Қала тіршілігі

АЙТУЛЫ КҮН АТАЛДЫ



Жыл сайын 15 наурызда барлық әлем жұртшылығы дүниежүзілік тұтынушылардың  құқықтарын қорғау күнін атап өтеді. Астанадағы  «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы осы айтулы күнге арнап маңызды жиын өткізді.

Тарихқа шегініс жасайық. Атаулы күнді 1961 жылы БҰҰ ұйымы бекітіп, бірақ алғаш рет 1983 жылы атап өткен. Содан бері әлемде осы күнге байланысты түрлі шараларды өткізу дәстүрге айналған. Одан біздің еліміз де тысқары қалып көрген емес. Өйткені бәріміз де тұтынушымыз. Сондықтан, оның маңызы салмақтылау.

Елордадағы «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы жиырма үш жылдан бері жемісті жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында оған бас қаланың әрбір екінші отбасы көмекке жүгінген. Онда қарапайым жеке адамның өтінішінен бастап, қалалық деңгейдегі өзекті мәселелерге дейін қарастырылған. Нәтижесі де олқы емес.

–Біз үшін бүгінгі атаулы күннің мәні зор. Тұрғындар алдында жыл бойы атқарған жұмысымызды бір сараптап аламыз. Біздің қоғам құрылғаннан бері жүз мыңнан аса адамның құқығын қорғадық. Жылдан жылға тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер де азайды. Мәселен, 2014 жылы 4000 арыз түссе, өткен жылы 2000 ғана шағым жазылған. Демек, тұтынушылар да өз құқықтарын талап етуді үйренді деген сөз. Сондықтан, барлықтарыңызды осы айтулы күнмен құттық­таймын, – деді «Әділет» тұты­нушылар құқығын қорғау төрағасы Қабыкен Закарьянов.

Жиын соңында осы саланы дамытуға қомақты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға арнайы алғыс хат тапсырылды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button