Жаңалықтар

Әкім мен мэрдің кездесуі



8da2abf577112fdb4ab6c954426

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков елордаға болашақ «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарымен танысуға және Астана күніне арналған мерекелік шараларға қатысуға келген Милан қаласының мэрі Джулиано
Пизапиамен кездесті деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

– Бұл күндері Астананың он жеті жылдығын атап өтудеміз. Ол республикамыздың бірлігінің, тәуелсіздігінің және жасампаз энергияның символына айналды, – деді елорда әкімі. Сондай-ақ, ол қонаққа Астананың құрылысы, оның дамуы мен жетістіктері туралы айтып берді.
– Осы күндері Астанаға Қазақ­стан­ның барлық аймақтарынан және шетелдерден көптеген меймандар келуде. Солардың қатарында біз Италиядан келген достарымыздың көбірек болғанын қалаймыз және оларды қуана қарсы аламыз – дей келіп, Ә.Жақсыбеков Астана мен Милан арасындағы екі жақты ынтымақтастықты дамытуға, бірінші кезекте «ЭКСПО Милан-2015» және «ЭКСПО Астана-2017» көрмелерін өткізуге дайындық кезінде тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
– Біз бұдан кейін де Миланда өтіп жатқан «ЭКСПО-2015» көрмесіне дайындық пен оны ұйымдастыру әдістерін белсенді зерттеуді жос­парлап отырмыз. Осы мақсатта ұйым­дастыру жұмыстарының әр­түрлі аспектілері бойынша бірнеше жұмыс делегацияларын жібермекпіз. Өз кезегінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне дейін де, одан кейін де барлық италиялықтарды Қазақстанға, Астанаға шақырамыз, – деді әкім.
Ә.Жақсыбековтің айтуынша, Астана Миланның дамуымен және қаланың тұрақты жоспарлануымен, инновацияларды енгізу және «smart» қалалар тұжырымдамасын жүзеге асыру салаларындағы тәжірибесімен танысуға мүдделі. Сондықтан, бірігіп жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау үшін Астана өзара түсіністік меморандумын қабылдау туралы Италияның бастамасын қолдайды.
– Бұл құжат ұзақ мерзімді же­місті ынтымақтастығымыздың іргетасын нығайта түседі, – деп атап өтті Ә.Жақсыбеков.
Милан қаласының мэрі Джулиано Пизапиа екі елдің байланысын одан әрі дамыту мақсатында Астана мен Милан арасында ті­келей әуе байланысын орнатуды ұсынды.
Мэр Пизапиа елорда әкімін келесі жылдың 15-16 қазанында өтетін азық-түлік саласындағы Қалалық саясат пактісінің («Urban Food Policy Pact») та­ныс­тырылымына арналған мэр­лер саммитіне қатысуға шақырды.
Милан мэрі Астанаға сапары аясында «ЭКСПО-2017» көрмесі алаңының жобасымен танысты. Құрметті қонақ көрме өтетін басты кешен мен маңызды нысандардың құрылысын аралап көрді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button