Жаңалықтар

Жолдар жедел жөнделе ме?

Қысы ұзақ қаланың тіршілігінде қар еріп, күн жылына бастағанда тағы бір түйткіл бой көтереді. Алты ай қар мен мұздың құрсауында жатқан тас жолдар  Арқаның қатал та­биғатына шыдамай мүжіліп, ой-шұқыры  көбейе бас­тайды.  Биыл да солай. Бірақ,  қалалық әкімдік қызметкерлері «Жолдарды жөндеуге қаражат жеткілікті мөлшерде бөлінген. Көшелер тез арада жөнделеді» деп отыр. 

_MG_2541

Көңіліңді көншіт­пейтін кө­шелер көп

Астананың жолдары жөндел­мейді емес, жөнделеді. Бірақ, жұмыс сапасы талапқа сай болып шыға бермейді. Шоқан Уәлиханов көшесіндегі ойдым-ойдым шұңқырлар, Мұх­тар Әуезов көшесіндегі жарықтар мен қырық құрақ жамаулар, Орынбор көшесінің бас шағындағы төмпешіктер осының дәлелі. Қаланың оң жағалауы, яғни ескі шаһардағы жолдардың көпшілігінің сапасы төмендеп кеткені сондай, ағымдағы жөндеумен жамап-жасқау енді абырой бермейтін сияқты. Мұндай жөндеулер жолды қотыраш-қотыраш қылып, онсыз да оңып тұрмаған сиқын одан сайын бұзып тұр. Ол жолдарға күрделі жөндеу жүргізбесе өңі кірмейтіні айдан анық. Мұндай жерлер Шәкірім Құдайбердіұлы, Кенжебек Күмісбеков, Мұхтар Әуезов көшелерінде аз емес. А.Пушкин көшесінде орналасқан «Целинный» тағамдар фабрикасының қарсы алдындағы ойдым-ойдым жолдар көлік жүргізушілерін ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жүйкесін жұқартып біткен.

Ол шұңқырлар сәл күн жылынса суға толып, қатынасты қиындатып жібереді. Бұл аймақтың жолы жөндеушілер назарына жылда неліктен ілікпей қалатынын түсіну қиын.

Қаланың шеткері аймақ­тарындағы жолдар да жүйкенің мықтылығын қажет етеді. Бұл көшелерден сізді алып жүрген жүргізушінің әлдекімнің «адресіне» бағытталған сөз­дерді бір боратып жібермеуі мүмкін емес. Ал Лесная Поляна, Қосшы ауылдарына баратын жолды көлік дөңгелегінің ортасынан келетін су басып жатқалы біраз болды. Жылда көктемнің алғашқы күндерінде осындай көрініс жиі қайталанып отыруы – үйреншікті жағдайға айналғандай.

Бозторғайдың шырылын кім тыңдайды?

Қалалық №18 орта мектептің артқы жағындағы Домбыралы, Степан Разин, Жамбыл сияқты қысқа көшелерімен жүрсеңіз, өзіңізді Астанада емес, өркениет жетпей, елдің соңында қалған әлдебір елді­мекенде адасып қалғандай күй кешесіз. Жалпы осы аудан­дағы қай көшені алсаңыз да, адам шошитын жерлер көп-ақ. Жолдарынан өте алмай бір қиналсаңыз, айналасындағы сиқы қашқан үйлер, оның жанындағы төмпешіктер мен ойпаңдар күл-қоқысымен екі шошытады. Әсіресе, Степан Разин көшесіндегі шұңқырлар кішкентай балалар түсіп кетсе, жоғалатындай тереңдікте. Мұндай шұңқырлар және біреу емес, көшенің тұла бойы шұң­қыр десек, ешкім оны жоққа шығара алмас еді.

Елордадағы «Жерұйық» саябағынан жеті қадам жер­дегі Бозторғай көшесінің жыры бұдан жеті-сегіз жыл бұрын қозғалғанымен, бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді. Бұл көшенің ұзындығы бар болғаны 700 метр екен. Бірақ, жөндеу жыры жеті жылдан асып кеткен.

«Бұл көшені жөндеу жұмыс­тарын қаржыландыру келесі жылы қаралады. Биылғы жобада қарастырылмаған» деген жауапты Алматы аудандық әкімдігі жыл сайын жібереді. Бозторғай көшесінің жыл сайын жоспарға кірмей қалуы – мамандар тарапынан жіберілген өрескел қателік деп есептейміз. Қып-қысқа көшені жөндеу мәселесі неге осынша жылға созылып барады? Қаржы бөлінсе, жол жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде жүргізу мердігер компанияға қиынға түспес еді. Өткен жылғы ұжымдық хатымызға Алматы аудандық әкімдігі Бозторғай көшесіне 2016 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген болатын. Ендігі уайымымыз біздің көшені жөндеу биылғы жобаға енбей қалып жүрмесе екен» дейді Бозторғай көшесінің тұрғыны Г.Жанабаева Астана әкімдігінің сайтындағы «Халықтық бақы­лауға» жазған хатында.

Тұрғын үй кешендеріне кіру – мұң

Астананың көшелеріндегі жолдарды айттық. Ал тұрғын үй кешендері ауласындағы жолдар қандай күйде? «Бір апам, бір апамнан да өткен сорақы» демекші, елордадағы кейбір тұрғын үй кешендерінің ауласына көктем, күз айларында кіру – үлкен қиямет-қайым. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетейік. Ахмет Бай­тұрсынов көшесінің бойында орналасқан «Сказочный мир» тұрғын үй кешенінің маңына қазір барсаңыз, аяғыңызды мың батпан балшықтан алып жүре алмайтыныңызға біз кепіл. Осыған іргелес бой көтерген «Жанұя» тұрғын үй кешеніне қоныстанушылар да көктем шыға балшыққа батып жатқандары. Әсіресе, сол маңайда орналасқан №72 орта мектебіне қатынайтын оқушыларға бұл өте қиын тиіп жатыр. Бұл тұрғын үй кешен­деріне қатынайтын жолдар ас­фальтталғанымен, оның жанынан жүргінші жолдардың біраз бөлігіне асфальт төселмеген. Сондай-ақ, тұрғын үй кешендері ауласында шұңқыр мен ойығы көп жолдар да тұрғындарға қатынасты қиындатып тұр.

Биыл қай көшенің жолдары жөнделеді?

Астанадағы жолдардың ахуалын жіпке тізіп шыққанннан кейін Автомобиль жолдары басқармасына хабарласып, биылғы жол жөндеу жоспарымен таныстыруын өтінген едік. Обалы нешік, аталмыш басқарма біздің бұл өтінішімізді лезде орындап, биыл жөнделетін жолдардың тізімін, биылғы атқарылатын жұмыстың жоспарын наза­рымызға ұсынды.

Сонымен, басқарманың мә­ліметіне қарағанда, 2016 жы­лы 15,8 шақырым жол жаңа­дан салынбақшы. Екі шақы­рымға жуық жол қайтадан жаңар­ты­лады. Ал 8,16 шақырымға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Кіші айналма жолдар аясында М.Жұмабаев көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі №14 көшені және Қорғалжын тас жолынан Н.Тілендиев даңғылына дейінгі Ш.Бейсекова көшесін абаттандыру жұмыстары жал­ғастырылады екен. Сондай-ақ, Ш. Бейсекова көшесінен Тұран даңғылы көшесіне де­йінгі Сарайшық көшесін салу жалғастырылмақ. Ш.Бейсекова көшесінде 5-енгізілімнің жылу желісін салу бойынша жұ­мыстарды бастау биылға жос­парланып отырса керек.

Биыл ЭКСПО-2017 көр­месіне дайындық жылы екені белгілі. Осы айтулы көрмеге дайындық аясында жаңадан жеті көше салу жоспарланған. Оның біріншісі №26 көшеден №27 көшеге дейінгі Сауран көшесі болса, екіншісі Мирзоян көшесінен жаңа темір жол вокзалына дейінгі №41 және №42 көшелер. Қалған жаңа жолдар құрылысы №41 көшеден Ш.Қалдаяқов көшесіне дейінгі А82, А62 көшелерінде жүреді. Баянтау көшесінде 4-енгізілімдегі жылу желісі салынбақ.

Қаланың автомобиль жол­дарының қызметін қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша биыл Б.Момышұлы даңғы­лы­нан А.Байтұрсынов көшесіне дейінгі Тәуелсіздік бойында, Керей мен Жәнібек хандары көшесінен Хусейн бен Талалға дейінгі Орынбор көшесінде, Ә.Бөкейхан, А.Бараев көшесінде, Сарыарқа даңғылынан К.Күмісбековке дейінгі Бөгенбай батыр даңғы­лында орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізілмекші. «Рамстор» СҮ ауданындағы көпір де орташа жөндеуден өтеді. Бұған қоса, Қабанбай батыр даңғылы, Тәуелсіздіктен Таха Хусейнге дейінгі Тәше­нов көшесі, Қ.Сәтпаевтан Қ.Мұнайтпасовқа дейінгі аумақтағы Петров көшелері де орташа жөндеуден өтеді. Бұл жоспарға қосымша инженерлік желілер құрылысы бойынша да арнайы жұмыс жобасы жасалған.

Жалпы, басқарманың биылғы жұмыс жоспары ауқымды. Алдын ала жасалған жоспар сәтімен жүзеге асырылса, елорданың сиқын кетірген жолдар қалыпқа келіп қалар деп үміттенеміз.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button