Жаңалықтар

Абат қала – Астана



Астанада абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына аса назар аударылады. 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында Астана қаласының қалалық және аудандық әкімдіктерінің ұйымдастыруымен экологиялық айлық өтті.

Экологиялық айлықтың аясында 23 сәуірде жалпықалалық сенбілік жұмыстары өткізілді. Тазарту жұмыстарына барлық ведомство, бизнес өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысып, өздерінің аумақтарын, ғимараттың төңірегін тазартып, ретке келтірді. Жұмыстың көп бөлігін қаладағы коммуналды қызмет атқарды.
Сенбілік – жұртшылықтың өз еріктерімен еңбек ету күні. Бұл күні барша астаналықтар қаланың тазалығы үшін қолына күрек, кетпен ұстап, жұмыс істейді. Сенбілік тек қана біздің мемлекетте ғана емес, өзге елдерде де дәстүрге айналған. Мысалы, бұрынғы кеңес елдерінен басқа, АҚШ, Германия, Польшада айына бір рет сенбілік өткізіледі.
Сенбілік – тазалық айлығы ғана емес, бір-бірімен емін-еркін тілдесу, ой-пікір бөлісу алаңы.
Астана қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары экологиялық айлық кезінде ластанған орындарды, заңсыз үйінділерді анықтаумен бірге, контейнер аумағының тазалығына мониторинг жүргізеді.
Бүгінгі күні өзекті мәселе Промышленный, Пригородный тұрғын алаптары мен «Газмашаппаратура», Қорғалжын тас жолы аумағының тазалығы болып тұр. Бұл жерлер қанша тазаланса да белгілі бір уақыттан кейін қайтадан қоқыстар үйіліп қалады. Оның басты себебі – саяжай иелері айналаның тазалығына немқұрайлы қарап, қоқыстарын сыртқа шығарып тастауынан. Көбінесе қала маңында, жол бойында, су тоғандары жағасында, саяжай аумақтарында қоқыстар тасталады.
Қаламыздың мақтанышы Есіл өзені екені белгілі. Өкінішке қарай, оның жағасында да ластанған орындар, заңсыз тұрмыстық және құрылыс қоқыстар үйінділері анықталды.
Тиісті ұйымдар қаланы қоқыстан тұрақты түрде тазалайды.Алайда қала тұрғындары мен қонақтарына, құрылыс объектілерінің басшыларына белгіленбеген жерлерге қоқыс тастап, аумақты ластамауды ескертеміз.
Ата-аналар балаларын кішкентайынан бастап мәдениетке, тәртіп пен жақсы әдеттерге баулығаны жөн.
Әрбір тұрғын Астананың таза және әдемі болуына атсалысуы керек.

Т.СТОЛПНИК,
Астана қаласы тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаментінің
бас маманы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button