: этностар, этникалық топтар әуелi конструкт, идея ретiнде қалыптасады да, соның негiзiнде халық пайда болады. Ал көптеген халықтар саяси жобаның нәтижесiнде қалыптасты, яғни қалыптастырды. Шыңғысханға дейiн моңғолдар болған жоқ. Ол бiр этникалық кеңiстiкте көршiлес, қатар тiршiлiк еткен тайпаларды тұтас халық етiп құрастырды. Олардың бәрi де күнi кеше ғана Түрiк қағанатын құраған, қағанат құлаған соң ыдыраған тайпалар, рулар едi.
Адамзат өмiрiнiң қаншалықты нәзiк екенiн, адам баласының оны өз қолымен қирататынын Моңғол империясының тарихынан айқын көруге болады. Мемлекеттiң, кез келген халықтың түбiне алауыздық, бақталастық жетедi. Солай болған, солай бола да бередi.
30.XI.2007
Концерт залында Сағат Әшiмбаевтың жаңадан шыққан екi томдығы мен «Азаматтыққа адалдық» дейтiн кiтаптарының тұсауын кесу рәсiмiн өткiздiк. Сағаттың жары Шәрбану Бейсенованың да «Мизам шуақ» дейтiн кiтабы аталмай қалған жоқ.
Кеште: Әбiш Кекiлбаев, Әкiм Тарази, Рымғали Нұрғалиев, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов, Алдан Смайыл, Нұрғожа Ораз, Жұмагүл Саухат, Шәрбану Бейсеновалар сөйледi. Ақын Несiпбек Айтұлы өлең арнады. Сөз арасында ән айтылып, күй тартылды. Кештi мен жүргiзiп отырдым. Кеш соңында байтақ дастархан жайылды. Онда Кәкiмбек Салықов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдiмбек, Қойшығара Салғараұлы, Кеңес Юсупов, Әлiбек Асқаров, Алтыншаш Жағановалар сөз сөйледi, тiлек айтты.
01.XII.2007
Халықаралық түркология конференциясының екiншi күнгi мәжiлiсi ҚР Президенттiк мәдениет орталығында өттi. Конференция жұмысына Мәдениет министрi Е.Ертiсбаев қатысып, сөз сөйледi. Венгриядан, Түркиядан, Ресейден, Қырғызстаннан келген ғалымдар ойларын ортаға салды.
Конференцияның шешiмiмен Халықаралық Түрк iлiмi академиясы құрылды. Президенттiгiне мен сайландым.
02.XII.2007
«Қазақстан» ұлттық арансынан Нұртiлеу Иманғашұлының «Дiңгек» хабарының менiмен жүргiзген сұхбаты берiлдi.
Жұртқа ұнаған тәрiздi. Телефон соғушылар көп болды.
04.XII.2007
Жақында Мадридте ОБСЕ-нiң құрамындағы 56 мемлекет 2010 жылдың төрағалығына Қазақстанды бекiттi. Бұл елеулi оқиға едi, мұны Президент саясатының салтанаты десе де болады. «Айқын» газетi осы жөнiнде менiмен сұхбаттасты, онысы газеттiң бүгiнгi санында жарияланды.
05.XII.2007
Бiздiң Орталықта өткiзiлетiн сақтар конференциясының және Абылай ханның қамқа тонын ұлықтаудың әзiрлiгiмен айналыстық. Атқаратын жұмыс көп, дайындықты күшейту тапсырылды.
06.XII.2007
«Абылай ханның қамқа тоны және Байдалы би» дейтiн кiтап «Күлтегiн» баспасынан шықты. Тиражы түгел Орталыққа жеттi.
Республикада патриоттық тәрбие беру жөнiндегi комиссияның мәжiлiсi өттi. Сол баяғы пәтуасыз қу сөз.
07-12.XII.2007
Осы уақытқа дейiн тарихи мұраны әспеттеп, ұлықтап жатқан ешкiмдi көргенiм жоқ. Бұл-дағы баяғы бiздiң тарихқа деген қырсыздығымыздан ғой деп ойлаймын. Атадан қалған мұраға, асыл мүлiкке деген құнт бiзде, өкiнiшке қарай, әлi қалыптаспай келедi. Өткенге көзқарасты өзгертсек, сөйтiп асыл құндылықтарымызды ардақтай бiлудi үйренсек деп, Абылайдың алтын зерлi қамқа тонын ұлықтауды биiк деңгейде өткiзуге талпындық. Несiпбек екеумiз «Абылай аманаты» қойылымының сценарийiн жаздық. Абылайдың шапанын iлетiн Алматыдан әдейi тұғыр жасаттырып алдырдым. Сахнаны оқиғаға сай безендiрдiк. Бұхар жыраудың ролiн атқаруға Сәбит Оразбаевты, Абылайды атқаруға Саятты шақырдық. Шақыру билетiн әдемi етiп жасаттық. Президенттен өзгесiнiң бәрiмен хабарласып, Тәуелсiздiгiмiздiң мерекесi қарсаңындағы осы маңызды жиынға шақырдым. Бәрi де уәдесiн бердi, бiрақ солардың көбi келе алмады. Бiрi қырсыздыққа, немқұрайдылыққа салды, бiразының қолы тимедi, кiмге өкпелейсiң. Жеке той емес едi, елдiктiң көрiнiсi едi, келмеген кiсiнiң қайсысын кiнәлайсың. Байқауымша, бiздiң билiкте жүргендердiң көбiнiң көкейiнде елдiк, ата тарихы емес, жеке басының мүддесi басымдау ма деймiн. Бiр-бiрiне жылтыр сөйлейтiн, бiрiнiң қабағын бiрi аңдитындар көбейiп барады әйтеуiр.
Шапанды ұлықтауға әзiрлiк жаман болған жоқ. Елге тегiн тарататын «Абылай ханның қамқа тоны және Байдалы би» деген кiтап әзiр болды, ас бергелi екi ту бие сойдық, өзге де әзiрлiк жасадық.
Қысқасы, бүкiл ұжым болып, қызылтанауланып ала шапқынға түстiк.
13.XII.2007
Шапанды жарқыратып ұлықтадық. Ел көп жиналды. Перде ашылып, сахна төрiнде жарқырап шапан көрiнгенде жұрт орнынан тұрып кеттi. Мен, Хамзе Сәтжанов, Ермұхамет Ертiсбаев сөз сөйледiк, Аманжол жыр төктi.
Байтақ дастархан жайылды, кiтапты тараттық.
(Жалғасы бар).