Басты ақпарат

Елорда күні

ERA_9963

4 шілде күні Астана күніне арналған мерекелік шаралар ресми түрде басталып, соның айшықты көрінісі ретінде Есілдің қос жағалауы тоғысатын тұста еліміздің Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жылдағы дәстүрдегідей, рәсім кезінде Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды.

Елорда тойының лебі қашан да ерекше. Әсіресе, астаналықтар үшін. Ресми шара өтетін «Атамекен» – Қазақстан картасы» этноме­мо­риалдық кешенінің маңайында халық көп. Қаз-қатар сап түзеген сарбаздар да шараның маңыздылығын айғақтай түскен.
Алаңға Президент Нұрсұлтан Назарбаев
келгеннен кейін Мемле­кеттік ту біртіндеп көкке қарай көтеріле бастады. Стелланың ұшар тұсы – 111 метр биіктікке жеткенде көк туымыз тұғырына қонды. Осы сәтте Мем­лекет­тік әнұран шырқалып сала берді.
Жұртшылықты мерекесімен құттықтаған Елбасы көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалған сайын әрбір қазақстандық еліне деген ерек сезімге бөленетінін жеткізді.
– Бұл – бәріміздің ортақ табы­сымызға, тәуел­сіз елдің батыл қада­мына деген мақтаныш. Бүгінде бүкіл әлем үшін бұл байрақ – табысты мемлекеттің және біздің ұлттық бір­лігіміздің символы. Қазақстанның туында алтын күн бейнеленген, сол күн мен мәңгілік аспан астында ұлан-байтақ даламыз көсіліп жатыр. Таяуда осы байрақ дүниежүзілік «ЭКСПО-2017» көрмесінің ажарын ашатын болады. Ту көтеру арқылы алдағы Олимпиада ойындары мен өзге де спорт жарыстарында еліміздің әлі талай жеңістері әспеттелетініне сенімдімін. Байрақ мемлекеттігімізді сақтау, оны нығайту ке­ректігін күн сайын есімізге салып тұрады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осынау айтулы рәсімге себеп болып отырған Астана күні – жалпы ұлттық маңызды мереке. Себебі, Астана – Отанымыздың жүрегі, азаттығымыздың айбыны. Мемлекет басшысы елорданың әрбір жетістігінде барша азаматтың ортақ әрі шабытты еңбегінің жемісі жатқанын атап өтті.
– Астананы салуға республи­ка­мыз­дың түкпір-­түкпірінен келеді. Сондықтан, Астана күні – әр отба­сының, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жақын мереке. Бұл қалада уақыттың қан тамыры екі есе жиі соғады. Елорда көркі жыл сайын өзгеріп келеді. Бүгінде қала алдында елімізді жаңа биіктерге бас­тайтын зор мақ­саттар тұр. Соның бас­тысы –
«ЭКСПО – 2017» көрмесі. Бұл жаһандық
шара астана­­лық­тардың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көте­­ріп, еліміздің жетіс­тіктерін еселей түседі. Осы тамаша мерекені атап өте отырып, біз халқымыздың еңбекқорлығы мен табан­дылығын, күш-қуатын дәріптейміз, – деді Елбасы.
Бұдан кейін салтанатты рәсім еліміздегі жоғары әскери оқу орын­дарының түлектеріне офицерлік шен тапсыруға ұласып, Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтын, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтын, Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің Әскери институтын үздік бітіруші
12 түлек Президенттің қолынан погон алды.
Салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаев
барша қазақстандықты Астана күнімен құт­тықтап, әрбір шаңыраққа бақ-береке тіледі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

– Еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі Астананың мерекесі – бүкіл қазақстандықтардың мерекесі. Бас қаламыз – тұтас ел дамуына серпін берген, кемел келешеке жол ашқан қастерлі бойтұмарымыз. Шын мәнінде, Еуразия жауһарына айналған Астана елімізді биік белестерге жетелеп тұр.  Жаһан жұртының назары ауған халықаралық шаралардың елорда төрінде өтуі – соның белгісі. Біз тәуелсіздік жылдары жаңа астана салу арқылы халқымыздың жасампаз қуатын дүниежүзіне паш еттік. Ендігі мұратымыз – бірлігі жарасқан Отанымызды мәңгілік ел ету. Бұл үшін әрбір азамат татулық пен тұрақтылықтың қолдаушысы болуы керек.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button