Мәдениет

«Ай бала» – жас таланттар театры

Елордадағы Оқушылар сарайының «Ай бала» театрының жас таланттары көрнекті жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» қойылымын көпшілікке ұсынды.

Бұл драмада қаралы жылдардағы балалар өмірі бейнеленді. Қойылым кейіпкерлері – бақытты балалығын соғыс жалмаған жүдеу жүрек, жас өскіндер. Олар сол бір ауыр жылдарда тылдың тірегі болып, бұғанасы қатпастан аналарымен бірге қап арқалап, майдан үшін маңдай терін төкті.
Спектакльде мектеп оқушылары мен соғыстан көзден айырылып қайтқан әпербақан бригадир жә­не Саратовтан жер аударылған мұғалім неміс әйелі Эмма арасындағы қайшылықтар қиын кезеңнің тауқыметін көз алдыңызға келтіреді. Сұрапыл соғыс жалмаған әкесі мен ауыр қайғыдан бас көтере алмаған дімкәс анасынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан жасөспірім Бақыт бейнесін Дарын Жандосұлы сәтті сомдады. Пьесадағы Эмма бойындағы мұғалім-­анаға тән адамгершілік, сезімталдық, кешірімпаздық қасиетін ба­рынша шынайы көрсете білген Айза Әбубәкірованың болашағынан көп үміт күтуге болады. Басқа да жет­кіншектер өз кейіпкерлерінің психо­логиялық ішкі дүниесін көрер­менге өз дәрежесінде жеткізе білді.
Қойылым соңында сөз алған дра­матург Сәкен Жүнісовтің туған қарындасы Роза Нұрмаққызының естелігі жас көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Отан соғысында үш бірдей ағасынан айырылған, осы кейіпкерлермен тағдырлас, ауылдас Сәкен ағасы жайлы үлкен тебіреніспен әңгімелеген Роза апай: Бақыт, Қасым, Балташтардың прототиптері әлі де өмірде бар екендерін айтты. Ал басты кейіпкердің бірі – орыс тілі маманы Эмма Тауридтен өзі де білім алыпты.

Базаркүл Ахмет,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button