Мәдениет

Адамзат тарихындағы алып мемлекет

Елордада «Алтын орда. Тарих пен тағылым» атты халықаралық дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Басқосуда тарихшылар мен сарапшылар Алтын орда тарихының ақтаңдақ беттерін, әскери өнер тақырыбы, сондай-ақ Қазақ хандығының шығу тегі мен Жошы ұлысынан еншісін алған елдердің өзара қарым-қатынас ерекшеліктері туралы ой қозғады.
Жиын тізгінін ұстаған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, тарихшы Радик Темірғалиев қазақ хандары өздерін ешқашан жаңа мемлекеттің билеушісі санамаған. Олардың бәрі байырғы бабалары секілді Жошы ұлысының билеушілері еді деген пікірін айтты.
Сондай-ақ сарапшылар осы тарихи кезеңнің қазіргі еліміздегі және ресейлік қоғамның санасындағы маңызына тоқталып, қалыптасқан қасаң пікірлер мен қайшылықтарды және сол дәуірге халықтың көзқарасы қалай өзгергенін сөз етті.
Мәселен, Татарстаннан келген тарих ғылымдарының докторы Дамир Исхаков баяндамасында Алтын Орда Еуропаны астықпен қамтып, сол дəуірдегі үлкен мемлекеттер Юань империясы жəне Парсы елімен қарым-қатынаста болғаны жайлы тың деректер келтірді
«Алтын Орда – түркілер империясы. Оның мəдениеті мен тарихы – бəрімізге ортақ. Өйткені Алтын Орда дəуірі – түркілердің жұлдызды сəті. Мұндай алып империяны басқалар құра алған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл Ұлыс – көшпелі шаруашылық пен отырықшылықты қатар үйлестірген классикалық қоғам» деді. Сонымен қатар Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған Алтын орда заманында пошта қызметі жақсы жұмыс істегенін жеткізді.
– Бір шеті – Қара теңізден Байқалға дейін, екінші шеті Қытайға дейін созылған алып мемлекет, өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде саясаттың құрбанына айналды. 1944 жылы Сталин бастаған көсемдер Алтын орданы зерттеуді тоқтату туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулының зардабын қазақтар тартты. Соғыс аяқталғаннан кейін халқымыздың мықты тарихшылары –Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов қуғындалып, сотталды. Осы тосқауыл әлі күнге дейін алынған жоқ. Өйткені Алтын орда туралы жазылған еңбектер мен түсірген көркем фильмдер де сол дәуірдің адамдарын көзі сығырайған, басынан малақайы түспеген етіп көрсетеді. Шындығында олай емес. Шын мәнінде, Алтын орданың құрамында болған түркі халықтарынан бөлек, орыс княздары бөлініп, мемлекет құрды. Украина да солай. Ең қызығы, Молдованы құрған Дмитрий Кантемир Алтын орданың ханзадасы еді. Сондай-ақ экономикалық, саяси, әскери, дипломатиялық жүйе сол кезде қалыптасты, – деді ғалым.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button