#Жаңа Қазақстан

Адами құндылықтар дәріптелген құрылтай



Күні кеше Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың ұлтымыздың бойындағы асыл қасиеттерді дамытып, рухани кемелденген қоғам құрудағы маңызы зор болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзі көптің көкейіне ерекше ой салды. Қоғамды алға сүйрейтін емес, бойымыздағы кері тартатын көптеген олқы мінез, жаман әдеттер мен ұлттық болмысымызға қарама-қайшы келетін кемшіліктерді тізіп, солардан арылудың амалын ойлауды ұсынды. Осы тұрғыда мен өзіме ой салған 4 мәселеге ерекше тоқталғым келеді.

Біріншіден, «Адал азамат» қағидаты бойынша Президент «Әділетті Қазақстанды» адал азаматтар құратынын айтты. Адал азаматтың бо­йында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, кәсібилік, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер болуы керек екенін жеткізді. Расымен де, қай салада болмасын адалдық бірінші орында тұрса, әділ қоғам орнайтыны даусыз. Сонда ғана жемқорлыққа жол берілмей, ел мүддесіне қайшы шешімдер шығарылмайды. Әсіресе мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгерту керек дегенде де сол адалдықты меңзеді. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің бойындағы адалдық пен жауапкершілік, әділдік қасиеттері елдің мемлекетке деген сенімін арттыруға септік етеді. Алайда күн сайын өмірімізде біз керісінше жағдайларға тап болып жүрміз. Кішкентай болса да лауазымын малданып, халыққа дұрыс қызмет көрсетуден қашатын қызметкерлердің болуы қоғамдағы енжарлықты үдетеді. Өз ісінің білгірі болып қана қоймай, гуманизм белгілері де бойынан табылған мамандар қашанда елдің көшін алға бастайды. Адалдық пен жемқорлық – бір-біріне кереғар ұғым. Демек, азаматтар адал елде қоғам дерті – жемқорлықтың тамырына балта шабылары сөзсіз.

Екіншіден, құрылтайда Президент жас ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға ерекше назар аударды. Балалар арасында жалпы­адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы дұрыс мәселе көтерді. Ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуге шақырды. Әрине, бұл бүгінгі интернет дәуірінде оңай шаруа емес.

«Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз» деді Президент.

Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынас­тың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын бас­ты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз айқын, баршаға түсінікті

Жастар арасында ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел – нашақорлық туралы да айта келе, есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатқанына алаңдады. Есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабу керегін ескертті. Жастардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп отырған химия­лық есірткілердің нарықта кең ауқымда сатылуы да алаңдатарлық мәселе. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатқанда, тәрбие мен тәртіпті күшейту қажет. Мұндай жолға көбіне қадағалауы аз, әке-шешесі дұрыс сөйлеспейтін, сөйтіп нашар ортаға тап болатын, бос уақытын тиімді пайдаланбайтын балалар тез түседі. Сондықтан бала тәрбиесінде алдымен оларды дүниеге әкелген ата-анасының, екінші мектептің жауапкершілігі зор болуы керек. Үйден ата-анасы баласының саналы болып өсуіне мән берсе, мектепте ұстаздар баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіруі керек. Осыған орай, Президент балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне қоғам болып мән беруге шақырды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қоғамда жиі көтерілетін тақырыптың бірі – мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталды. Осы ретте қазақ тілін дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізді. Алайда бүгінде қазақ тілінің аясын кеңейтуге кедергі келтіріп отырған жайт аз емес. Соның бірі – ата-аналардың өз балаларымен өзге тілде сөйлесуі. Тіпті баласын балабақшада қазақ тобына берсе де, перзентімен ана тілінде сөйлеспейтін ата-ана көп. Күнделікті өмірде осындай жайттарға куә болып жүрмін. Мен де әкемін, балаларымды қазақ тобына бердім, сол кезде ата-ананың өзі, әсіресе аналар, ұл-қыздарымен орысша сөйлесетінін көремін. Бұл, әрине, өте өкінішті жағдай.

Бала туғаннан өз тілінде сөйлеп, қазақша ойлана алмаса, ертең өзге ұлттың сойылын соғып, басқаның қамын жейтінін көп ата-ана білмейтін секілді. Тіпті кейбірі білуге де құмартпайды. Дегенмен Президент қазақ тілінің қолдану аясы біртіндеп кеңейіп жатқанын тілге тиек ете келе, бүгінде қазақ тілі креативті индустрияның тіліне айналғанын да айтты.

«Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз айқын, баршаға түсінікті» деді ол.

Мемлекет басшысы тоқталған адал адам қағидаты отбасын сақтауда да аса қажет. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің бірі – отбасы ажырасуының белең алуы. Ажырасу жағынан Қазақстан әлемде 9-орында тұр екен. Оған, әрине, көптеген жайт, атап айтқанда, материалдық жағдай, отбасындағы зорлық-зомбылық, өзара түсінбестік себеп болады. Бұдан бөлек, адалдық қасиеттің жоғы да көп жағдайда отбасын бұзуға әкеліп жатады. Бір-біріне сенім білдіре алмау, бірінің сөзін бірі тыңдамай, жарын өзгелермен салыстыру да мемлекет ішіндегі шағын мемлекет – отбасының беріктігіне нұқсан келтіреді. Осы орайда Президент айтқан Отанға, отбасына деген адалдық аса қажет. Бұл – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Жарға деген адалдық, отбасына деген мейірім, балаларының алдындағы жауапкершілік – осының бәрі ел ертеңі жастардың да тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Адал адам арлы болып келеді, ал арлы адам отбасында балалары мен жарына зорлық-зомбылық көрсетпесі анық.

Жалпы биылғы құрылтайдың сипаты мен мазмұны бұрынғыдан өзгеше, ауқымды болды. Еліміздің стратегиялық дамуына қатысты да өзекті мәселелер қозғалды. Ең бас­тысы, мұның бәрі – Әділетті Қазақстан құруға бастайтын қадамдар. Қазақстанның әрбір азаматы отаншылдық және елге жанашырлық қасиетін нақты іспен көрсетіп, адал азамат болуға ұмтылса, тәуелсіз Қазақстанның дамыған елдермен барлық жағынан терезесі тең болып, өркендеу жолында кедергісіз дами түсері сөзсіз.

Сақтаған СӘДУАҚАСОВ,

Amanat партиясы Астана қалалық филиалының

атқарушы хатшысы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button